Көпвекторлы саясат – ұтымды ұстаным
Көпвекторлы саясат – ұтымды ұстаным
1,769
оқылды

Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басты. Азаттықты айшықтаған аумақтық тұтастық, төл валюта, Қарулы Күштер, мемлекеттік рәміздермен қатар тәуелсіз сыртқы саясат жүргізе бастағанымызға да 30 жылға жуық мерзім өтіпті. Әдетте Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында елдің өткен-кеткеніне көз салатын дағдымызбен бүгін де біз азаттық жылдарындағы жетістіктерімізді сараладық. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның сыртқы саясатының астарына үңілдік.

Әрине, тәуелсіздік алған кез келген мемлекеттің дербес ішкі-сыртқы саясат жүргізетіні бұл­жы­мас қағида. Елдестіруді елшінің міндеті, жауластыруды жаушының қызметі санаған бұрынғы заман жоқ қазір. Керісінше, тұрақты әрі нақты жоспарларға негізделген сыртқы саясат бар. Ал дипломатия дегеніңіздің өзі бүгінде күрделі ғылымға айналып барады. Сыртқы саясаттың жүйелі әрі елге тиімді болуы үшін тұтас институттар жұ­мыс істейді. Қазақстан да жаһан­дағы жетекші мемлекеттер салған осынау соқпақтан жаңылған жоқ. 30 жылға жуық уақытта ауыз тол­тырып айтар табыстарымыз да бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанды дүниежүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақ­станды 120-дан астам елмен дип­ломатиялық қатынас орнатты. Шетелдерде 40-тан астам дип­ломатиялық және консулдық өкіл­дік ашылды. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, ха­лықаралық және ұлтаралық ұйым­дардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді. Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд доллар кө­лемінде тікелей шетелдік инвес­тиция тартылған. Бұл еліміздің сыртқы саясатының жемісті бол­ғанының дәлелі.

Баршамен тату болуды көздедік

Қазақстанның сыртқы саясаты туралы сөз қозғағанда бірден «көп­векторлы саясат» ұғымы еске тү­седі. Әлемдегі қуатты дер­жава­лармен, аймақтағы беделді ел­дермен, одан қалса көрші мемле­кеттермен тату-тәтті болуды көздеу, түсініспеушілікке бастайтын се­бептің алдын алу Қазақстанның басты ұстанымы еді. Тәуелсіздік алған кезде және одан кейінгі бірнеше жылда Қазақстан бірінші кезекте шекара мәселесін шешуді басым бағыт ретінде ұстанды. Сонымен бірге аймақтық және әлемдік қауіпсіздік тұрғысынан да өз ұстанымын айқындаған еді. ҰҚШҰ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі тәрізді ұйымдардың құры­луына Қазақстанның белсене атсалысқаны бар. Теріскейдегі Ресеймен де, шығыстағы Қытай Халық Республикасымен де, Еуро­палық одақпен де, ислам әле­мімен де, алыстағы АҚШ-пен де жылы қарым-қатынас орнатты. Әрине, арада ширек ғасыр уақыт өткен соң бір полярлы әлемнің қалыптаса қоймайтыны айқын­далып келеді. Қуатты мемлекет­­тердің өз мүдде­­­лері үшін дүниенің түрлі аймағында бәсекеге түсіп жатқаны байқалады. Осындай күрделі сәтте де Қазақстан бей­бітшілікті сүйетін, ешкімнен еш­теңе дауламайтын мемлекет ретінде өзін әлемге танытты. Онсыз елдің ішкі тұрақтылығына да кепілдік болмайтынын ұқтық. Украина, Молдова, Грузиядағы оқиғалар сыртқы саясатта біржақты кетіп, бұра тарту қатерлі екенін байқатты. Демек, әу баста таң­­далған көпвек­торлы сыртқы саясат өзін ақтап тұр деген сөз. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты таңдауы 1991 жылғы Президент сайлауынан кейін белгілі болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр мен көлеңке» атты еңбегінде «Бұл жерде көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз басым бағыттардың барлығы бойынша бір сәтте дип­ломатиялық күш-жігерді жұмсап, соңында нақты нәтижеге қол жеткізе алмау емес. Көп­вектор­лық деген мемлекеттің сыртқы саяси курсының қандай да бір әріптес-мемлекеттің іс-әрекетінен, әлемдік рынок конъюнктурасынан тәуелсіз болуы деп түсіну қажет. Тәжірибелік тұрғыда көпвектор­­лылық деген ең бірінші көрші елдермен, ТМД-ға мүше мем­лекеттермен және Ба­тыстың, Азия­ның, Таяу Шы­ғыстың жетекші елдерімен ын­тымақтасу болмақ» деп жазды. Ал кейінірек, 2001 жылдың 15 наурызындағы Қазақ­станның сыртқы саясат тұжырым­дамасында көпвекторлы сыртқы саясат негізгі басымдық ретінде айқындалды. Аталған құжатта ЕЭО, АӨСШК, Орталық Азия, ШЫҰ-мен интег­рациялық үрдіс­терді дамытуға басымдық берілді. Сонымен қатар Ресей, Қытай, ТМД елдері, АҚШ, ЕО, Жапония, Үндістан, Түркия және Иранмен байланысқа назар ау­дарылды. Сонымен қатар Қазақстан ха­лықаралық ұйымдармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. БҰҰ, ЕҚЫҰ тәрізді ұйымдарда өз позициясын айқын байқатты. 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің өтуіне мұрындық болса, 2017-2018 жыл­дары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қыз­мет атқарды. Еліміздің беделді халықаралық ұйымдағы осынау мүшелігін 2016 жылы БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і қолдап, дауыс бер­ген болатын.

