Парламент ел азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыруды реттейтін заңдарға енгізілген түзетулерді қарастырмақ. Әлемдегі зейнетақы жүйелері әлеуметтік-экономикалық үдерістердің көрінісі болып табылады, сондықтан олар үнемі өзгеріп, дамып отырады. Қазақ елінің де бұл жағынан ешқандай ерекшелігі жоқ. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов өзгерістердің неліктен болып жатқанын және қордың әрі қарай қалай жұмыс істейтіні туралы әңгімелеп берді.
– Жанат Бостанұлы, пандемия басталғалы бері әлемдегі зейнетақы қорларының басым бөлігі төмен табыстылықты тіркеуде. Ал БЖЗҚ-ның көрсеткіші қандай? – 2020 жылдың басынан бастап зейнетақы активтері бойынша инвестициялық көрсеткіштер БЖЗҚ салымшылары үшін оң сипатта болды. 2020 жылдың 10 айында есептелген инвестициялық табыс сомасы 1,1 трлн-нан астам соманы құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе көп (551,1 млрд теңге). Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2020 жылдың басынан бастап 9,94 пайызды құрап, инфляциядан (5,5 пайыз) 4,44 пайызға жоғары болды. Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс (1,1 трлн теңге) биылғы жылы түскен міндетті зейнетақы жарналарының сомасынан асып түсті (867 млрд теңге). Яғни, зейнетақы жинақтарының негізгі өсімін жарналар емес, зейнетақы активтерін басқарушы ретінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық кіріс құрады. 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген бүкіл кезең ішінде инвестициялық табыстылық 596,69 пайызды құрады. Бұл ретте жинақталған инфляция 485,55 пайыз болды. Осылайша, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жинақталған нақты табыстылығы оң нәтиже көрсетіп, 111,14 пайызға жетті. Әлемді жайлаған пандемия жаһандық қаржы дағдарысынан бері инвестициялық көрсеткіштерге айтарлықтай теріс әсер етті. Акциялар нарығы 30 пайызға төмендеді, инвестициялық емес деңгейдегі борыштық бағалы қағаздарға арналған несиелік спрэдтер күрт өсті. Классикалық 60/40 инвестициялық портфелі (акциялар/облигациялар) бар жеке зейнетақы қорларының көпшілігі кірістілік бойынша теріс нәтиже көрсетті. БЖЗҚ портфелі консервативті, оның 80 пайыздан астамын тәуекелдің ең төменгі деңгейіне ие, бағалы қағаздардың немесе эмитенттің халықаралық шкала бойынша «ААА»-дан «BBB»-ға дейінгі жоғары рейтингі бар қаржы құралдары құрайды. Салымшыларға инвестициялық табыс алудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және тәуекелдерді барынша азайту мақсатында зейнетақы активінің портфелі инвестициялардың түрлері бойынша, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылған. Инвестициялардың 2/3-ке жуығы (69,7 пайыз) теңгемен және 1/3-ге жуығы (30,3 пайыз) шетел валютасымен, оның басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданған. Зейнетақы активтері инвестицияларының теңгерімді валюталық құрылымы теңге түріндегі портфельдің табыстылығына әсер етуі ықтимал валюталық тәуекелдерді төмендетеді. – Келесі жылдан бастап Украинада зейнеткерлік жас ұлғайтылады. Бұл көрсеткішті арттыру Германия, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Оңтүстік Кореяда бірнеше жылға созылып отыр. Және бұл егде жаста алатын төлемдерді жинақтау кезеңін өзгерту туралы шешім қабылдаған мемлекеттердің толық тізімі емес. Бұл немен байланысты? Әлемдегі экономикалық даму деңгейі түрлі көптеген елдердің үкіметтері зейнеткерлікке шығу жасын неліктен ұзартып жатыр? – Өмір сүру ұзақтығының (зейнеткерлік жастағы өмір сүру кезеңінің ұзаруын қоса алғанда) өсуіне байланысты жаһандық демографиялық трендтер көптеген елдерді өз азаматтарының еңбекпен қамтылу кезеңін және еңбек өтілін ұлғайту жөнінде шараларды (оның ішінде зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен арттырудың танымал емес шаралары) қабылдауға