Шалғай аудандар жол азабын тартып жүр
Шалғай аудандар жол азабын тартып жүр
530
оқылды

«Жол азабын жүрген бі­лер» демекші, Түркістан об­лы­сының ең алшақ жат­қан оңтүстік аудан­да­ры Мақ­та­арал мен Же­тісай­дың тұрғын­дары облыс ор­та­лығына қатынау үшін жол бойы көп қиындықты бастан кешіріп жүр. Мәселен, Түр­кістанға Шымкент қаласы ар­қылы айналып келетін бол­са, онда 400 шақырым бойы Келес, Сарыағаш ау­даны­ның аумағындағы тар және соқпақ жолдармен жүруге тура келеді. Одан бөлек, қаптаған көліктерден туындайтын кептелістер жолаушыларды шаршатып жібереді. Ал төте жол болып саналатын Арыс қаласы және Шардара мен Отырар аудандары арқылы өтетін автожолдардың жыры бөлек әңгіме.

Же­тісай – Сарыағаш қала­ларының арақашықтығы ша­мамен – 120 шақырым. Бұл аралық – рес­пуб­ликалық ма­ңызы бар А-15 са­натты авто­мобиль жолына жа­тады. Шымкент ар­қылы жү­ре­тін көлік жүр­гізушілер үшін Келес ауданының орталығы Абай мен Сарыағаштың ішін­дегі Ташкентпен шектесетін ау­мақ­тарда кептеліс жиі болады екен. Шардара, Арыс қаласы, Отырар ауданының аумағынан өтетін жолдардың көп жерлерінің сапасы төмен болғандықтан, жолаушылар бұл жолдармен көп жүре бермейді. Оның үстіне аталған қала мен аудан аумақтары арқылы Түркістанға жететін жол­дардың саны көп, яғни жо­лай елді мекендердің арасын жал­ғап салынған өрмекшінің торын­дай шым-шытырық авто­жол­дармен кім қалай жүргісі кел­се, солай басып жетеді. Бұл – жеке авто­кө­лікпен жүретін жолау­шы­лар­ға қа­тысты жағдай.

Жетісайлық Ахметәлі Қалжанов есімді ақсақалмен сөй­лес­кенімізде, ол Жетісайдан Шым­кент арқылы Түркістанға барар жолдың шалғай, ал авто­жол­дардың сапасы нашар екенін жеткізді.

– Түркістанға Шымкент ар­­қылы жүрер болсақ, жолай Сарыағаш, Абайдан өтетін кез­де қатты қиналамыз. Өйт­кені ол жерлерде көліктер көп жү­ре­тін­діктен, кептеліс сұм­дық. Тіпті, кейде кеп­те­ліс­тен өте алмай, сағаттап тұ­рып қа­ла­тын кезіміз болады. Әсіресе, Сарыағаш базарының маңы тіптен ығы-жығы. Оның үс­ті­не жол өте тар салынған. Ал та­ғы бір Түркістанға баратын жа­қын­дау жолымыз бар. Ол үшін Сарыағаштың базарына жетпей, сол жаққа бұрылып, Монтайға (Монтайтас) барып, одан ары қарай тіке Арысқа жүреміз. Бірақ Арыс қаласынан Төрткүлге дейінгі үлкен жолға жеткенше жол нашар. Сол се­бепті Сарыағаш пен Абайдың сыртынан айналма жол салып берсе, дұрыс болар еді, – дейді Ахметәлі ақсақал.

Ал шардаралық Мелдехан есімді азамат жалпы жолдың жаман емес екенін айтып, Же­тісай мен Шардарадан күнделікті спринтер шағын жолаушылар көлігінің жүретінін жеткізді.

«Түркістанға күнделікті екі сприн­тер жолаушылар шағын авто­бусы қатынап жатыр. Бірі – Жетісайдан шықса, екіншісі – Шардарадан қатынайды. Жол Аққалаға дейін тегіс. Одан ары қарай жол жасалып жатыр. Шәуілдірдің жолы Түркістанға дейін жақсы. Біз үшін Түркістанға тіке барған жақын, ал Шымкент арқылы жүрер болсақ, онда 500 шақырымға созылып кетеді» деді ол.

Оның айтуынша, Түркіс­таннан Шардараға дейін жолдың қашықтығы 270 шақырымнан астам болса, одан ары Жетісайға дейін шамамен 90 шақырымды құрайды. Яғни, Мақтаарал мен Жетісайдың арасы 20 ша­қы­рымдай жер болса, ол жақтан Шардара, Түркістанға қарай бару үшін Сырдарияның бойына жағалай жол салынған.

Мақсат Төлепханов есімді азаматтың сөзінше, Мақтаарал мен Жетісай аудандарының халқы 400 мыңнан көп бол­ған­дықтан, Шымкентке баратын жолда көлік қатынасы тығыз болады екен.

«Әрине, Шардара арқылы баратын жолдарды жақсылап реттесе, дұрыс болар еді. Негізі­нен, тұрғындар Шымкент арқылы жүргенге әбден үйренген. Сол себепті Сарыағаш пен Абайды айналып өтетін айналма жол са­луы керек. Ал қоғамдық көлікпен қатынайтындар көбіне Шымкент арқылы жүргенді ыңғайлы са­найды» дейді ол.

