Қазақстанның қос фильмі шетелдік байқауда үздік атанды. Бірі Азияның «Оскарын» алса, екіншісі Қытайда екі бірдей жүлдеге ие болды.
Брисбэнде өткен Asia Pacific Screen Awards – 2019 байқауында Әділхан Ержанов «Үздік режиссер» атанды. Аталған жүлдеге әлем Азия «Оскары» деп баға береді. Құнды сыйлық қазақстандық режиссерге «Қап-қара адам» фильмі үшін берілді.
Әділхан Ержанов – кино саласындағы ең ірі әлемдік марапатқа иелік еткен алғашқы қазақстандық режиссер. ЮНЕСКО мен Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы ұйымдастырған салтанат 21 қараша күні өтті.
«Қап-қара адам» фильмін Astana Film Fund компаниясы түсірді. Түсірілім жұмыстарына Short Brothers және Arizona Productions компаниясы қатысты. Картинаның әлемдік тұсаукесері 23 қыркүйекке белгіленді. Сан-Себастьяндағы 67 Халықаралық кинофестиваль аясында алғашқы көрсетілім болды. «Қап-қара адам» фильмін келесі жылы ел кинотеатрынан тамашалай аласыз.
Осыған дейін Әділхан Ержановтың «Құрылысшылар» фильмі 2013 жылы Филиппинде өткен халықаралық фестивальде Гран-при жеңіп алды. 2014 жылы осы фильм үшін режиссерге Варшава фестивалінде «Еркін рух» секциясында бас жүлде, Чикаго салтанатында «Алтын тостаған» бұйырды. 2016 жылы түсірген «Қаратас ауылындағы оба» драмасы NETPAC сыйлығын иеленді.
Талайды тамсандырған тағы бір туынды – «Айка». Фильм Қытайда өткен Golden rooster and hundred flowers фестивалінде үздік шықты. Көрермен таңдауы бойынша «Үздік актриса», «Үздік шетелдік режиссер» аталымында топ жарды. Сергей Дворцевой түсірген фильм көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кинодағы Қырғызстаннан келген эмигранттың Мәскеудегі тағдыры әлемді елжіретті. Бұдан бұрын «Айка» Канн фестивалінде жоғары баға алған-ды. Азия «Оскарына» ие болып, Қазақстан атынан америкалық «Оскарға» үміткерлер тізіміне енді.
Жалпы, «Алтын тауық және жүз гүл» кино карнавалы – Қытайдағы ең ірі киножүлде. Биыл 28-рет өткен байқау Сямынь қаласында талантты жандардың басын қосты. Айта кетерлігі, «Алтын тауық» жүлдесін жеңімпаздарға кәсіби мамандар табыстайды. «Жүз гүл» жүлдегері көрермен берген дауыс арқылы анықталады.
Сондай-ақ кинофестиваль аясында Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» фильмінің Қытайдағы тұсаукесері өтті. Продюсер Зарина Қисықованың сөзінше, аталған фильмді қытайлық көрермен жылы қабылдапты.
Айбике ЖАНАСЫЛ