Қылмыскерді жалаңаяқ қуған полицей ерледі
Қылмыскерді жалаңаяқ қуған полицей ерледі
5,213
оқылды

Қостанайда алаяқтар зейнеткерді алдап, 800 мың теңгесін алып қоймақ болған.

Бірақ, полицияға дер кезінде хабарласып, қаскүнем қылмыскер орнында ұсталды. Бұл туралы Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Кенже Қонысбай хабарлады.

Алаяқтар қостанайлық зейнеткер Владимир Федосеевтің Ресейде туыстары бар екенін білген. Сол себепті, зейнеткердің үй телефонына оның туыстары болып қоңырау шалып, шұғыл түрде 800 мың теңге сұраған. Сондай-ақ, ақшаны Қостанайда тұратын адам алады деп сендірген.

Арам ойдан ада ақсақал оларға сеніп, ақшаны беруге келіскен. Сол күні түске таман қаскүнемдердің бірі Владимир Павловичке келіп, 680 мың теңге көлемінде ақшаны алып кеткен. Кейін қалған сома үшін қайтып келетінін айтқан. Сол кезде зейнеткердің көңілінде күмән пайда болып, өзінің күйеу баласы Алексей Богдановичке қоңырау шалады. Ол дереу қайын атасының үйіне жетіп, 102-ге хабарлайды.

Зейнеткердің пәтеріне Қостанай қаласы Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қайрат Шалғынбаев келеді. Ол дереу жағдайды бағамдап, алаяқтарды ұстау жоспарын құрады.

Учаскелік полицейдің нұсқауы бойынша қария қаскүнемді қалған қаржыны алып кетуге шақырады. Күдікті пәтерге кіргенде полиция қызметкері мен Виктор Павловичтің немерелері басқа бөлмеде жасырынады. Бұл уақ алаяқ пен зейнеткер ұзақ сөйлескен, сондықтан учаскелік инспектор бәрі дұрыс екеніне көз жеткізу үшін бөлмеден шығады. Сол кезде полицейді байқаған "қонақ" зейнеткерді итеріп, қаша жөнеледі. Учаскелік полицей жалаңаяқ, жалаңбас күдіктінің соңынан қуады. Тіпті, қар үстінде жалаңаяқ, қысқы киімсіз жүгіру полицейге ыңғайға соғып, ол күдіктіні аулада ұстап алды.

IMG_2963.JPG
Қайрат Шалғынбаев алғысқа бөленді

Қазіргі уақытта алаяқтықтың Ақмола облысындағы серіктесі де ұсталды. Қарияға қоңырау шалған әйел Ақмола облысының Астарахан ауданында қолға түсті.

Владимир Павловичтің немерелері Қостанай облысы полиция департаментінің фронт-кеңсесіне келіп, Солтүстік полиция бөлімнің учаскелік инспекторы Қайрат Шалғынбаевқа алғыс білдіру үшін ПД бастығы Бекет Аймағамбетовтің атына алғыс хат жазды.

– Мен полиция қызметкері аяқ киімсіз және сырт киімсіз қылмыскердің артынан жүгіріп, ұстап алғанын көрдім. Біздің полицейлердің нағыз батыр екеніне көз жеткіздім. Учаскелік инспектор Қайратқа көп рахмет, – деді зейнеткердің күйеу баласы Алексей Богданович.