Өркенді өзгеріс – заман талабы
Өркенді өзгеріс – заман талабы
306
оқылды

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының өңірлік филиалдары өкілдерімен кездесті. Кеңеске сондай-ақ Мәжілістегі Nur Otan фракциясының депутаттары, мәслихаттардағы фракция басшылары мен хатшылар қатысты. 

Іс-шара барысында Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және өңірлердегі партия филиалдарының жекелеген өкілдері баяндама жасады. Олардың есептері мен ұсы­ныстарын мұқият тыңдаған Елбасы Nur Otan-ның қалыптасуы мен дамуына төл үлесін қосқан барлық нұротандықтың еңбегін ерекше атап өтті.

– Nur Otan қоғамымыздың бүкіл әралуандығын паш етеді. Біз – барша Қазақстан халқының пар­тия­сымыз. Біз – ел болашағына жауапты нақты іс­тер партиясымыз. Қазақстанның өркендеуіне қа­тысты нық көзқарасымыз бар. Нақты стратегия және жұмыс жоспарлары бекітілді. Қажетті ресурс­тар қарастырылған, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Партия Төрағасы сонымен қатар Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев айналасында қо­ғам­ның топтасуы және ел Президенті белгілеген мін­деттерді жүзеге асыру бағытында шара қабыл­даудың маңызына тоқталды.

Бұған қоса ол тәуелсіздік жылдары еліміз қол жет­кізген жетістіктерге назар аударта келе, респуб­ли­камыздың барлық табысы партиямен және бар­лық нұротандықтың күнделікті жұмысымен өзара тығыз байланысты екенін баса айтты.

– Кейінгі жылдары Қазақстанның ЖІӨ-сі 11 мил­лиард доллардан 170,5 миллиард долларға дейін өсті. Егер 90-жылдардың басында халық­тың үштен бірінен астамы кедейшілік құрсауында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмен­де­ді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-ды құрады. Бұл жерде осыған дейін елімізде жекеменшік болмағанын ұмытпағанымыз абзал. Біз ел экономикасына 300 миллиард доллардай ті­келей шетелдік инвестиция тарттық. Осы жыл­дарда Қазақстанның транзиттік әлеуетін елеулі түрде нығайта алдық, – деді Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент мемлекетіміздің 2050 жыл­ға дейінгі даму Стратегиясының шешуші басым­дықтарын түсіндіру және ілгерілету жұмысын ұйымдастырудың маңызды екеніне екпін түсірді.

Ол экономиканың жекелеген секторларын одан ары дамыту бойынша Үкімет жоспарлары жө­нінде құлағдар етті.

– Үкімет өңірлерді қолдау бағдарламаларын қа­былдады. Олар, әсіресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мә­селелерді шешуге бағдарланған. Мысалы, 2026 жыл­ға дейін ауылдарды гүлдендіруге шамамен 2 трил­лион теңге бөлу қарастырылуда. 3 жыл ішін­де халық­ты таза ауызсумен қамту үшін 560 мил­лиард тең­ге жұмсалады. Бұл істің орындалуын пәр­менді ба­қылаумен қамтамасыз етсек, онда 2023 жыл соңына қарай барлық ауыл сапалы ауызсуға қол жет­кізеді, – деді партия Төрағасы.


Ол сондай-ақ экономикадағы шағын және орта кә­сіпкерліктің үлесін арттыру бойынша жоспар­ла­нып отырған шаралар және «Еңбек» бағдарла­ма­сын іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы әң­гімеледі.

– Алдағы 2 жылда «Еңбек» бағдарламасы ша­ма­мен 1,5 миллион адамды қамтиды. 750 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп көзделген. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер тұрғы­зы­лады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте Елбасы партияның жергілікті жерлер­дегі жұмыс тиімділігін ары қарай арттыру үшін қа­­жет бірқатар басты бағыттарды атады.

– Біз әрбір әкімнің және мәс­лихаттардағы фракция депу­та­т­та­рының партиялық жауап­кер­ші­­лігін түбегейлі күшейтуіміз қа­жет. Бүгінде барлық реформа өңір­лерді дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, тек кейінгі 10 жыл­­да жергілікті бюджеттер 3 есе­­ге жуық ұлғайып, 4,7 трил­лион теңгеге жетті. Бөлініп жат­қан қаржының шығындалуына нақ­­ты партиялық бақылау ор­нат­қан жөн. Бұдан бөлек, барлық мәслихаттың мәртебесін нығай­тып, депутаттар жұмысын одан ары жақсарту шараларын қабыл­да­ған дұрыс, – деді Тұңғыш Пре­зидент.

