11 желтоқсаннан бастап «Nur Otan» партиясының республикалық және өңірлік сайлауалды штабы жанынан 225 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды.
«Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енген кандидаттар, сондай-ақ партияның сенім білдірген адамдары азаматтарды қабылдайды. Қабылдау онлайн форматта жүргізіледі. Жалпы, үгіт-насихат кезеңінде 9 мыңға жуық азаматты қабылдау жоспарланып отыр.
Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық қабылдаулар – партияның тұрғындармен кері байланысының және азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі құралдарының бірі.
Осы жылдың 11 айында «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 385 мың өтініш келіп түсті. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Сонымен қатар соңғы 5 жылда қоғамдық қабылдауға шамамен 1,2 млн адам жүгінсе, оның ішінде 386 мыңы – онлайн форматта байланысқа шыққан. Олардың өтінішінің 92% оң шешімін тауып, тегін консультация беріліп, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді.
Талдау көрсеткендей, тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері алаңдатқан, олардың үлес салмағы – 30%. Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету – 15%, еңбек даулары – 14%, құрылыс – 9%, білім беру – 9%, медициналық қызмет көрсету саласы бойынша 7% құрап отыр.
Партияның Республикалық сайлауалды штабының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кандидаттар мен сенім білдірілген адамдардың азаматтарды қабылдау кестесін партияның ресми сайтынан көруге болады. Мысалы, кеше «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ауыт Мұқибек, Eurasia Blockchain Fintech Group Limited бас директоры Тілектес Абамдеков қабылдау өткізді. Ал дүйсені, яғни 14 желтоқсан күні қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нәзиля Раззақ, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент директорының орынбасары Зүлфия Сүлейменова азаматтарды қабылдайды. Қабылдау 2021 жылдың 8 қаңтар күні аяқталады.
Қабылдауға жазылу үшін Call-орталық 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), WhatsАpp 8 700 800 4441 нөмірлеріне komek@nurotan.kz электронды поштасына хабарласуға болады.