Әңгіменің әлқиссасын Димаштың Токиоға баруынан бастайық. Жапондар әншіні Қазақстанның көк Туымен қарсы алды. Әуежайын бір сәт қазақша сөйлетіп қойды. Бұрын еліміз туралы естігенде «Борат, Борат» деп шыға келетін шетелдіктер бүгін Димаштай ұлды туған халыққа алғыс айтып жатыр. «Қазақ», «домбыра» деген ұғымдар Жапонияда трендке айналды. Қалайша мақтанбайсың?! Қалайша марқаймайсың?! Кәдімгідей арқаң шымырлап, мерейің өседі, кеудеңді мақтаныш кернейді.
Енді ауқымнан ауа жайылмай, бірден тоқетеріне көшейік. «Министрлік миллиардтаған ақшамен 30 жылда істей алмаған жұмысты жалғыз Димаш атқарды» деген пікірлер кейінгі кезде әлеуметтік желіде жазылып жүр. Бұл сөз шындыққа жанаса ма? Дүниежүзінде Қазақстанның беделі қандай? Шетелдіктер бізді немен байланыстырады? Әлем жұртшылығы қандай қазақстандық брендтермен таныс? Осы мәселеге біраз ой жүгіртейік.
Жалпы, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға жыл сайын 50 миллион доллар бөлінеді. Әрине, оң имидж экономиканың дамуына септігін тигізеді. Ал теріс имидж инвесторларға елді «құбыжық» қылып көрсетуі мүмкін. Бұл, әсіресе өтпелі кезеңді бастан кешіп отырған жас мемлекеттер үшін маңызды.
Бертінге дейін «Бораттың» елесі қыр соңымыздан қалмай қойып еді. Құдайға шүкір, соңғы жылдары атышулы фильм ұмытылған сияқты. Мысалы, Google Trends қосымшасына үңілсек, шетел азаматтарының Қазақстанға қатысты қандай ақпарат іздейтінін байқаймыз:
1. Мисс Қазақстан;
2. Голливуд актері Николас Кейдждің Қазақстанмен байланысы;
3. Әнші Димаш Құдайберген;
4. Боксшы Геннадий Головкин;
5. Волейболшы Сабина Алтынбекова;
6. «Астана» велокомандасы.
Қысқасы, шетелдіктерді негізінен қазақ қыздары мен Қазақстан спорты қызықтырады екен. Сонда дейміз-ау, алты құрлықты қамтыған дабыралы шаралардың нәтижесі қайда? Миллиардтаған қаржының желге ұшқаны ма? Дәл осы арада бірнеше түйткілді тарқатуға тырысайық.
Біріншіден, ел атауындағы «стан» деген жалғау шетелдіктерді шатастырып, Қазақстанды артта қалған басқа «стан»-дармен салыстыруға итермелейді. АҚШ пен Еуропа тұрғындары бізді көбіне Үндістан, Ауғанстан, Пәкістанға жақын орналасқан деп ойлайды екен. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жалғауды алып тастап, ел атауын «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынған. Бірақ неге екені белгісіз, жаппай талқыға түскен тақырыпты билік жылы жауып қойды.
Екіншіден, көзі ашық, көкірегі ояу шетелдіктер Қазақстанды байырғы көшпенділер жері деп қарастырады. Біз – Батыс адамы үшін «терра инкогнита», яғни бейтаныс өлкеміз. Осы ерекшелікті тиімді пайдаланып, Қазақстанды ежелде дүниені дүбірлеткен Ғұн империясының, Түркі қағанатының, Алтын Орда хандығының тікелей мұрагері ретінде көрсетуіміз керек. Мөде тәңірқұт, Бумын қаған, Бату хан жайлы тарихи фильмдер түсіріп, соның арқасында туризмді түлетуге тиіспіз. Мәселен, Ирландия «Викингтер» сериалы арқылы аймақтық деңгейдегі Рагнар Лодброкты бүкіл әлемге әйгілі етті. АҚШ – доллар, Голливуд, «Майкрософт», ғарыш кемелерімен, Германия – машина жасау, оптика саласымен, Франция – шарап, махаббат, сәнімен мақтанса, Қазақстан «Ұлы дала елі» деген ұғымға әбден лайық.
Үшінші мәселе – отандық спорт пен мәдениет өкілдерін қолдау. Расында да, «Астана» велоклубы, Головкин, Димаш сынды брендтер Қазақстан имиджіне ерен еңбек сіңірді. Алайда танымалдық жағынан Головкин әлі Майк Тайсонмен, Димаш әлі Майкл Джексонмен шендесе алмайды. Сондықтан жекелеген тұлғаларға сеніп, қол қусырып отыруға болмайды. Мемлекеттік деңгейде кең көлемді, кешенді шаралар қолдану қажет.
FutureBrand агенттігі жыл сайын әлем елдерінің имиджі бойынша рейтинг құрады. Бағалау барысында мамандар әр мемлекеттің құндылықтар жүйесіне, өмір сүру сапасына, іскерлік әлеуетіне, тарихи мұрасына, мәдениетіне, туризміне, табиғатына, тағамына, толеранттығына және саяси бостандығына назар аударады. Қазақстан биыл 55-орынға тұрақтапты. Алғашқы үштікте Жапония, Швеция, Норвегия болса, көрші Ресей 27-орынға жайғасқан. Рейтинг қаншалықты бейтарап түзілгенін қайдам, әйтеуір біздің жағдай көңіл көншітерлік емес.
Баяғыда Жапония қандай еді? Қытай қандай еді? Ешкім білмейтін кедей, аграрлы елдер еді. Индустриялық серпілістен кейін олармен әлем санаса бастады. Яғни, имидж керек болса, миллиардтаған ақшаны жарнама жасауға емес, тұрақты дамуға жұмсау керек.
Ішкі шаруаны кейінге шегеріп, сыртқы сипатпен айналысудан пайда бар ма? Бір ғана халықаралық шараны ұйымдастыруға кеткен қаражат көлік инфрақұрылымын жақсартуға, автомагистральдар мен теміржолдар салуға жұмсалса не болар еді? Ішкі сауда-саттықты жандандырып, инвесторлар тартар едік.
Әлбетте, әлемдік ауқымдағы жиындардың мүлдем қажеті жоқ деуден аулақпыз. Бірақ манағы мәселе маңыздырақ. Мысалы, іргеміздегі Қытай әуелі арзанқол аяқкиімдерімен, сапасыз техникасымен жаһан нарығын жаулап алды. Содан кейін ғана аста-төк Олимпиадалар өткізуге амбиция білдірді. Дубай шаһары кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, дүниежүзінен инвесторлар шақырды. Көк тіреген зәулім ғимараттарды сол инвесторлар тұрғызды. Қысқасы, имидждің арқасында бизнес емес, бизнестің арқасында имидж жасалды.
Күні кеше Таразда оқушы қыз зорланғанда Facebook қолданушысы Ержан Есімханов: «Балалары әжетханаға бару үшін сыртқа шығуға мәжбүр елдің миллиардтаған ақшаға имидждік жобалар жасап, халықаралық аренада мақтануға құқығы жоқ!» деп жазып еді.
Келіспеске амал жоқ.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