Nur Otan Төрағасы әрбір өңір, қала және аудан бойынша сай­лауал­ды бағдарламаларын әзір­леу­ді тапсырды.

– Келер жылы аумақтарды да­мытудың бесжылдық бағдар­ла­маларын жүзеге асыру аяқ­та­лады. Жаңа бағдарламаларды қа­былдау жаңа электоралды циклмен тұспа-тұс келіп отыр. Сон­­дықтан осы жаңа бағдар­ла­малар әрбір өңірдегі мәслихат сай­лауында партиямыздың сай­лауалды бағдарламаларының ұстын-негізіне айналуға тиіс. Ал Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағ­дар­ламасын дайындауға келсек, Саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде Премьер-Министр осы жұ­мысты өзі басқаруы және атал­ған бағдарламаны әзірлеуге қа­зірден кірісіп кетуі керек, – де­ді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сапалы партиялық ті­зімдер түзу үшін ашық ішкі­пар­тиялық іріктеуді өткізудің маңы­зын нықтады.

– Әрбір мәслихатқа сай­лауал­ды партиялық тізімдер кем де­генде 30%-ға әйелдерден, 20%-ға 35 жасқа дейінгі жас адам­дар­дан тұруға тиіс. Сондай-ақ бұл ті­­зімдерге халықтың әртүрлі топ­­тарының өкілдері, Отанға орал­­­ған қандастар, ерекше қа­жет­­ті­лігі бар адамдар, кәсіпкерлер жә­­не БАҚ өкілдері кіруі қажет, – ­деді партия Төрағасы.

Ол жергілікті жерлерде пар­тия органдарының жұмысын кү­шейту, ел өңірлеріндегі Nur Otan-ның топтастырушы рөлін арттыру міндетін қойды.


Сөз соңында Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті сайлауалды ке­зеңінде көшбасшы партия жұ­мысын нығайтудың маңызын атап өтті.

– Біз жеңіске жету үшін бар­лық ресурсты шоғырландыруға тиіспіз. 2020 жылғы ақпан айын­да партия съезі өтетін болады. Он­да қайта жандандырудың ал­дын ала қорытындыларын шы­ға­рамыз және болашақ элек­то­ралды міндеттерді егжей-тег­жей талқыға саламыз. Қазір Jas Otan Жастар қанаты мемор­ган­дар­мен бірлесіп, 2025 жылға дейі­нгі «Жас­тар – Отанға» жаңа бағ­дар­ламасын дайындауда. Он­да қа­зіргі заманғы жастардың барлық қа­жеттілігі мен сұранысына қа­жет­ті жауаптар көрініс табады. Сәуір айында жаңа бағдарлама Jas Otan съезінде қарауға енгізілуі тиіс, – деп түйді Елбасы.

Nur Otan Төрағасының Бірін­ші орынбасары Бауыржан Бай­бек жастардың көшбасшы пар­тия­ға сенімі артып келе жатқа­нын жеткізді. Студенттер де қиын жағдайда Jas Otan-ға жү­гінеді.

– Біз олардың мәселесін бірге ше­шіп, жастарды партия жұмы­сына жұмылдырамыз. Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Ал­ма­ты, Шымкент қалаларында ор­талық базарларда NEET са­на­тындағы жастарға тегін кеңес беретін орталықтар ашылды. Үкі­метпен бірлесіп, 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға» бағд­ар­ламасы әзірленуде. Жас өрендер­дің сұраныстары, осы саладағы халықаралық тәжірибе жан-жақ­ты зерттелуде. Бағдарлама жас аза­маттардың маңызды мәсе­ле­рін шешуге бағытталады, – деді Б.Байбек.

Ол келесі жылы мемлекетіміз Ата заң мен Қазақстан халқы Ас­самб­леясының 25 жылдығын атап өтетінін қаперге салды. Тәуел­сіздіктің 30 жылдық мерей­тойына дайындық жұмыстары басталып кеткен.

«Бұл тарихи даталар ел іргесін қалауды неден бастағанымызды, қандай соқпақ жолмен жүріп өт­кені­мізді, нендей қиындықтарды еңсергенімізді қайта бір еске тү­сіруге жақсы бір себеп. Бұл – біз­дің тарихымыз, әрбір қазақ­стандықтың мақтанышы. Осы тағылымды тәжірибені халық ара­сында жүргізілетін жаңа идео­логиялық жұмыстың ірге­та­сы етіп басшылыққа алдық. Бұл бағдар әрбір партия мүшесіне дейін жеткізіледі» деген Nur Otan Төрағасының Бірінші орынба­сары Б.Байбек жиынға қатысу­шы­лар атынан Елбасы тапсырма­сының барлығы толық орын­да­латынына сендірді.

