Тұрсынбек Қабатов Nur Otan партиясының қатарына қосылды
Тұрсынбек Қабатов Nur Otan партиясының қатарына қосылды
330
оқылды

Елордада Тұңғыш Президент күні қарсаңында Nur Otan партиясына салтанатты қабылдау өтті. Жетекші партияның қатары жас және белсенді азаматтармен толықты. Олардың қатарында танымал сатира актері, тележүргізуші Тұрсынбек Қабатов пен белгілі боксшы Мейірім Нұрсұлтанов та бар.

Партия билетін салтанатты жағдайда табыс еткен Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Тұңғыш Президент күні мерекесі – Елбасының тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегіне халықтың көрсеткен ерекше құрметінің белгісі екенін атап өтті. Бұл – мемлекеттік институттардың құрылып, шекарамыздың шегенделуі жолындағы қазақ халқының тарихи таңдау жасаған күні.

Nur Otan – Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ететін жандардың жұмылған жері. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздік. Nur Otan партиясының міндеті – Елбасының мемлекеттік бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Бұл бізге ең алдымен елдегі тыныштық пен татулықты сақтап, адамдарды алаламайтын мемлекетте өмір сүру үшін қажет. Тұрақтылық жоқ жерде өсіп-өркендеу де болмайды. Өздеріңіз Nur Otan партиясының қатарына қосылуға шешім қабылдаған екенсіздер. Қатарымызға қош келдіңіздер! Бүгінде біздің қатарымыз 900 мыңға жуық адамды құрап отыр. Олар түрлі ұлыс өкілдері мен түрлі көзқарастағы, қалалар мен шалғай ауылдарда тұратын азаматтар. Біз барлығымыз Елбасының жақтастары және үлкен бір отбасымыз» – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

WhatsApp Image 2019-11-29 at 19.33.24.jpeg
Nur Otan-ның жаңа мүшелері

Салтанатты шара барысында Бауыржан Байбек жиналғандарға Тұрсынбек Қабатовтың Nur Otan партиясының мүшесі болуға қалай ниет білдіргені туралы айтып берді.

«Мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған ұшақта едім, қасымда Тұрсынбек Қабатов отырды. Бір жарым сағат бойы мен оған партия туралы, Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамалары мен партияны қайта жандандыру аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы әңгімеледім. Біз ұшақтан түскен кезде ол осынау атқарылып жатқан жұмыстарға өзінің де атсалысқысы келетінін айтты» – деді Төрағаның Бірінші орынбасары.

Тұрсынбек Қабатовтың өзі тәуелсіз еліміздің партиясы қатарында жүріп, ел үшін қызмет атқаруды үлкен бақыт санайтынын жеткізді.

«Біз 90-жылдардағы тоқырауды көрген балалармыз. Кеше ғана ауылда қой бағып жүрген бала едім. Бүгінде міне, арман қуып астанаға келіп, сол армандарым орындалып жатыр. Мұның барлығы еліміздің өркендеп-өскенінің арқасы. Әрбір әзілімде жұртты жақсылыққа үндеп, барлық әңгімемде халықты бірлікке шақырып жүремін. Nur Otan – жалпы халықтық партия. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде елді кім жамандаса, сол батыр болып есептеліп жатыр. Мен олардың қатарында болғым келмейді. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар. Әркім өзінше «батыр» болып отыра берсе, еліміз дамымайды. Біз жұдырықтай жұмылуымыз керек» – деді Тұрсынбек Қабатов. 

WhatsApp Image 2019-11-29 at 19.33.25.jpeg

Бүгін Nur Otan партиясының қатарына Асқар Әбдіқалық та қосылды. 19 жасар Асқар Әбдіқалықты бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде 80 баланы көлікпен қала сыртына аман алып шыққаны үшін арнайы «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаған еді.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Диана Ерланға, Петропавлдан келген жас кәсіпкер Жанат Қиқымовқа, «Отырар ТV» медиа-холдингінің директоры Әйгерім Жұмақұловаға және «Мы из Шахтинска» еріктілер бірлестігінің мүшесі Юлия Головинаға партия билетін тапсырды.

Жалпы, бүгін еліміз бойынша Nur Otan партиясының қатарына 2 мыңға жуық қазақстандық мүше болды.