«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қостанай облысы Әулиекөл ауданында «Бабадан қалған қазынам» атты қазақ халық аспаптарының аймақтық фестивалі өтті.
Фестивальге Алтынсарин, Науырзым, Қарасу, Қамысты, Қостанай аудандарының өнерпаздары қатысты. «Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық құндылығын осындай бағыттағы шаралар айғақтайды. Біздің басты миссиямыз – ұлттық кодты сақтау, жаңғырту, насихаттау. «Бабадан қалған қазынам» атты қазақ халық аспаптарының аймақтық фестивалін мәдени мұрамызды дамыту, аймақтар арасында мәдени байланысты нығайту мен халық аспаптарында ойнау дәстүрін дәріптеу мақсатында өткізіп отырмыз», – деп шымылдықты ашты Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жібек Кәкімжанқызы.
Аудандық мәдениет үйіне жиналған ұжым қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үнін, орындаушылық дәстүрін ортаға салды. Фестивальдің бірінші кезеңінде ансамбльдер шығармалары орындалды. Ансамбльдер өз шығармаларын эстрадалық бағытта ғана емес, сондай-ақ қазақ халық аспаптары – асатаяқ, шаңқобыз, шылдырмақтармен әспеттеді. Қарасу ауданы өнер мектебінен келген «Дала әуені» ансамблі, «Грек композициясы» квартеті, Алтынсарин ауданынан «Ата мұра» ансамблі, Қостанай ауданынан «Көк бөрі» этноансамблі, Әулиекөл ауданы өнер мектебінің «Қазына» этноансамбльдері өнерін ортаға салды. Екінші кезеңде жекелей орындаушылар бақ сынады. Үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.
Әділ БЕК