Алматыда Eurovision Junior 2019 байқауының жүлдегері Ержан Максим баспасөз мәслихатын өткізді. Ержан журналистер сұрақтарына барынша ашық және еркін жауап берді.
– Байқау алдында қатты қобалжыдым. Бірақ екінші орын да жаман емес. Менің өнерім сіздерге ұнады деп ойлаймын. Ештеңеге өкінбеймін. Нәтижесі шыққанша қобалжыдым. Екінші орын алғанымды естігенде қуандым. Жылап жібере жаздадым, – деді жас өнерпаз ағынан жарылып.
– «Хабар» агенттігі – Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі. Бұл мүшелік Балалар Евровидениесі байқауына елден екінші рет үміткер ұсынуға мүмкіндік берді. Еліміздің алғаш рет қатысуы өте сәтті болды. Ержан Максим 19 елдің әншілері қатысқан әнсайыста екінші орын алды. Сондай-ақ ол кәсіби әділқазылардың дауысы бойынша көш бастады. «Хабар» агенттігі осы шара үшін үлкен дайындық және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бізді TRT телеарнасы мен өзбек және қырғыз әріптестеріміз қолдады. Ержан түркі әлемі өкілі ретінде сахнаға шықты, – деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.
Әншінің анасы Гүлмира Әлібек баласына қолдау көрсеткен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді. «Ержан барынша өнер көрсетті. Бұл тек оның жеңісі емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі деп ойлаймын. Осы байқауды көруге мүмкіндік бергені үшін «Хабар» агенттігіне алғысымды айтамын. Демеушілер мен ән авторлары, клип түсірушілерге көп рақмет! Барлық қазылар Ержанға жоғары балл берді. Әлеуметтік желі қолданушылары да баға беріп жатты. Тіпті, арасында халық дауысының жетпей қалғаны үшін кешірім сұрағандар да болды. Ешкімге өкпеміз жоқ», – деді ол.
Ержан Максимнің жеке концерті алдағы жылы жазда елімізде, анығы әншінің туған өңірі Орал қаласында өтеді. Қазірдің өзінде жас өнерпаздың өз елдерінде концерт беруіне ұсыныстар түсіп жатыр. Әншінің анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, концерт туралы ұсыныс Польша елшілігінен түсті. Әзірге бұл мәселе жан-жақты талқылануда. Концерт шамамен келер жылдың наурыз айына жоспарланып отыр. Бұл оның жеке концерті болады.