Алматы облысының Есік қаласындағы ауруханаға бэби-бокс қойылды
Алматы облысының Есік қаласындағы ауруханаға бэби-бокс қойылды
5,163
оқылды
Жаңа туған шақалақтардың арықтан, қоқыс орнынан, дәретханалардан табылуы бүкіл қазақстандықты алаңдатады. Осыған орай бастамашыл топ "Үміт бесігі" жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Аурухана директоры Жәмила Әбілованың айтуынша, "бэби-бокс" кез-келген әйелге өз баласын қауіпсіз жағдайда қалдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әйелдің жеке басының құпиялылығын да сақтайды, сол үшін де бұл маңда бейнебақылау камералары орнатылмайды.
- Баланы тастай салысымен, біз балаға жедел медициналық көмек көрсете аламыз. Әрине бұл жаңа туған сәбидің амандығы үшін өте маңызды. Үш айдың ішінде анасы өз ойын өзгертіп, нәрестесіне оралуға мүмкіндігі бар, - деді Әбілова.
Оның айтуынша, перзентханада күніне 15-тен 20-ға дейін бала туады. 2020 жылы 2 600 бала дүниеге келді, сәбиінен бас тартқан аналар да болды.
- Биыл мұндай жағдай аз. Жылына бес-алтыға дейін осындай факті тіркеледі. Мысалы, биыл анасы баланы үйден босанып, оны сөмкеге салып, дүкен есігінің тұтқасына іліп кеткен жағдай болды. Бала аман қалды, қазір оның дені сау, сәбилер үйіне ауыстырылды. Баланың жағдайы жақсы, - деді ол.
«Үміт бесігі» — ананың өз баласын өлтіруі мен өміріне қауіп төндіруі сияқты аса ауыр қылмыстың алдын алу. «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасы туғанынан ата-анасы бас тарқан сәбидің өмірін құтқаруға бағытталған, заман талабына сай туындаған шешім. «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының авторлары тастанды сәбилер орталығын балаларға арналған медициналық мекемелер жанынан ашу қажеттілігін, сәби өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезден бастап дер кезінде медициналық көмек көрсетілуі қажеттілігін, ары қарай мемлекеттік органдар қамқорлығына берілуі керектігін ескерген. Ең маңыздысы – осы өзекті мәселеге қоғам назарын аудару. Әрбір құтқарылған сәби өмірі – жеңіс. Егер «Үміт бесігіне» сәби қалдырылмаса – үлкен қуаныш, алдын алу шараларының жүзеге асырылғандығы. 2016 жылы 12 бала далаға тасталды. Соның бесеуі шыр етіп жерге түскен бетте жарық дүниемен қоштасты. 2017 жылы 9 бала далаға тасталды. Оның 1-еуі қайтыс болды. 2018 жылы 7 бала далаға тасталды. 2019 жылы 2 бала тасталды. 2020 жылы 9 бала далаға тасталды. Оның біреуі шетінеді.