Көршімен тату, ағайынмен жақынбыз

Әрине, дипломатияда мемле­кеттің мүддесі түрлі тәсілмен қор­ғалатыны сөзсіз. Дегенмен елі­міздің сыртқы саясатында өз жемі­сін бүгін-ертең болмаса да, келе­шекте беруі мүмкін бағы та бар. Ол – түркітілдес мемлекеттер ара­сындағы ынтымақтастық бағыты. Біздің пайымдауымызша, Қазақ­станның сыртқы саясатында түр­кітілдес мемлекеттермен ынты­мақтастықты күшейту өзекті болып қала береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бірқатар ұйым бүгінде түркітілдес мемлекеттердің өзара байланысын тереңдетуге қызмет етіп отыр. Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүркПА тәрізді ұйым­дарда Қазақстан шешуі орындарға ие. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаев түр­кітілдес мемлекет басшыларының барлық басқосуына қатысқан. Саясат­танушы Нұрлан Сейдін еліміздің мұндай қадамын түркі әлемі халық­тарының рухани мұрасын бірік­тірумен байланыстырады. «Қазақ­станның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұра­сын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемле­кет­тердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды», – дейді саясаттанушы. Яғни, бұл бағыттағы интегарция әзірге мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым бағытында өрбуде. Дегенмен Каспий теңізінің құ­қықтық мәртебесінің айқын­далуы бұл бағыттағы интеграцияның болашақта экономикалық сипат алу ықтималдығы бар екенін де байқатады. Тікелей одақ құрылмаса да, бірлескен жобалардың қатары өсуі мүмкін. Қазақстан Президенті өткен ғасырдың 90-жылдары Баку–Джейхан мұнай құбырын, Баку–Тблиси–Каср теміржол желі­сін салуға бауырлас мемле­кеттердің басшыларын көндірген еді. Бұл жобалар кейін Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін өз тиім­ділігін көрсете бастады. Одан бөлек, тәуелсіздік жыл­дарында Орталық Азия одағын құру идеясы да ара-тұра көтеріліп қалатын. Тіпті, бұл бастаманы да алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті көтерген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы аймақтағы 5 елдің бас­шыларына Орталық Азия одағын құру туралы идеясын ұсынды. 1998 жылы тағы да Н.Назарбаевтың ұсынысымен, тіпті табанды­лы­ғының арқасында Орталық Азия елдерінің қауымдастығы құрылған болатын. Бірақ қауымдастық одаққа айнала алмады. Дегенмен АҚШ-тың аймақтағы мүддесі аясында G5+1 форматындағы кездесулер өтіп тұрады. Біздің пайымдауымызша, бұл форматтағы басқосулардан да Қазақстанның көвпекторлы сыртқы саясатының тиімді тұстарын байқау қиын емес. Оның үстіне, еліміз әу бастан-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға мүдделі екенін алға тартып келеді. Әр бұл бағытта да аянып қалған емес.

Жаңа тұжырымдама жасалды

Аяқталып келе жатқан 2020 жылдың да тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатында өзіндік із қал­дыратыны анық. Өйткені биыл Қазақстанның жаңа 2030 жылға дейінгі сыртқы саясат тұжы­рым­­дамасы қабылданды. Құжатта халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгеріске ұшырағаны, әлем­­­де сенім дағдарысы пайда бо­­лып, шиеленістердің артқаны, қауіпсіздік пен диалог бойынша көпжақты институттар функ­цио­налдығының төмендегені, алдын алу дипломатиясы және дау­ларды реттеу тетіктері тиім­ділігінің әл­­­­сірегені айтылған. Сонымен қатар халықаралық құқық­тың негіз қа­лау­­­шы қағи­даттардың бұзылып, әлемдік деңгейде екі негізгі үрдіс­тің – жаһандану мен ұлтшылдықтың бетпе-бет келгені, өз кезегінде мұның шағын және орта мемле­кеттерге елеулі қауіп төндіретіні көрсетілген. Одан бөлек, терро­ризм, экстремизм, жаппай қару­лану, оның ішінде зымырандық, ядролық және ғарыштық қару, климаттың өзгеруі және тағы бас­қалар сияқты дәстүрлі сын-те­геу­­­­­ріндер мен қатерлердің өрши түс­кені баяндалады. Осы және өзге де сын-тегеуріндер ескеріле оты­рып, жаңа құжат қабылданды. Прези­дент Қ.Тоқаев 9 наурызда қол қой­ған тұжырымдамада Қазақ­станның мемлекеттік дамудың жаңа ке­зеңіне шығуы және жаңа экономи­калық бағыттың қалыпта­суы Қа­зақстанның сыртқы саяса­тын жаңа болмыс пен сын-қатер­лерге алып келетіні айтылған. Он­даған тар­мақтан құралған құ­жатта халық­аралық бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті сақтау, эконо­мика­лық дипло­матия, адам құ­қықтары, гумани­тарлық дипло­матия және қоршаған ортаны қорғау, өңірлік және көп­жақты дипломатия саласындағы басым­дықтар қарастырылған. Де­мек, Қазақстанның сыртқы сая­саты сабақтастығын сақтай оты­рып, жаңа сипатта өрбуі әбден мүмкін. Ал тәуелсіз елдің сая­са­тында мұн­дай бетбұрыстар қа­лыпты сана­лады.

Ардақ СҰЛТАН