Елордада 150-ден астам отбасыға пәтер кілттері табысталды. Олардың ішінде фельдшерлер, медбикелер, мұғалімдер, дәрігерлер бар, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаңа тұрғын үй елордамыздың Алматы ауданында, жаңа вокзалдың жанында орналасқан. Жанында медициналық орталықтар, мектептер, балабақшалар бар. Бұл автономды қазандық табиғи газға қосылған алғашқы үй.
Бұған дейін Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесе әлеуметтік пәтер алушылар санаты едәуір кеңейттілген еді. Тізімге медицина қызметкерлері мен мұғалімдерден басқа әлеуметтік қызметкерлер, төтенше жағдай департаментінің, полиция департаментінің қызметкерлері, мәдениет және спорт қайраткерлері кірді. Аталған бағдарлама бойынша 1 мыңға жуық пәтер беру жоспарланып отыр. 500-ден астамы беріліп те қойған. Құжаттама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлер сатып алу құқығымен беріледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылған. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан кезекте тұрғандарға арналған пәтерлердің тағы біршамасы табысталмақ. Қолжетімді тұрғын үй құрылысына үй құрылысы комбинаттары да көмектеседі. Жақында қалада осындай екінші комбинат ашылды. Олардың артықшылығы-үйлерді салу мерзімі қысқарады және шаршы метрдің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.