Ол еліміздің жаңа даму ке­зеңінде әрбір нұротандық өзі­не артылған жауапкершілікті те­рең сезініп, жақсы түсінетінін білдірді.

Партияны қайта жандандыру бағ­дарламасына сәйкес, жуырда өңір­лерде партия активтерінің ре­зервін қалыптастыру мақса­тында Nur Otan белсенді мүше­лері арасында іріктеу шарасы өт­кізілген болатын. Мұндай ша­ра осындай форматта елімізде ал­ғаш рет ұйымдастырылды. Өңір­лерде өткен «праймериз» (primaries) туралы партия хат­шы­сы Жігер Қалиев мәлім етті.

– Бұл партияның белсенді мү­шелерін жұмылдыруға, жаңа өңір­лік партиялық лидерлерді анықтауға мүмкіндік берді. Іш­кі­партиялық іріктеу пилоттық ау­дандар мен қалалардың тұр­ғын­дары арасында үлкен қы­зығушылық тудырды. Прай­мериз­дің бір ерекшелігі, барлық сайлаушы арасында ашық үгіт-на­сихат жүргізілді. Жалпы ал­ған­да, шамамен 175 мың адам қам­тыл­­ды. Бірінші рет аудандық дең­гейде жұртшылық алдындағы де­баттар өткізілді. Оның бары­сын­да түйткілді мәселелері және да­му келешегі талқыға салын-ды, – деді Ж.Қалиев.

Халыққа партияның құнды­лық­тары, партиялық қайта жан­дандыру бағдарламасы түсін­діріл­ді. Дауыс беру 200 учаскеде жүр­ген. Бұлардың арасында бас­тауыш партия ұйымдары, пар­­тияның аудандық филиал­дары бар.

Кілең мықтының ішінен ең лайықтысын таңдаудың зама­науи осы тәсілі еліміздің 14 қала­сы мен ауданында іске асырылды. Соның бірі – Ақмола облысының Есіл ауданы.

Nur Otan партиясының Есіл аудан­дық филиалының бірінші орын­басары Анэль Ерденова пар­тиялық кадрлық резервке қа­тыс­ты өткізілген сайлау жайын­да ой-пікірін ортаға сал­ды.

– Біріншіден, жоба барлық пар­тияласымызды және жақтау­шы­ларымызды «Күшті лидер-лер – күшті партия» қалып­тас­тыру міндеті айналасында бірік­тірді. Мәселен, шағын ғана Есіл ауданында бірден 61 адам үміткер ретінде тіркелді! Әрбір екінші кан­дидат – әйел, ал әрбір үшін­шісі – жастар өкілі. Мысалы, ба­рынша көп дауыс жиған үміт­керлердің бірі – бес бала тәр­бие­леп отырған және олардың бола­ша­ғына бейжай қарай алмайтын көп­балалы әке. Іріктеу кезіндегі әйел­дердің рөліне баса назар ау­дарғым келеді. Заманауи қоғамда әйел­дің мәртебесі мен сұранысы өзгергеніне көз жеткіздік. Жаңа құндылықтар мен қажеттіліктер қалыптасуда, олар әйелдердің қо­ғамдағы рөлін өзгертуде. Қа­зіргі уақытта көптеген әйел ал­дына мақсат қояды, өз күштеріне се­німді, – деді ол.

Екіншіден, жоба қоғам тара­пы­нан кең қолдау тауып, құптал­ды. Өйткені праймериз демокра­тия­лық талаптарға сай, ашық әрі әділ өтеді.

«Алда мәслихат сайлауы ел та­рихында алғаш рет пропо­р­цио­налды жүйе бойынша өтпек. Демек партиялық тізімдердің ха­лық танитын және өзіне жақын тар­татын тұлғалардан құралғаны ерек­ше маңызды» дейді А.Ерде­нова.

Өз кезегінде Nur Otan Атырау об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев халықтың сенімі – қыз­мет­тің негізгі көрсеткіші екенін жет­кізді. Оның мәліметінше, өңір­де партияны «қайта жандан­ды­рудың» бағдарламалық баста­малары өз нәтижесін беруде.

Екіншіден, облыс пен аудан­дар арасындағы қарым-қатынас жаңаша жолға қойылуда. Nur Otan өңірде ұдайы әрі көшпелі түрде аудандық филиалдар мен фракциялардың, бастауыш ұйым­­дар жетекшілерінің атқар­ған жұмыстарын тыңдап, олар­дың белсенділігін арттыру бойын­­ша жұмысты қолға алған. Ауыл­­дарда «Бірыңғай партия күн­дері» аясында күнделікті мә­се­лелерді шешуде жергілікті ат­қару­шы органдар мен тұрғын­дар арасындағы байланысты кеңей­туде.

