Тәуелсіздік – баға жетпес құндылығымыз
Тәуелсіздік – баға жетпес құндылығымыз
260
оқылды

Бәрінен бұрын бізді тәуелсіз Қазақ елінің жарқын болашаққа бағыт алып, күннен-күнге кемелденіп келе жатқаны қуантады. Еңсемізді тіктеп, елдігіміз бен теңдігіміз теңеліп, дініміз бен тіліміз қайта жаңғырды. Ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы көтеріліп, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылдық.

Бүгінде мемлекетіміздің тұғыры берік қалыптасып келеді. Еліміздің бейбіт күнді сақтау үлгісі де өзге елдерге үлгі болуда. Елбасының Жолдаулары мен берген тапсырмалары сабақтастығын сақтап, оны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ары қарай сенімді түрде жалғастырып отырғанына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы кейінгі Жолдауында ұлттық болмысымызды қалыптастыруды басты назарында ұстап, оған барынша күш салу қажет екенін де тілге тиек етті. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та әрқашан жастарға зор сенім артып, әр сөзінде елімізді дамытып, көркейту де жастардың қолында екенін баса айту үстінде. Мұны Елбасының: «Мен сіздердің өз өмірлеріңіз бен ел өмірін толыққанды, сәнді және бояуын қанық ете алатыныңызға кәміл сенемін. Жаңа ғасырға Қазақстанды сіздер бастап барасыздар!» – деген сөзінен-ақ ұғуға болады. Егемен елімізді мекендеген халқымызды қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді. Олар бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер. Иә, мұның бәрі – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген құндылық пен табысымыз. Бастысы, біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Ең маңыздысы, қуатты, егемен елде өмір сүріп жатқандығымыз. Сондықтан әрбір сәтті бағалай білгеніміз жөн. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігі мен табысы толайым. Дана қазақ «Бағалай білгенге – бақ, қуана білгенге құт қонады» деп бекер айтпаса керек. Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалап, жақсылыққа, игі істерімізге қуана білейік. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын, Алаш жұрты. Болашақ ұрпақтарға бақытты өмір сыйлайтын 29 жылдың толағай табысы баянды болғай.

Ақбота САПАРБАЕВА, Алматы қаласы Наурызбай ауданы 174 мектеп-гимназияның мұғалімі