Өнер саңлақтары құрметке бөленді
Өнер саңлақтары құрметке бөленді
320
оқылды
Алматыда Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанаты өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова Президент жарлығы бойынша мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар мәдениет саласы қызметкерлеріне тиісті марапаттарын табыстады.⠀ Іс-шара бірқатар мәдениет ұйымдарына «Ұлттық» мәртебе берілумен басталды. Атап айтсақ, М.Әуезов атындағы драма театрына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне аталған мәртебе берілді.⠀ Салтанатты жиында  «Қыз Жібек» көркем фильмінің экранға шыққанына 50 жыл толғанына орай КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі М.Өтекешева және Қазақтың тұңғыш дыбыс режиссері, киноматография ардагері Қ.Н.Қосай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолданған құттықтау хатын алды. – Еңбектері еленіп, марапат алғандарды осы жетістіктерімен құттықтаймын. Шарамыз Тәуелсіздік күнімен қатар келіп отыр. Тәуелсіздік – Алаш арман еткен, бүгінгі ұрпақтың бағына бұйырған, асыл қазына. Еліміз осы биігін ғана місе тұтып қоймауы керек. Әрдайым ілгері дамуға ұмтылуымыз шарт. Соның ішінде, руханиятымыз түгесілмеуі үшін мәдениет саласына ден қойылуы керек-ақ, – деп Асанәлі Әшімов тілегін жеткізді.