Шетелдегі қазақты қолдауға қатысты ұсыныстар талқыланады
Шетелдегі қазақты қолдауға қатысты ұсыныстар талқыланады
169
оқылды

27 қарашада елордадағы Nur Otan партиясының ғимаратында «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысы өтеді. Басқосуда Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдар талқыланады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының «Қоғамдық сананы жаңғырту және шетелдік қазақтар» (2017 жылғы 23 мамырдағы №17-32-39.1 протокол) V құрылтайында отандастарды жан-жақты қолдаудың кешенді шараларын әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берген-ді.

Осы тапсырмаларды орындау мақсатында «Отандастар қоры» КЕАҚ (бұдан әрі - Қоғам) мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдар әзірлеуде.

Кешенді шаралар шетелдегі қазақтарға мәдени-гуманитарлық қолдау көрсету және репатрианттардың қазақстандық қоғамға бейімделуі және кірігуіне қажетті жағдайлар жасаудың негізгі бағыттарын белгілейді.

Ғылыми-сараптамалық кеңестің күн тәртібінде:

1. Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдарды талқылау.

2. Шеттегі және елге келген ағайындарды қолдау саласында қолданылатын терминологиялық аппарат бойынша ұғымдарды талқылау.

Шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың кешенді шараларына ұсынымдар әзірлеудің қажеттілігі шетелдегі қазақтарды және репатриацияны қолдау процестерін реттейтін өзара байланысты бірыңғай кешенді бағдарламалық құжаттардың болмауынан туындайды.

Кешенді шаралар мақсаты – бүкіл әлем қазақтарының тарихи және этникалық Отанының айналасында шоғырлануына ықпал ететін шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдау.

Шетелдік қазақтарды қолдау саясаты соңғы уақытта қазақ тілін қолдану салаларының тарылуына және шетелде тұратын қазақтардың ұлттық өзіндік болмысының біртіндеп жоғалуына және олардың ассимиляциялануына байланысты айтарлықтай өзекті. Сарапшылардың пікірінше, ассимиляцияның нәтижесінде біз орны толмас жағдайға ұшырап, жақын арадағы 10-15 жылда қазақ ұлтының құрамдас бөлігі ретіндегі шетел қазақтарынан айырылуымыз мүмкін.

Осы ретте, қазақтар тұратын елдерде қалыптасқан әртүрлі ахуалдар – ана тілін үйрену мен қолдану кеңістігінің шектелуі, салт-дәстүр мен мәдениетті, этникалық бірегейлікті жоғалту қатерлері шетелдегі қазақтарды қолдауды күшейтудің кешенді шараларына ұсынымдар әзірлеу қажеттігін туындатып отыр.

«Отандастар қоры» КЕАҚ өкілі Н.Жәлиев атап өткендей, – «Бұл үрдіс ең алдымен, өңірлік демографиялық әртүрлілікті ескере отырып, этникалық компонентке негізделген көші-қон саясатының жаңа моделін іске асыру қажеттілігін өзектендіреді. Мемлекетке халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәселелерді шешудің жеке тәжірибесі негізінде осы саладағы жаңа тәсілдерді қолдана отырып, репатриацияның ынталандырушы тиімді жүйесін құру маңызды».

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түлектер ассоциациясының атқарушы директоры, тарих ғылымының кандидаты К.Балтабаева өз кезегінде, шетелдегі этнобірегейлі қоғамдастықтармен өзара іс-қимыл саласындағы көптеген ұғымдар, олардың ішінде бірінші кезекте шетелдегі қазақтар ұғымы, қайта ойластыруды және қайта форматтауды қажет ететінін атап өтті.