«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылдық 2%-бен көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларға несие беріледі. Бұл жыл сайын 5 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Елбасының Жастар жылы аясында берген тапсырмасы бойынша 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін пәтерлер жалға берілді», − дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Тұрғын үй алуға қандай талап қойылады?
Аз қамтылған отбасыларға нақты көмек көрсету үшін өмір бойы жалға берілетін тұрғын үй беру көзделген. ҚР ИИДМ ақпарты бойынша, тұрғын үй ақысы елдегі ең төменгі төлем бойынша есептеледі. Шаршы метріне шамамен 300 теңгені құрайды. Өтініш берушілер мынадай талаптарға сай болуы тиіс:- ҚР азаматты болуы;
- Өтініш берген күні отбасының барлық мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы;
- Отбасының әрбір мүшесіне айына ең төменгі жалақының бір көрсеткішінен аспайтын соңғы алты айдағы орташа табысының болуы (бұған мемлекеттік жәрдемақы кірмейді);
- Неке бұзылған сәттен бастап үш жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
- Отбасылық жиынтық табыстың болуы;
- Төлем қабілеттілігін растау;
- Тұрғын үйге мұқтаж мәртебесі.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстанның риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко:«Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережесін енгізуден кейін баспана бағасы 20-30 пайызға қымбаттайды деген болжам шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар сұранысқа ие бола бастаған кезде де осындай алаңдаушылық болған еді. Бірақ нарық иелері күткендей болмады. Дәл солай бұл жолы да асығыс тұжырым жасаудың қажеті жоқ. Зейнетақы жинағы 50-ден асқан кісілерде шекті межеден асады. Ал ипотекалық сұраныс негізі жастар арасында жоғары. Олардың қордағы қаражаты мардымсыз. Сол себепті қордағы ақшаға алғашқы жарна төлей алмайды. Меніңше, бұл бастама баспаналы болуға толықтай мүмкіндік береді деп айта алмаймын».«Мүлікті бағалау» агенттігінің департамент директоры Анна Шацкая:
«Келесі жылдың басында қымбат тұрғын үйлердің бағасы төмендеуі мүмкін. Ал орташа санатқа жататын пәтерлер 1,5-2% қымбаттайды деген болжам бар. Себебі, «Баспана Хит», «7-20-25», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» және «Өз үйім» бағдарламасының шарттары пәтер сатып алушылар үшін тиімді болмақ. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 3000-3500 пәтер пайдалануға беріледі. Сөйтіп сұраныс 10-15%-ға артады. Зейнетақы қорындағы қаражатты пәтер алуға пайдалану жылдық сұранысты 6-9%-ға арттыруы мүмкін. Зейнетақы ақшасын үй сатып алуға 721 мың адам пайдалана алады. Яғни, зейнетақы қорынан 1,4 триллион теңге кемиді. Бұл Үкіметтің алдын ала жүргізген болжамы. Бұл қаражаттың барлығы тұрғын үй нарығына аударылса, қомақты ақша түсер еді. Мысалы, 2019 жылы елдегі тұрғын үй нарығындағы транзакциялар көлемі 5,5 трлн теңгені құрады, яғни 1,4 трлн жылдық сұраныстың 25% құрайды. Бірақ бұл қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға мүмкіндік берілгенін ескеруіміз керек.Нұр-Сұлтандағы жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Қанат Мұқанов:
«Карантин тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсер етті деп айта алмаймын. Жыл басында үйдің бағасы 5-8% қымбаттайды деген болжам айтылды. Карантин қайталанса да жағдай соншалықты өзгермейді. Соңғы жылдары пәтер бағасының арзандаған кезі болған жоқ. Нарық доллар бағамына тәуелді. Ал көк қағаздың жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар. Доллар өссе болды сатушылар бағаны көтереді. Олар халықтың айлықты доллармен емес теңгемен алатынын түсінуі керек».Шымкет қаласындағы жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі, Руслан Айтқұлов:
«Әр жыл сайын қаңтар мен наурыз аралығында доллар көтеріледі. Сол кезде баспана бағасы да шамамен 5%-ға өседі. Негізі баға жоғарылағанымен үй иелері алып-сатар кезде баспана құнын төмендететінін ескеруіміз керек. Мысалы, екі бөлмелі пәтердің бағасы 20 млн теңге болса, сатып алушы бағаны түсіруді сұрайды. Үй иесі шамамен 1-1,5 млн теңге түсіруі мүмкін. Карантин кезінде айтарлықтай шығын болған жоқ. Көрсеткіш жылдағыдай. Тек биыл жаздың ортасынан бастап пәтер бағасының өскенін байқаймыз. Қазір елдегі экономикалық жағдайды ескеріп халықтың табысы артпағанын, жалақы өспегенін, инфляцияны есепке алып жалпы келер жылы үй бағасы қымбаттамайды деп тұжырым жасауға болады. Сұраныс жоқ болған соң сатушы да бағаны түсіреді. Тек үй иесінің өзімен көзбе көз кездесіп сауда жасауға кеңес беремін. Үйдің құражаттары дұрыс екеніне көз жеткізбей пәтер алуға асықпау керек».