Қазақстандықтардың жартысынан көбі жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ИMЭП) сарапшысы Камила Ковязина айтқан. Ол бұл пікірін «Қазақстандықтардың тұтынуы: оптимистік статистика немесе күйзеліс сигналдары» тақырыбындағы сараптамалық пікірсайыс барысында мәлімдеді, – деп жазады ҚазТАГ.
«Респонденттердің 58%-ы жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Көптеген қазақстандық отбасылардың жиынтық табысы 50 мыңнан 200 мыңға дейін, орташа жалақы 43 404 теңге (яғни қазақстандықтардың 50%-ы осы мөлшерден аз табады – ҚазТАГ). 2017 жылдан бастап экономиканың қатаң қыспағында өмір сүретін адамдардың үлесі 9% -ға өсті», - деді Ковязина.
Сонымен қатар, респонденттердің 43%-ы өз табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды, бірақ соған қарамастан әрбір үшінші отбасы тамақтануға ақшасын үнемдейді.
«Бұл теріс көрсеткіш. Дамыған елдерде, әдетте, кірістің 15% -дан аспайтын бөлігі тамаққа жұмсалады. Егер кірістің жартысы тамақтануға жұмсалса, онда киімге, ойын-сауыққа жетпейді, демек, оларды тұтыну өте тарылған. Демалыс – бұл қазақстандықтардың ең бірінші үнемдейтін қаржысы, респонденттердің 70%-ы үйден тыс демалыстан ақша үнемдейді, тіпті кино мен кафелерге баруға да ақшасы жоқ», – дейді сарапшы.
Сонымен бірге зерттеуші табыс деңгейінің төмендігіне байланысты қазақстандықтардың жинақтау мүмкіндігі жоқ екенін айтты.