Ақтөбеде 200 орындық инфекциялық аурухана салынады
Ақтөбеде 200 орындық инфекциялық аурухана салынады
138
оқылды

Бүгін Ақтөбе облыстық сайлауалды штабтың басшысы, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Ербол Данағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлер — «DARU MEDICAL GROUP» ЖШС бас директоры Ғалымжан Елеуов, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Рахат Сыдықов Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» шағын ауданындағы отбасылық медицина орталығының қызметкерлерімен кездесіп, алдағы жылдары облыста қолға алынатын жобалар туралы айтып берді.

Кездесуде Ербол Данағұлов партия атынан Мәжіліске ұсынылған кандидаттарды таныстырып, партияның Ақтөбе облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
— Қазіргі таңда өңірде 14 сайлауалды штаб жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде біреуі — облыстық, біреуі — қалалық, 12-сі — аудандық.
Бүгінгі таңда облыс бойынша Nur Otan партиясында 30 мыңға жуық мүше бар. Облыс бойынша депутаттыққа үміткер ретінде 368 адам тіркелді. Ал 6 адам Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде ұсынылып отыр.  Бүгінгі таңда кандидаттар штаб мүшелерімен бірге аудан, ауылдарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіруде.
-Жоспарға сәйкес, биыл партияның бастамасымен облыста 2536 шара өтуі керек. Сайлау науқаны кезінде мыңнан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда бүгін сіздермен кездесіп, пікір алмасуды жөн санадық. Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда облыста қандай жобалар жүзеге асырылатынын тұрғындарға жеткізіп жатырмыз, — деді Ербол Данағұлов.
Бұдан кейін басқосуда сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Рахат Сыдықов партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған бірқатар жоба мен бағыттарға тоқталып өтті.
— Келер жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы уақытта елімізде партияның атсалысуымен көптеген игі істер жүзеге асырылды. Атап айтсақ, облысымызда заман талабына сай медициналық орталықтар мен білім беру ұйымдары,  зәулім ғимараттар бой көтеріп, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасымен өңірде тұрғын үйлер салынып, азаматтарды баспанамен қамтуға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылдары өңірде мыңдаған тұрғын қоныс тойын тойласа, қазіргі таңда баспана алу кезегінде тұрған бірқатар жалғыз басты ана, жетім балалар, аз қамтылған отбасылар бар. Осыны ескеріп, алдағы бес жылда өңірімізде осал топтағы азаматтар мен жастар үшін жалға берілетін, коммуналдық үйлерді салуды қолға алуымыз керек, — деді Рахат Сыдықов.
Ал ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер, «DARU MEDICAL GROUP» ЖШС бас директоры Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, облыста 2022-2023 жылдары 200 орындық облыстық инфекциялық аурухана салынады. Сондай-ақ 2025 жылға дейін өңірде 28 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді.
— Биылғы пандемия кезінде сіздердің, медицина қызметкерлерінің арқасында көп адам ауруынан айығып, сауығып шықты. Сол үшін сіздерге партия атынан ерекше алғысымызды айтамыз. Айта кету керек, биыл пандемия кезінде медицина саласында бірқатар олқылықтар мен мәселелердің бар екендігін байқадық. Сондықтан осы мәселелерді шешу үшін біз алдағы уақытта партия атынан өз ұсыныс-тілегімізді айтатын боламыз. Осы орайда біз - үміткерлер сіздерді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла сайлауға қатысып, Nur Otan-ға дауыс беруге шақырамыз, — деді Ғалымжан Елеуов.
Кездесу соңында медицина орталығының бас дәрігері Самат Данияров ұжым атынан кандидаттарға сәттілік тіледі. Айта кету керек, бүгінде аталған орталықта 150 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 36-сы – дәрігер.

Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық сайлау қорынан төленді.