Орталық өңірлерге жаңа қа­бі­леттер игеруді, жаңа әдістермен жұ­мыс істеуді, түрлі жағдайда тиім­ді шешім қабылдау жолда­рын үйретуде.

Нәтижесінде, Атырау өңі­рін­де ауыл-аудан тұрғындарының пар­тияға сенімі артып, жақтаста­ры көбеюде. Өңірде елді дүрлік­тір­ген, резонанстық оқиғалар бойын­ша дереу шара қолданатын жүйе қалыптастырылу үстінде.

Үшіншіден, халықпен жұ­мыс­тың тиімділігін көтеру мақ­са­тында партияның қоғамдық қа­былдауының белсенділігі арт­қан. Енді қоғамдық орындарда көш­пелі, тақырыптық және бас­қа да форматтарда депутаттар мен атқарушы билік басшылары аза­маттардың өтініштерін бетпе-бет отырып, жеке қабылдайды. Ал шалғайдағы ауылдар тұрғын­да­рынан өтінішін WhatsApp, Skype арқылы қабылдап, қарау ен­гізілуде екен.

– Nur Otan алаңы ведомст­воа­ралық сипаттағы өтініштерді ше­шуге пайдаланылуда. Про­курор, сот, басқа да құқық қорғау ор­гандары бірлесе қарап, аза­мат­тар «осы жерде және дәл қазір» қа­ғидатымен жауап алуда. Бұған қоса бастауыш ұйымдардың жұ­мысы жүйеленіп, кішігірім­де­рін ірілендіру басталды. Нәтиже­сін­де, соңғы үмітін біздің партиямен бай­ланыстырған адамдардың мә­селелері шешіліп жатыр, – де­ді Атырау облыстық филиалы тө­ра­ғасының бірінші орын­ба­сары.

Партияны қайта жандандыру бағдарламасы аясында фрак­ция­лардың жұмысын күшейтуге ерек­ше мән берілген. Осы орай­да, Қызылорда облыстық мәс­ли­ха­тындағы Nur Otan депутаттық фрак­циясының жетекшісі Иба­дулла Құттықожаев Елбасы, пар­тия Төрағасы Н.Назарбаевтың тап­сырмасы бойынша жергілікті өкілді органдардағы депутаттық фракция жұмыстары өрістегенін баяндады.

– Бүгінде фракциямыз төл сай­лау округтерінде қабылдаулар өткізу, сайлаушылармен кездесу, фракцияның көшпелі отырыс­тарын ұйымдастыру сипатында өз жұмысы ауқымын кеңейтті. Бұ­ған дәлел ретінде Қызылорда об­лысы бойынша нақты мы­сал­дар келтірейін. Аудан, қала, об­лыс­тық деңгейдегі жергілікті мәс­лихаттардағы нұротандық де­путаттық фракциялардың өзара байланысы нығайды. Со­ның арқасында елді мекендер проблемалалары кешенді әрі үйлесімді шешілуде. Фракция мү­шелері елді мекендерді аралап, түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кез­десіп тұрады. 314 қабылдау мен кездесу қорытындысында 481 адамға нақты көмек көр­се­тіл­ді, – деді И.Құттықожаев.

Сондай-ақ жетекші партия өз де­путаттары арқылы өңірлік даму бағдарламаларын жетіл­ді­руге үлес қосуда. Мысалы, биыл­ғы қазан айында облыстық мәс­ли­х­аттағы Nur Otan фракциясы оты­рысында Қызылорда өңірінің 2020 жылға дейінгі Даму бағ­дар­ламасы қаралды. Орын­далуы тө­мен және орындалмай қалу қау­пі бар көрсеткіштер-ге жауап­ты басшыларға «алдын ала ес­кер­ту» берілді. Бұл мәселелерді бір көтеріп қоя салмай, фракция 2020 жылдың қаңтар айындағы отырысында қайта оралып, қарамақ.

Қазір облыстың 2025 жылға дейін­гі Даму бағдарламасы әзір­лену сатысында. Елді ме­кен­дер­дегі маңызды мәселелерді қам­ты­ған нұротандық депу­тат­тардың ұсыныстары жинақ­та­лып­ты. Олар жаңа Даму бағдар­ла­масына енгізіледі, ал орын­далуы фракция бақылауында болады.

