Қостанай облысының Полиция департаментінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда 25 полицейге коронавируспен күресі үшін «Халық алғысы» медалі тапсырылды.
Іс-шара департаменттің мұражайында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылды. Облыстың бас полицейі, генерал-майор Бекет Аймағамбетов жеке құрамды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мерекенің маңызын атап өтті. – Бұл қазақстандықтар үшін басты мереке екенін білеміз. 29 жыл ішінде Қазақстанның қарқынды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ерекшеленді. Біздің елде адамзатқа елеулі қауіп төндіретін пандемиямен күрес әлі де жалғасуда. Қазіргі жағдайда полицейлер медицина қызметкерлерімен бірге алдыңғы қатарда. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен амандығы да біздің жұмысымызға байланысты, – деді Бекет Аймағамбетов. Салтанатты жиында департамент басшылығы отставкадағы подполковник Батырбек Нурекинге «ҚР ІІО ардагері» медалін табыстады. Ардагер ішкі істер органдарында 32 жылдан астам қызмет етті, 2005 жылы Арқалық қаласы ІІБ бөлім бастығы қызметінен құрметті демалысқа шықты. Пандемиямен күрестегі жемісті еңбегі үшін Президент Жарлығымен өңірдегі 25 полицей «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Олардың арасында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полковник Андрей Григоревский, облыстық ПД штаб бөлімінің бастығы подполковник Абылай Мекебаев, учаскелік майор Ерік Ваисов және Қостанай қаласы ПБ аға инспекторы капитан Карина Базарбаева бар. Полковник Андрей Григоревский облыста коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабты, Абылай Мекебаев карантин кезінде облыстағы ахуалдық штабты басқарды. Олардың басшылығымен тәулік бойы санитарлық және блок-бекеттер жұмыс істеді. Қызметтік міндетін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен 50-ден астам қостанайлық полицейге марапат тапсырылды. Олардың арасында «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ПД тылдық қамтамасыз ету бастығы, подполковник Руслан Сәрсенбаев және Қостанай қаласы Полиция басқармасының учаскелік майоры Асхат Жақсымбековті атап өтуге болады. Сондай-ақ мұражайда Тәуелсіздік күніне арналған арнайы көрме ұсынылды, онда елдің қалыптасуының маңызды кезеңдерімен танысуға болады.Әбілмансұр ЖАСАН