Қорғаныс министрінің 04.09.2019 бұйрығымен Алматы қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштері әскери бөліміне полковник Борис Керімбаевтың, аты аңызға айналған «Қара майордың» есімі берілді. Осылайша, әскери борышты, ерлік пен ар-намысты орындаудың лайықты үлгісі болып табылатын қазақ офицерінің есімі мәңгі есте сақталмақ.
Борис Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Прудки кентінде дүниеге келген. В.Ленин атындағы Ташкент жоғары командалық училищесін тамамдаған. Офицерлік қызметін Германиядағы кеңес әскерінің құрамында мотоатқыштар взводының командирінен бастаған ол Ортаазиялық әскери округте барлау ротасын, штабты, кейін мотоатқыштар батальонын басқарды.
1980 жылы Керімбаевты Эфиопияға жаяу әскер бригадасы командирінің кеңесшісі лауазымында шетелдік іссапарға жіберді. Дәл осы жылы ол Қапшағай қаласында құрылған арнайы мақсаттағы 177-ші жекелеген жасақтың командирі болып тағайындалды.
1981 жылы полковник Борис Керімбаев Ауғанстанға жіберілді. Оның жасағы моджахеттерге қарсы құрылған жауынгерлік іс-қимылдарға бірден кірісіп кетті. Офицер Панджер шатқалындағы совет әскерлері мен Ахмад Шах Масуда отрядтары қақтығысына қатысты. 1982 жылы оның басшылық етуімен жасақ ауғандық моджахедтердің құрылымдарын белгісіз мерзімге ішінара бақылау және бұғаттау үшін сол жерге қайта жіберілді.
Сегіз айдан кейін тұрақты атыстың, қоныстану мен рейдтердің әсерінен саны жағынан басым қарсылас моджахедтердің басшысы уақытша бітімге келісуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, Кеңес әскерлеріне қарсы топтардың жауынгерлік іс-қимылдары тоқтатылды. Бұл – сөзсіз Керімбаевтың еңбегі. 1983 жылдың наурыз айында полковник Керімбаев барлық бөлімшелерді шатқалдан шығарды. Командирге «Қара майор» лақап атын жеке жасағы қойған болатын.
Кейін офицер Қапшағай қаласындағы 22-ші арнайы мақсаттағы бригада командирінің орынбасары, 546-шы арнайы мақсаттағы оқу полкінің командирі болып қызмет етті. 1992 жылы денсаулық жағдайына байланысты Қарулы Күштерден босатылды.
2019 жылы 12 ақпанда ұзақ аурудан кейін Борис Керімбаев Алматы қаласында өмірден өтті.
Офицер «Қызыл Ту», «КСРОҚарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» (ІІІ дәрежелі), «Айбын» (І дәрежелі) орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы қазан айында Халық Қаһарманы полковник Қасым Қайсеновтің есімі Өскемен қаласындағы әскери бөлімге және аты аңызға айналған қазақстандық генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың есімі Тараз қаласындағы әскери бөлімге берілген болатын.
М.БАҚЫТ