Ақмола облысында ауыл әкімі жол апатынан қайтыс болды
Ақмола облысында ауыл әкімі жол апатынан қайтыс болды
133
оқылды
Ақмола облысында ауыл әкімі жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ведомство мәліметінше, 14 желтоқсан күні сағат 23:30-да Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне жедел жәрдем қызметінің диспетчері хабарласып, «Екатеринбор-Алматы» тасжолының бойында, Атбасар қаласынан 20 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлаған. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, «DAF» жүк көлігінің жүргізушісі - Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны рульге ие бола алмай қалып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сөйтіп «ВАЗ-21214» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің 51 жастағы жүргізушісі, Державинск қаласының тұрғыны алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
«Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. «DAF» жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Қаза болған ер адам - Мирасхан Балғабекұлы Мұратов - Ақмола облысының Жақсы ауданы Тарасовка ауыл округінің әкімі. Аудан әкімдігі бұл мәліметті растады. М.Мұратов 1969 жылғы 10 мамырда Қостанай облысының Әулиекөл ауданы Убоган ауылында дүниеге келген.