Үмітті ақтаған Ержан
Үмітті ақтаған Ержан
255
оқылды

«Бар әлем саған жо­лын ашар, талабың бол­са таудай». Ержан Максим­нің Junior Eurovision бай­қа­уында орындаған әні осы жол­дармен үндесті. Талантты әнші байқауда 2-орын алды.

Толған ай. Ай жарығында ар­манына қол созған бала. Жет­кіншектің қолына қонған қыран. Артынша бәрінің кө­белекке айналған көрінісі. Ержанның әнін лед экранда дәл осы сюжет демеді. Қатысушы «Арманыңнан қалманы» ал­ғашында ағылшын­ша шырқады. Әншінің ерекше үні шет тілдегі нұсқамен үйлес­кені тіпті керемет. Залдағы кө­рер­мен мен әділқазының таң­дай қаққаны көрініп тұрды. Сәлден соң Ержан әнін қазақша жалғастырды. Көзінде жалын оты маздаған өрен Польша тө­рінде барын салды. Арман-көбелекпен бірге билеп, да­уыс деңгейін көрсетті. Өзін еркін ұстап, сенімді сезінген ол жүлделі орынның боларын сез­ген сыңайлы. Өйткені байқау басталардың алдында да сенімді екенін жеткізді. Шынымен де, әділ­қазыны орындаған әніңе иландыру үшін сөз бен сазды тү­сіне білу керек. Ержан Максим ар­манынан қалмайтынын, тала­бы ел мен елді жалғайтынын дәлелдеді.

Байқау қорытындысы бо­йынша жас әнші 2-орын иеленді. Ержан Максим бас аяғы 227 ұпай жинады. Әр елдегі әділқазылар оған 148 ұпай берді. Бұл – әділ­қазы тарапынан қойылған ең жоғары ұпай. Демек, Ержанның өнері мен таланты әлемге ұнаған. Ал көрермен тарапынан 78 ұпай алды. Жарыста жанкүйер мен әділқазының бағасын қосқанда 278 ұпай жинаған польшалық Вики Габор жеңіске жетті. Польша үміткеріне қазылар 122 ұпай сыйласа, 3,77 миллион жанкүйер дауыс берген. Үшінші орынды Испания намысын қорғаған Мелани Гарсия иеленді.

Шетелдік БАҚ Ержан Мак­симге көрермен дауысы же­тіспегенін жарыса жазды. Елі­міздегі белді тұлғалар, әншілер Ержанға дауыс беріңдер деп әлеу­меттік желіде үндеу тас­та­ды. Соның ішінде Димаш Құдайбергеннің Іnstagram-ға «Дауыс берейік «бауырсақ-балапанға» дегені ерекше әсер қалдырды. Жазбаның астына пікір жазғандардың ішінде ше­телдіктер бар. Олар да Ержанның талантын мойындап, ары қарай дами түсуіне тілек білдірді.

Өз кезегінде Ержан тың­дар­манына дауыс бергені үшін алғыс айтты. «Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім! Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рақмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын» деп видеоүндеу жол­дады. Кейінірек Іnstagram парақшасында «Баршаңызға алғысым шексіз. Менің жеңісім – елімнің жемісі» деп қуанышына ортақтасқан еліне, дауыс берген көрерменіне ілтипат көрсетті.

Өренінің жеңісіне сүйсінген елі оны жан-жақтан құттықтады. Президентіміз бастап, министр қостады. Соның бірі – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Ведомство бас­шысы Ержан Максимге ары қарай табыс тілеп, қазақ мә­дениетін әлемге танытқаны үшін құттықтаухат жолдады.

«Құрметті Ержан! Сізді Junior Eurovision song contest – 2019 бай­­қауында жүлделі екінші орын алуыңызбен шын жүректен құт­тықтаймын! Сіз Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision халықаралық ән байқауындағы жарқын өне­ріңізбен кезекті рет асқақ ар­манға деген құлшынысы зор дарынды, еңбекқор әнші еке­ніңізді паш еттіңіз. Расында, сіздің орындауыңыздағы әсем ән әлем халықтарының қазақ мәдениетімен таныса түсуге деген құштарлығын оятқаны сөзсіз. Алдағы уақытта да жаһандық байқауларда сәтті өнер көрсетіп, жарқын жетістіктеріңізбен ел мерейін үстем ете беріңіз. Осы­нау сәтті пайдалана отырып, Сізге зор денсаулық, толайым шы­ғармашылық табыс тілей­мін!» делінген министрдің құт­тықтауында.

Қазақстан Junior Eurovision байқауына осымен екінші рет қатысты. 2018 жылы аталған сайысқа ел атынан Данелия Тулешова барған-ды. «Өзіңе сен» әнін орындаған жас әнші 6-орын алды. Мұнда да Польша үміті Роксана Венгель топ жарған болатын.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