Ақтөбеде жыл сайын 200 жаңа жобаға қаржылай қолдау көрсетіледі
Ақтөбеде жыл сайын 200 жаңа жобаға қаржылай қолдау көрсетіледі
213
оқылды
«Nur Otan» әр отбасының, әр адамның жайлы өмір сүруі үшін 7 басымдықты шегеледі. Экономика даму қарқынын сақтаса, адамдарды жұмыспен қамту, сөйтіп әлеуметтік әлеуетті арттыра түсу мақсаты көзделді. Шалғай ауыл адамдарымен кездескен үміткерлер алдағы бес жылда атқарар шаруаның жай-жапсарын айтып, тұрғындардың сауалына жауап берді. «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Ербол Данағұлов және Тахталифум Есенғұлов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Рахат Сыдықов, Ғалымжан Елеуов Шалқар ауданының тұрғындарымен кездесті. Облыстық сайлауалды штаб басшысы Ербол Данағұлов партияның бағдарламасын түсіндіріп, тұрғындардың ұсыныс-тілегі маңызды екенін жеткізді. «Биыл біз үшін үлкен сынақтар жылы болды. Коронавирус инфекциясы  өмірімізді, басымдықтарды өзгертіп, көп мәселені басқаша қарауға мәжбүр етті. Біз басты құндылық – адамның өмірі мен денсаулығы екенін түсіндік. Қазақстан да әлемнің басқа елдері секілді ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды. Осы сын-қатерлерге қарамастан «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, қызмет көрсетіп тұрған жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ, облысымызды қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күшін салады», – деді Ербол Данағұлов. Кездесуде үміткерлер тұрғындар сауалдарына жауап беріп, алдағы бес жылда облыста атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.  Кейін олар Шалқар аудандық ауруханасына да барды. Мұнда денсаулық саласының негізгі көрсеткіштеріне және партияның алдағы бес жылдық жұмыс жоспарына тоқталып, медицина қызметкерлерінің ұсынысын тыңдады. Сонымен бірге Шалқар қаласының орталығындағы «Сартай» сауда үйінде шағын және орта бизнес өкілдері басқосып, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Ербол Данағұлов тұрғындарды жұмыспен қамтуда және халықтың әл-ауқатын арттыруда шағын және орта бизнестің маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Алдағы бес жылда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын кәсіпкерліктің кемінде 200 жаңа жобасына қаржылық қолдау көрсетіліп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 60 жобаға жеңілдетілген несие беріледі. Жыл сайын 2 мың адам кәсіпкерлік ілімін үйренеді. Сөйтіп 2025 жылға қарай ШОБ субьектілерінің саны 62 мыңға жетеді. Ал «Қамқор Локомотив» ЖШС Шалқар сервистік орталығының қызметкерлерімен кездесу барысында ірі өндіріс орындарының жұмысы мен экономикалық даму көрсеткіші сөз болды. Өндірістік орталық директорының міндетін атқарушы Қайрат Махамбетов мекеме қызметкерлерінің басым көпшілігі партияның белсенді мүшелері екенін айтып, «Nur Otan»-ды бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Байқадам, Бегімбет ауылдарының тұрғындары да партияның сайлауалды бағдарламасымен жіті таныс. Үміткерлер ауыл тұрғындарына «Есіктен есікке» акциясын өткізіп, «Алтын алқа» иегері Сәлима Жолмағанбетованың, «Күміс алқа» иегері Рысжан Өтепбергенованың, ІІ топ мүгедегі Зүбайда Беркалина және Нұрмұханбет Наурызалиннің үйлеріне барып, Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды. Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттығына үміткер Динара Алшора Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, аға буын өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында үміткер партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы атқарылар істерге тоқталды.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.