Мұның сыртында, фракция өз отырыстарында бағдарла­ма­лардың орындалуы мен бюджет қар­жысының тиімді игерілуі мә­селелерін талқылап отырады.

Осындай атқарылған жұмыс­тар партияның депутаттық фрак­циялары мүшелеріне деген тұр­ғын­дар сенімін арттырады.

Заңнамаға сәйкес, мәслихат­тар­ға үлкен мүмкіндіктер беріл­ген. Алдағы уақытта нұротан­дық­тар халықтық мәселелерді ше­шу үшін мәслихат құзыретін фрак­ция жұмысын күшейтудің заң­ды құралы ретінде пайда­лануы қажет.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің ел болашағы жо­­лындағы маңызды идеяла­рыңыз, стратегиялық ойларыңыз – саяси жұмысымыздағы басты бағыты­мыз. Оны табысты жүзеге асы­ру­да көшбасшы партия фрак­ция­лары ынтымақта, бірлесе қызмет ат­қарады деп сізді толық сендір­гі­міз келеді, – деді Қызылорда об­лыстық мәслихатындағы пар­тияның депутаттық фрак­ция­сы­ның жетекшісі.

Өңірден келген қатысу­шы­лардың байламынша, бұрын сес­сия материалдарын қараумен шек­телетін, жұртты мазалаған өт­кір мәселелерді жиі көтере бер­мейтін мәслихат депутаттары қа­зір жаңғыру аясында Nur Otan пар­тиясының барлық бастамасы мен бағдарламаларының өңірлік деңгейде іске асырылуына жауап­­­тылығын сезіне бастады.


Жиында айтылғандай, көш­басшы партияның мәслихат­тар­да­ғы және Парламенттегі де­путаттары заман талабына сай ақ­параттық технологияларды кеңінен пайдаланып, БАҚ пен әлеуметтік желілерге жиі шығуда.

Кездесу соңында Елбасы Nur Otan қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан партияның бірқатар бел­сенді мүшелерін «Белсенді қыз­меті үшін» медалімен мара­пат­тады.



Дамира СҮГІРБАЙ,
Жамбыл облысы Қордай аудан­дық филиалы 
төрағасы­ның бірінші орынбасары:

– Қазір өңірлерде Елбасы бе­кіткен партиямыздың жаңа бағ­дарламасын орындау аясын­да көп жұмыс атқарылуда. Пар­тия жұмысы жүйелі жаңғыр­ты­лып жатыр. Ке­шелі бері қайта жандандыру бағы­тында атқа­рылған шараларды талқыладық. Жалпы, қазір қоғам өзгеруде, заман өзгеруде. Тиісінше, пар­тия­мыз да жаңашыл жұмыс жа­сауы тиіс. Біздің алдымыз­дағы басты бір міндетіміз – сайлаушы­лардың сенімін ақтау.


Ерлан ҚАНАЛИМОВ,
Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық 
филиалы төрағасының бірінші орынбасары: 

– Кешеден бері барлық өңір­ден әріптестеріміз – жергі­лікті партия жетекшілері, мәс­лихат депутаттары, фракция басшылары елордаға жиналып, жаңа форматта өткен семинарға қатысты. Үкімет мүше­лері, ми­нистрлер өкілдері экономи­ка­лық, саяси, инфрақұрылымдық бағыттарда алда атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы баян­дады, олардың есептері тың­далды. Бүгінгі отырыста Ел­басы алдымызға жаңа әрі нақты міндеттерді белгілеп берді. Енді оның барлығын әр­қайсымыз өз өңірімізде ілгері­летіп, атқаруға бар күшімізді саламыз. Nur Otan нақты істер партиясы екенін дәлелдеуді жалғастыра береміз.


Мәди АХМЕТОВ,
Jas Otan Жастар қанатының
Алматы қалалық филиалының төрағасы:

– Біз жастардың әртүрлі топ­тарымен жұмыс жүргізіп, мәселе­лерін анықтаудамыз. Ке­лесі жылы Jas Otan Жастар қа­натының съезінде 2020-2025 жыл­дарға арналған, барлық са­ладағы жастарды қамти­тын жаңа бағдарлама қабылданбақ. Ары қарай сол бойынша жұмыс істеуге көшуіміз керек. Қазіргі кезде ұсыныстарды жинақ­тау­дамыз. Тек студенттерден ғана емес, әр секторда жұмыс істей­тін жастарды тартып, олардың ше­шілмей жүрген, қиын түйін­дерін және олардың шешім­дерін іздес­тірудеміз. Негізінен, жас­тар­ды баспана, жеке кәсіпті бастау және қолдау көру, жұмысқа орналасу мәселелері алаңдатады.