Жас ақын-жазушылар «Ауыл» партиясының мүшесі атанды
Жас ақын-жазушылар «Ауыл» партиясының мүшесі атанды
290
оқылды

Бүгін «Ауыл» партиясы өткізген «Ақындар ауылды жырлайды» атты әдеби-поэтикалық кеште бірқатар жас ақын-жазушылар партия қатарын толықтырып, мүшелікке өтті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Рухани кешке партияның жыл сайын өткізіп келе жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» онлайн-байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары жиналды. 2017 жылдан бері төрт рет өткізілген байқаудың басты мақсаты – ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді сипаттау арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Содан бері партия қоржынына ауыл туралы мыңнан астам эссе, өлеңдер мен драмалар түскен екен. Соның барлығы 12 томдық жинаққа кіріп, кітап болып жарық көрді. «Ауылдың қасиеті мен киесін көрсетудің жақсы бір жолы – әдеби конкурстар арқылы дәріптеу екені белгілі. Ауыл тақырыбын сөз еткен ең мықты шығармаларға онлайн байқау жарияладық. Поэзия, проза, драма жанрлары бойынша өткен байқауға елге танымал ақын-жазушылар қазылық етті. Бұл игі бастама дәстүрге айналып, жыл сайын өткізіліп келеді. Сол арқылы ел арасынан қаншама мықты жас таланттар жарыққа шықты», – деді партия төрағасы Әли Бектаев. Ақын, әдебиеттанушы, Мәжіліс депутаттығына үміткер Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғамның көрінісін ақын-жазушылардың шығармасынан көруге болады. Оның ойынша, қазақ халқының ерекшелігі – оның ұлттық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі, ұлт ретіндегі салт-санасы, дүниетанымы, тіптен ойлау жүйесі, іс-әрекеті де бір-бірімен астасып, сабақтасып жатқандығында. – Дәл қазір жоғары технологиялық заман орнап, урбанизация шарықтап жатқанда өскелең ұрпаққа ұлттық ерекшелігімізді ұмыттырмауымыз керек. Осыған орай ұлт ұйытқысы – ауылда сақталған қазақы болмысымызды қала жастарына жеткізіп, олардың санасына терең сіңіруіміз керек. Солай ғана «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасында айтылған ұлттық идеологияны негізге алып, тамырымыздан ажырамай жаңа қоғам құруға мүмкіндік туады, – деп түйіндеді Дәулеткерей Кәпұлы. Поэзия кешінде Серікбай, Т. Мергенбай, Ә. Дүйсенбай, Р. Қабидоллин, А. Ақжігіт. К. Айтбаев қатарлы ақындар Тәуелсіздік күніне арналған жырларын оқыды.Өзге де ақындар өлеңін оқып, әншілер домбырада әнмен шашу шашты. Кеш барысында жас ақын-жазушылар партия қатарын толықтырып, мүшелікке өтті. «Мен осы күнге дейін бірде бір партияға мүше болған емеспін. Алайда, «Ауыл» партиясының атқарып жатқан іргелі істерін, ұлан-ғайыр шаруаларын көріп, өз ризашылығымды жасыра алмадым. Елдің өзегі болған ауылдардың мұң-мұқтажын, қажетін жоғарыға жеткізіп, қазіргі маңызды тақырыптардың біріне айналған ауыл тағдыры үшін жасап жатқан жұмыстарыңызға тек қана сәттілік тілеймін!», – деді белгілі драматург Төкен Әлжантегі.

Тұмар МЫРЗА