мәжбүрлейді. Жағдайды сандармен талдайық. БҰҰ болжамына сәйкес, әлемнің барлық өңірлерінде өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші өсіп, 2019 жылғы 72,6 жастан 2050 жылы 77,1 жасқа дейін ұлғаяды. БЖЗҚ және БҰҰ жүргізген актуарлық есептерге сәйкес, Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жас және одан жоғары жастағы халық үлесінің 2 есе өсуі (БЖЗҚ болжамы бойынша ағымдағы 7,3 пайыздан 14,2 пайызға дейін және БҰҰ болжамы бойынша 14,1 пайызға дейін) күтілуде. Сондай-ақ халықтың қартаюы салдарынан 25 жасқа дейінгі халық үлесі (БЖЗҚ болжамы бойынша – 3,2 пайызға және БҰҰ болжамы бойынша – 4,5 пайызға) және «еңбекке қабілетті жастағы халық» үлесі 25-тен 65 жасқа дейін (БЖЗҚ болжамы бойынша 3,1 пайызға және БҰҰ болжамы бойынша 1,7 пайызға) төмендейді деп күтілуде. БЖЗҚ және БҰҰ бағалауларына сәйкес, Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 24 млн адамға дейін өседі. Өсудің шамамен 2/3 бөлігі «демографиялық серпінге» (яғни өмір сүру ұзақтығының өсуіне және елдегі қарт адамдардың үлесіне) және тек 1/3-і ғана туу деңгейінің (ағымдағы деңгей 2,7) қарапайым алмастыру деңгейінен (2,1) асып кетуіне байланысты болады. Халықтың қартаюының негізгі факторлары бала туудың біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының артуы болады. Біздің елімізде 60 жастан асқан адамдардың үлесі 2020 жылғы 12 пайыздан 2050 жылға қарай 20 пайызға дейін өседі. Халықаралық жіктеуге сәйкес, мұндай елдер қазірдің өзінде қоғамның демографиялық қартаюы өте жоғары елдерге жатады. Бұл зейнеткерлерге ағымдағы төлемдерді осындай елдердің жұмыспен қамтылған халқының үлестіруші (ортақ) зейнетақы жүйелері шеңберіндегі аударымдар есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігін шектейді. – Біздің елімізде зейнетақы жүйесінің ортақ үлгісін толығымен қайтару нақ осы себептен мүмкін емес пе? – Бұл зейнетақы жүйесінің (тек ортақ немесе тек жинақтаушы құрамдауышқа негізделген) әрқайсысының өз кемшіліктері бар (оның ішінде халықтың әртүрлі топтарына бағдарлануын жеткіліксіз қамтамасыз ету бөлігінде) және ұзақмерзімді келешекте теңгерімді деп танылуы мүмкін емес. Бір зейнетақы жүйесінің үлгісін (ортақ) басқа жүйе үлгісіне (жинақтаушы) қарсы салыстыру көзқарасы ескірген. Елдердің барлығында дерлік қызметкердің де, жұмыс берушінің де қатысуымен қалыптастырылатын мемлекеттік және жинақтаушы зейнетақыны қамтитын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесін құру міндеті шешілуде. Көпдеңгейлі жүйе алдыңғы қатарлы және тұрақты деп танылды. Ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына жақындатылған зейнетақымен қамсыздандыру стандартына қол жеткізу міндетін табысты шешеді. Қазақстандағы зейнетақы жүйесі ЭЫДҰ-ның, халықаралық ұйымдардың көпдеңгейлі зейнетақы жүйелерін құру жөніндегі негізгі қағидаттары мен ұсынымдарына сәйкес келеді және базалық және ортақ зейнетақы, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жинақтаушы зейнетақы сияқты бірнеше құрамдауыштарды қамтиды. Бұл тұрғыда зейнетақы жүйесіндегі жинақтаушы зейнетақы үлкен маңызға ие болуда. Әлем бойынша соңғы 20 жылда жиынтық зейнетақы активтеріндегі жинақтаушы типтегі зейнетақы жүйелерінің үлесі едәуір өсіп, 50 пайыздан асып түсті. Дағдарыс кезеңінде DC қағидаты бойынша құрылған жинақтаушы жүйелер үлестіруші жүйелерге қарағанда тұрақты болып келеді. – Қазір зейнетақы реформасы белсенді түрде талқылануда. БЖЗҚ қандай рөл атқармақ? – Заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін қазақстандықтар жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану (тұрғын үйге және емделуге), сондай-ақ басқарушы компанияны өз қалауымен таңдап, жинағының бір бөлігін инвестициялық басқаруға аудару құқығына ие болады. БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық