Ұлтының қамын ойлаған ұл
Ұлтының қамын ойлаған ұл
531
оқылды

Ұлтжанды, мемлекетшіл рухты азаматтардың билікте жүруі – мемлекеттіліктің мығым, елдіктің еңселі болатынын білдірсе керек. Елім деген ерлердің мемлекеттік қызметте көптеп кездесуінің өзі – тәуелсіздіктің тартуы, демократия мен саяси бостандықтың көрінісі.

Отаршылдық езгіден, тоталитарлық қысымнан қатты зардап шеккен қазақ қоғамы егемен дәуіріне аяқ басқанда азаттық аясында өсіп-жетілген қайраткерлердің жаңа формациясы саясат сахнасына шықты. Соның беделді өкілдерінің бірі – белгілі ғалым, қоғам қайраткері, тарихшы, саяси ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы. ХХІ ғасыр басында елге танылған өзі қатарлы өзге жас саясаткерлерден Берік Әбдіғалиұлы ғалымға тән білгірлігімен, сондай-ақ тіл кесіліп, бас кетердей ащы пікірін іркілмей айтатын батылдығымен дараланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастауында тұрған қазақстандық тәуелсіздіктің тағы бір құнды сыйы, игі нышаны бар: ол қарапайым бұқара арасынан шыққан дарынды, қабілетті ұл-қыздарға биліктің биігіне дейін көтерілуге, өз асуын бағындыруына мүмкіндік берді, кең өріс ашты. Бұған Берік Әбдіғалиұлының «табыс тарихы» дәлел. Б.Әбдіғалиұлы 1971 жылы Қарағанды облысының Рудник кентінде дүниеге келді. Еңбек жолын 1989 жылы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында қарапайым ғана кітапханашы болып бастайды. 1989–1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша бітіреді. Сол кездегі астанамыз Алматыда жүріп, тілге ділмәр, сөзге шешен, саясатқа жүйріктігі арқасында көзге түсті. Газет-журналдарға пікірі, мақалалары ұдайы жарияланды. 1994–1997 жылдары Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары болды. 1997 жылы мемлекеттік қызметке ден қойып, алдымен Баспа ісі және бұқаралық ақпарат ұлттық агенттігінде басқарма басшысының орынбасары, екі жылдан кейін Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде басқарма басшысы, Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 1999–2000 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті. 2001–2002 жылдары Теміртау қаласы әкімінің орынбасары ретінде астанадан өңірге аттанды. Ізінше «Ұлттық зерттеулер институтына» жетекшілік етті. Саясатқа белсене араласып, партиялық қызметте тәжірибе жинақтады. 2007 жылы мемлекеттік қызметке оралып, Президент Әкімшілігінде әртүрлі лауазымда жұмыс істеді. [caption id="attachment_96705" align="alignnone" width="1200"]Ұлт - Жошы хан ©egemen.kz[/caption] 2019 жылдың қазанында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оған Қазақстандағы ең үлкен ауданды басқару ісін сеніп тапсырды. Осы орайда сарапшылар мұндай шешімді Мемлекет басшысының сол жылғы тамыз айындағы Ұлытауға сапарынан кейін қабылдағанына екпін түсіреді. Бұл ретте қазақтың барлық ханының Ұлы Атасы – Жошы ханның кесенесі орналасқан Ұлытау ауданы қашанда халқымыз үшін қасиетті, қастерлі саналады. Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы 24 тамызда Қарағанды облысына сапары аясында «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумына қатысып, сонда: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз», – деп қадап айтқан болатын. Осылайша, Президент Ұлытаудың ерекше мәртебесін байқатты. Ұлт - Жошы хан Демек, осы ауданның әкімі ретінде тағайындалғанда, Берік Әбдіғалиұлының тек тарихшы екені ғана ескерілмесе керек. Сонымен бірге оның мемлекеттік мүдде тұрғысынан ой ойлайтын отаншылдығы, шаруашылыққа қыры бар басқарушылық біліктілігі назарға алынғаны сөзсіз. Оның үстіне Б.