Марқұмнан қылмыскер жасау – асығыстық
Марқұмнан қылмыскер жасау – асығыстық
146
оқылды

Осыдан екі жарым ай бұрын, яғни 15 қыркүйекте Екатерин­бург-Алматы тас­жо­лының 2 449 шақырымындағы Шамал­ған бе­кетінде пойыз автобусты соғып, автобус жүргізушісі Нұрғали Со­рокуба оқи­ға орнында қаза болған еді. Бүгінде атал­ған факті бойын­ша Қылмыстық ко­дек­стің 345-бабы 2-тармағы және 344-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амал­дары жүріп жатыр. Күні кеше еліміздің ақпарат құралдарын­да мар­құмның жары Ләйлә Жарылғасо­ва­ның елді елең еткізер жанайқайы жа­рия болды.

Оның айтуынша, сот Нұрғали Сорокубаны шойын жол бойында­ғы қай­ғылы оқиғаға ті­келей кінәлі деп тауып, істі жаппақ көрінеді.

«Біз өттік, жасыл жанып тұрды. Дис­петчер еш­қандай шара қол­дан­­бады. «Қазақстан те­мір жолы» оны қойған адамына, қойған адам­­ның жауапкершілігін өз мой­нына алсын. Мүге­дек адамды қой­ған. Неліктен олар мүгедек адам­­ды мұндай жауапты жұмысқа қой­ғанын түсін­дірсін» деген Лейла Жа­рылғасова теміржол ком­пания­сы­ның өкілі бүкіл айыпты ав­тобус жүр­гізушісі Нұрғали Сорокубаға ауда­рып, өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетпек деп са­найды. Ол ұлт­тық компания диспетчердің 3-топтағы мүгедек екенін жасырып отыр, куә­лік етуге келгенде, екі сөз­дің басын құрай ал­мағанын көр­дім деп отыр.  

Төрт баламен жесір қалған ке­лін­шектің марқұм күйеуіне қа­тыс­ты істің жабылатыны туралы хабар айтылғалы бері мазасы кеткен. Ол авто­бустағы қаншама адамның өмірін сақтап қалған кі­сінің айып­талуын түсіне алмай отыр.

Л.Жарылғасова оқиғаның қа­лай болғаны туралы бұған дейін де баяндаған. Қайтыс болған жүргізуші Нұрғали Сорокуба мен әйелі Ләйла Жарылғасова «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-да соңғы бір жылдан бері бірге жұмыс істеген. Ол күйеуі жүргізген автобуста кондуктор болғандықтан, атышулы өтпежол­дың проблемасын жақсы білемін дейді, сондықтан да оқиғаға диспетчерді кінәлі деп санайды.

«Диспетчер шлагбаумды кептеліс болмасын деп қызыл түс жанса да ашып қояды. Қызыл түс он минутқа дейін жанып тұра береді. Олар автобустың келгенін, сыймайтынын, шығып кете ал­май­тынын білді. Онда неге шлаг­баумды ашты? Адамдарды шыға­рып үлгердік. Бір апаны қолынан жетектеп апарғанша пойыз да келіп қалды. Сол сәтте күйеуіме «Секіріп кетші!» деп айғайладым. «Аяғың сынса да секіріп кетші» дедім, үлгермеді ғой...» – деген еді Ләйлә Жарылғасова оқиға болған күні.

Ал Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұлов: «Автобус жүргізушісі дыбыс белгісіне қарамай, теміржолға шы­ғып кеткен. Салдарынан пойыз автобусты соққан» – де­ген еді. Бұл оқиғада Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаев қана кінә­ліні атауға асыққан жоқ, ол тек өтпежолдың бағдаршаммен, ар­найы шлагбауммен және өтіп кету­дің алдын алатын металды техни­калармен қамтамасыз етілгенін жеткізген.

«Шлагбаум түсірілгеннен кейін көліктердің өтіп кетуінің алдын алатын техника жолды бөгеп қалады. Ал автобустың қоршаудан өтіп кетуінің себебін тергеу жұ­мыстары кезінде анықтаймыз. Бүгіндері оқиға орнында тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Автобус қаңқасы сараптама жұ­мы­сына өткізілді. Сол маңай­дағы өтпелі жолға жауапты ма­ман­дардың да кінәсі анықталып жатыр» – деген еді министр.

Министрдің «өтпежолға жауапты мамандардың да кінәсі анық­талып жатыр» деген сөзі ғана көңілге медет. Әйтпесе, ұзын со­нар кептеліске жол бермеу – өтпежолға жауаптылардың мін­деті. Марқұмнан қылмыскер жасау­дың кімге керек болғанын білмейміз, бірақ қайғылы оқиғаға күйеуін тікелей кінәлі деп табуы мүмкін екені туралы хабар Л.Жарылғасова­ны есеңгіретіп тас­та­ды. Ал оның жанайқайы мен сұрағына құзырлы орындар мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қандай жауап айтар екен?

 

Айдана БЕГІМ