ақпараттық және қаржылық ағындарының бірыңғай есеп орталығы және операторы болғандықтан, оның мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, кастодиан банктермен, инвестициялық басқарушылармен және сақтандыру компанияларымен, салымшылармен өзара іс-қимылда жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыруға белсенді қатысуы көзделген. БЖЗҚ зейнетақы жинақтары, инвестициялар құрылымы, инвестициялық басқару қорытындылары туралы деректердің дұрыс есепке алынуы мен қолжетімділігін, салымшылар үшін «24/7» режимінде кез келген күнге шоттан үзінді көшірме ұсыну арқылы ақпараттың берілуін қамтамасыз етеді, барлық зейнетақы қызметтері мен зейнетақы капиталын қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастырады. – БЖЗҚ бірнеше жыл бойы өз қызметтерін онлайн режимде көрсетіп келеді. Карантин кезінде сіздер қалай жұмыс істедіңіздер? Интернетте қызмет көрсету пайызы артты ма? Сіздер бизнесті цифрландыруды одан әрі жалғастыра бересіздер ме? – Қор 2020 жылдың 10 айында өз салымшыларына 15,8 млн қызмет көрсетті. Бұл ретте операциялардың жалпы көлемінің 14,5 млн қызметі (яғни 92% астамы) электронды форматта ұсынылды. 2019 жылмен салыстырғанда электронды қызметтерге сұраныс 23,8 пайыз немесе 2,8 млн қызметке өсті. БЖЗҚ-ның электронды қызметтері қолжетімді, ыңғайлы және көптеген салымшылар оларды enpf.kz сайтындағы, ұялы қосымшадағы жеке кабинетте «24/7» режимінде пайдалануға үйреніп қалды. Атап айтқанда, бұл жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ) үзінді көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шоттың болуы туралы анықтама алу, 1 немесе 2-топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге және (немесе) көшуге берілетін өтініштің мәртебесін қадағалау және тағы басқалар. Ең танымал қызметтердің ішінде ЖЗШ-дан үзінді көшірме алуды ерекше атауға болады (жүргізілген операциялардың 94 пайызы). Бұл адамдардың өздерінің жинақ сомасына қызығушылық танытып қана қоймай, жарналардың уақытылы түсуін, инвестициялық табыстың өсуін бақылай бастағанын білдіреді. – Бүкіл әлемде қаржы ұйымдары финтех-компаниялар санатына өтуге ұмтылыс жасауда. БЖЗҚ-ның келесі жылға қандай жоспарлары бар? – БЖЗҚ жоғары технологиялық компания ретінде даму жолында қатарынан бірнеше жыл бойы келе жатыр. Бұл ретте БЖЗҚ тек қаржылық қана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша қызмет тұтынушыларының саны өте көп әлеуметтік ұйым. Сондықтан біз барлық салымшылар мен алушыларымыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі ішінде – шарт жасасудан бастап төлем алуға дейінгі барлық сұраныстарын ескереміз. БЖЗҚ қызметтерінің барлығы дерлік қашықтан цифрлы форматта қолжетімді. Азаматтардың қор кеңсесіне жеке өзі, пошта арқылы немесе сенім білдірілген өкіл арқылы жүгінуін талап ететін жекелеген қызметтер де бар, бірақ мұндай жағдайда БЖЗҚ Қазақстан аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен кезде азаматтардың құжаттарын онлайн тексеру сияқты қолжетімді сервис ұсынады. Келесі жылы enpf.kz сайтын, ұялы қосымшаны одан әрі дамыту және жаңарту жоспарлануда. Сайттың ішіндегі жеке кабинеттің функционалы жаңғыртылып, онда заңды тұлғалар үшін жеке бөлім ашылады. Өнеркәсіптік пайдалануға фронт-офистерге арналған есепке алу жүйесінің жаңа нұсқасы, байланыс орталығына арналған жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілетін болады. БЖЗҚ-ның барлық ақпараттық және операциялық жүйелерін заңнамалық өзгерістерді ескеріп, дербес деректерді ақпараттық қорғаудың көпдеңгейлі жүйесін сақтай отырып, қайта құру көзделуде. Бұл халыққа қызметті неғұрлым сапалы, жоғары технологиялық деңгейде көрсетуге жол ашып, елдің барлық өңірлерінде қызметтердің жедел, қолжетімді және сапалы атқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы