Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы жариялаған Бес әлеуметтік бастаманың бір бағыты студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағдарын ұстанғаны белгілі. Тұрмыстық жағдай жайлы сөз қозғалғанда, тіл ұшына жатақханамен қамту мәселесі алдымен оралары анық. Қоғам үшін қажеттілігі зор осынау міндетті орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, мемлекеттік тапсырысты орналастыру реттілігін әзірлеп шықты. Онда маңызды іске жеке сектордың кеңінен қатысу шарттары мен тетіктері жан-жақты жүйелі негізде қарастырылған.
Осыған орай, бүгінгі күні инвесторлар мен жеке кәсіпкерлердің өзара тиімді шарттар арқылы студенттік жатақханалар құрылысын салуға атсалысу мүмкіндігі мейлінше мол. Осы тұрғыда олардың бұл үдеріске ауқымды түрде, нақтылай түссек, тек әлеуметтік нысан салу ретінде емес, табысты, тұрақты және келешегі кемел бизнес-жоба ретінде назар салғандары жөн. Ең бастысы, мұны іс жүзіне асырудың қолайлы алғышарттары бар.
Ұсыныстың қашанда сұраныстан бастау алатыны баршаға мәлім жайт. Мәселен, бүгінгі таңда ел аумағында студенттер үшін 75 мың орынжайды қолданысқа енгізу қажеттілігі туындап отыр. Оның ішіне еліміздің ірі қалаларынан бастап, облыстық маңызы бар қалаларды қамтитын барлық өңір кіреді.
Енді студенттер жатақханасы құрылысына мемлекет қаржысын салу мәселесіне қайыра оралып, шарттылықтарды талдауға талпыныс жасап көрсек – ілкімді іске білек сыбана кіріскен инвестор немесе жеке кәсіпкер нысанды (жатақхананы) студенттер игілігіне пайдалануға бергеннен кейін мемлекет тарапынан 8 жыл бойы үздіксіз негізде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жолымен ақша төлемдері жүргізілетін болады. Осы орайда, төлемдердің мөлшері пайдалануға енгізілген және білім алушы нақты орналасқан орынжайлар санына байланысты болатынын ескерте кеткен абзал. Жыл сайын әр орынжай үшін жаңадан жатақхана салынған жағдайда – 122 АЕК, ғимаратты жатақхана ретінде реконструкциялау жасалған жағдайда 47 АЕК көлемінде қаржы төленеді.
Бұл бастама бұдан да бөлек табыс көзі болу мүмкіндігімен тиімді. Өйткені студенттер төлейтін ай сайынғы тұру ақысы мемлекет тапсырысының құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхананың меншік иесі дербес реттейді және ол нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының шынайы шарттарына сәйкес анықталады.
Сонымен бірге құрылысты салушы немесе ғимаратқа реконструкция жасаушы тарап (меншік иесі) тұрмыстық қызметтер көрсету мақсатында коммерциялық алаңдар жасақтауға құқылы. Олардың негізгі тұтынушылары, әрине жатақхана тұрғындары болары күмәнсіз.
Жобаға қатысудың біршама шарттары бар, оның бастысы – қолға алған істі ілгері бастыру үшін бастапқы капитал мен жер телімінің болуы. Жер телімі болмаған жағдайда біз оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы, өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен бірге жобаны бастамалау немесе консорциум құру жолымен ресурстарды біріктіру арқылы алудың бірқатар тиімді жолдарын ұсынамыз.
Сонымен қатар егер белгілі бір тұлға ғимараттың меншік иесі болса, оны жатақханаға бейімдеп реконструкция жасау және оған мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында тартынбай талаптануға болады.
Жобаны іс жүзінде жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғаннан бері жоғарыда аталған мазмұндағы 38 алдын ала шарт жасалды, соның нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа орынжай қолданысқа тапсырылып, студенттер игілігіне айналмақ.
Мәселен, биылғы жылдың қараша айындағы жағдай бойынша 2 287 орынды қамтитын 11 нысанды пайдалануға беру қамтамасыз етілді (Шымкент қаласы: ЖК «Кайпова» – 350, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ – 250; Алматы қаласы: Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті – 188, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті – 260; Ақтау қаласы: ЖК «Гусейнов» – 180, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті – 170; Қарағанды қаласы: ЖК «Рыспаева» –100; Семей қаласы: «Қайнар» жоғары колледжі – 105, Өскемен қаласы: «Қазақстан-Американдық еркін университеті» ЖШС – 106; Павлодар қаласы – RnR Group ЖШС – 178, Қызылорда қаласы – «ДиЛМАШ» ЖШС – 330 орын).
Жобаға қызығушылық танытқан мүдделі тараптарға қатысу шарттарымен толық танысу үшін studdom.kz сайтына кіру және 8-8000-802-828 нөмірі арқылы БҒМ Қаржы орталығының колл-орталығына хабарласу қажет. Ал одан кейінгі қадам – шарт жасасу үшін Қаржы орталығына өтініш беру керек.
Біз, әрине мәуелі жемісін берер екіжақты тиімді әріптестікке қашанда мүдделіміз.
«Қаржы орталығы» АҚ