Мәселенің мәнісін біл­мек болып, Түркістан облы­сы жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары басқарма­сы­ның басшысы Ролан Ибрагимов­ке хабарластық.

Ролан Бекмағамбетұлының айтуынша, шалғайда жатқан аудандардың жалпы жағдайы, жолы, көлік қатынасы бәрі бақылауда және ол үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Түркістан облысының оңтүс­тігіндегі Мақтаарал, Жетісай мен Шардара аудандары тұр­ғын­дарының облыс орталы­ғына қатынауы үшін қандай автожолдармен жүреді? Мақта­арал­дан Түркістанға тікелей келетін басқа жол салына ма? Бұрынғы жолдар талапқа сай толық жөндеуден өткізіле ме? Әлде, Шымкент қаласы арқылы айналып жүре бере ме?

«Мақтаарал, Жетісай ау­даны тұрғындарының облыс орталығы Түркістан қаласына қатынайтын жолы бар. Атап айтқанда, Жетісай қаласынан – Жуантөбе елді мекеніне дейін республикалық маңы­зы бар  65 шақырымды құ­рай­тын А-15 санаттағы авто­­жолды 2020 жылы жөн­деу жоспарлануда. Одан ары қа­рай Шардара қаласына дейін об­лыс­тық маңызы бар жолдар, яғни КХ-107 жолының 14,2 ша­­қы­рым – жол жа­­бындысы қа­на­ғат­тандырар­лық жағ­дайда. КХ-72 53,8 ша­қырым – 20 ша­қырым жолда орташа жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жы­лы пайдалануға беріледі. Қалған 33,8 шақырым жол тәуір» деді Ролан Бекмағамбетов.

Сонымен қатар Жетісай жә­не Мақтаарал ауданының тұр­ғындары Шардара қаласына дейінгі арақашықтықты ша­мамен 100 шақырымды құрайтын Шардара су қоймасын айналып өтетін «Қазсушар» РММ тең­ге­ріміндегі жолмен де баруға мүм­кіндігі бар екен.

Шардара қаласынан Шәуіл­дірге дейін 217 шақырымның бірқатар аумақтарына орташа жөндеу мен кейбір жерлеріне күрделі жөндеу (2019-2021 ж.) жүргізілмек.

Шәуілдірден Түркістан қа­ласына дейінгі аралық 70 шақы­рым­дық жолдың жағдайы жақсы. 2020-2024 жылдар аралығында аталған аралықта қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, 4 жолақты I санаттағы жолға айналады.

«Ал аталған аудандарға Шым­кент арқылы баратын авто­жол­дың Сарыағаштан басталатын нашар жолдары қашан жөн­деледі?» деген сауал қойдық.

«Сарыағаш – Жетісай қала­ла­ры­ның арақашықтығы – 120 ша­қырым. Бұл аралық – респуб­ли­калық маңызы бар А-15 санатты автомобиль жолы. Аталған жолдың 31 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы аяқталады деп күтілуде. Қалған 89 шақырым жолын 2020 жылы жөндеуден өткізу жоспарлануда» деп жауап берді.

Аталған аудандардың тұр­ғындары облыс орталығына барып-келу үшін қоғамдық кө­лікпен қамтылған ба? Бар болса, қандай көліктер қатынайды және жүретін мезгілдері туралы мәлімет беруін сұрадық.

«Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттен, Же­тісай және Шардара қалаларынан Түркістан қаласына тұрақты қо­ғамдық жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Атап айт­қанда, 18-19 адамға арналған Mercedes Benz (Спринтер) шағын автобустар әр күні Түркістан бағытына қатынап тұрады. Одан бөлек, 2019 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап әлеуметтік маңы­зы бар «Сарыағаш-Түр­кіс­тан» теміржол бағыты ұйым­дас­тырылған. Пойыздар аптасына 5 рет (дүйсенбі, бей­сенбі, жұма, сенбі, жексенбі) қатынайды. Шығатын уақыты, Түркістан қала­сынан: 06.00, Сарыағаш қала­сынан: 14.45 минут өткенде қозға­лып кетеді» деп жауап берді.

Сондай-ақ шалғай жатқан аудандардың тұрғындары Түр­кістанға жету үшін бұрын об­лыс орталығы болған Шымкент қаласына баруға әбден дағды­ланғандықтан, аздап қашықтау болса да, көбіне сол жақпен ай­налыс жасайды екен. Айта­лық, оңтүстікте орналасқан ау­дандардың тұрғындары көбінесе сауда-саттығын жасау үшін және Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларға жол жүру үшін бұрынғы облыс орталығы – қазір мегаполис атанған Шымкент қаласы арқылы жүруді өздеріне ыңғайлы санайтын көрінеді.

Тағы бір ерекше еске­рер жағдай, бүгінде цифрлан­дырудың арқасында интернет пен компьютерді жақсы мең­гергендер қажетті құжатты үйде отырып-ақ ала алады. Бұрын­ғыдай облыс орталығына көп шапқылау да қажет емес. Сол себепті облыс орталықтарына жұмыстарымен құжынап қаты­нап жататындардың қатары сиреген. Десек те, жолдың сапалы жөнделгені жергілікті ағайынды ауыртпалықтан құтқарар еді деген ойдамыз.

 

Түркістан облысы