Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі қалалық жедел штабта 16-18 желтоқсан аралығында мереке күндері сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың жұмысы туралы мәселе қаралды.
Жоғарыда аталған нысандар мереке күндері қалалық санитар дәрігер Жанна Пірәлиеваның қолданыстағы қаулысына сәйкес, әдеттегідей, яғни сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді. 19 желтоқсан, сенбі күні жұмыс уақыты – 20.00-ге дейін. 20 желтоқсан – жексенбі ірі сауда орталықтарындағы бутиктер жұмысы тоқтатылады. Онда дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан дәріхана, гипермаркет, азық-түлік дүкендері клиенттерге жексенбіде қызмет көрсете алады. Сонымен бірге осы нысандарда және олардың аумағында орналасқан аттракциондарды, балалар ойын алаңдарын, ойын орталықтарын, кинотеатрларды, тамақтану алаңдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады. – Нұр-Сұлтан қызыл аймақта, бірақ оның шарықтау шегінде емес. Соңғы күндері динамика тұрақталып, жақсарып келеді. Қала сары және қызыл аймақтардың арасында. Бұрынғы (қаулы бойынша) жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде дүрлігіс тудырмауға шақырамыз. Жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін азаматтардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды, аса қажеттіліксіз үйден шықпауды сұраймыз, – деді қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева. Айта кетейік, 16-20 желтоқсан аралығында қоғамдық көлік түнгі 23.00-ге дейін жүреді.Абылайхан ЖҰМАШ