Әбдіғалиұлы 2010 жылы дәл осы ауданда әкім болып, екі жыл басқарды. Бұған қоса, ол 2017 жылдан бері Ұлттық музейдің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы болды. Осының бәрін ескерген аудандық мәслихат депутаттары жаңа әкімнің кандидатурасын қызу құптап, дауыс берді. Ал 2021 жылы Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Саясаткер, идеолог, саясаттанушы, ғалым Берік Әбдіғалиұлы Алаш тарихы, ұлтаралық қатынастар, ішкі және сыртқы саясат, жергілікті өзін-өзі басқару тақырыптарында отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда шыққан 100-ден аса ғылыми жарияланымның авторы саналады. «Алашорда әскері. Войско Алаш-Орды», «Саяси ой тарихы», «Қазақстанның 7 кереметі», «Желтоқсан–1986 жыл» 10 томдығы жобасы, «Қазақ альманағы» журналы, «Қазақ болайық». мақалалар жинағы, «Забытые Герои. Герои Советского Союза» (Ұмытылған қаһармандар) жобасы, «Торғай көтерілісі» материалдар жинағы, «Қазақстанның киелі жерлері» секілді ірі еңбектері де атап өтуге лайық. Осыдан-ақ оның ұлттық құндылықтарды насихаттау, ата-бабаның мұрасын дәріптеу ісіне сүбелі үлес қосқанын байқауға болады. Сарапшылар Б.Әбдіғалиұлының бір орнында тұрып қалмай, үнемі ізденіс үстінде болатынына, әр саладағы біліктілігін ұдайы шыңдайтынына назар аудартады. Мысалы, ол Қазақстанда басқарушы кадрларға деген тапшылық өршіп тұрған 1995 жылғы шілдеде – АҚШ Ғылымды дамыту агенттігінің жәрдемдесуімен сондағы мемлекеттік басқару органдарында тағылымдамадан өтті. Ал 1997 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тағы Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде тәлім алды. 2006 жылы Украинаға аттанып, Киев облысындағы Вышгород қаласы мэріне кеңесші болды. Өзге елдердің қандай экономикалық және саяси түйткілдерге кездесіп, оны қалай еңсеріп жатқанына қанықты. 2017 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Аймақтық және муниципалдық менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін қорғады. Берік Әбдіғалиұлы ана тілінің қолданыс аясын кеңейтуге күш салып жүрген тұлғалардың бірі. Осы еңбегі ескеріліп, ол 2008–2010 жылдары «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының директоры лауазымын атқарды. – Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, оның бүгіні мен ертеңі мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың даму деңгейіне тәуелді. Қазақтардың көпшілігінің әлеуметтік-психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің жай-күйіне, ұлттық мәдениет пен білім беру деңгейіне көңілі толмауы, әлеуметтік жағынан азып-тозуы және осы мәселелерді түрлі саяси күштердің өз бас пайдаларына жаратып жүруі – осының бәрі Қазақстанның болашағына қатер төндіреді. Осы жағдайда тек қазақ миссиясы – қазақтардың жаңа ұлттық даралануы бұл қауіптен құтқара алады, – дейді Берік Әбдіғалиұлы «Қазақ миссиясы» қазақ ұлтын жандандыру тұжырымдамасында. Оның байламынша, тарихи тұрғыдан алып қарағанда «қазақ миссиясы» ұлттық сана-сезімнің ояну кезеңі ретінде қарастырылуы керек, ал оның ең жоғарғы шегі – азаматтар ұлтының қалыптасуы болмақ. Бұл процестің негізгі бағыты – «этникалық бірігуден» «мәдени және тілдік бірігу» болуы қажет. Сонда мемлекеттік тіліміз – ұлтаралық қатынас тіліне айналады, ал қазақтар тілі мен дініне қарамастан, еліміздегі барлық этносты өз айналасында топтастырады. Ұлтын сүйетін, халықтың қамын ойлайтын, елі үшін жан аямай қызмет ететін ұландар билікте көп болса, онда ынтымағын ырыс-берекеге айналдырған мемлекетіміздің жетістіктері еселі, қадамы кемел, тірлігі тиянақты болмақ.