Ұшақ апаты: Bek Air жауапкер ме, әлде жәбірленуші ме?
Ұшақ апаты: Bek Air жауапкер ме, әлде жәбірленуші ме?
227
оқылды

Өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы маңын­да болған жантүршігерлік ұшақ апатын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе ком­пания­сының рейсі апатқа ұшырап, қайғылы жағдайдан 12 адам көз жұмып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе ком­паниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қай­тарылды.

Ұшақ апаты болғанына санаулы күндерден кейін жыл толады. Сонша уақыттан бері апатқа кім кінәлі екеніне әлі нүкте қойылмай келеді. Жасыратыны жоқ, Bek Air компаниясы апат болғалы бері ұшақ соқтығысқан үй иесі Решет Қали­бекті «Алматы әуежайы ма­ңында заңсыз үй салды» деп айып­тап, «егер сол жер ашық алаң бол­са, мұндай қайғылы оқиға болмас еді» деуден танбай келеді. Ком­пания құрылысты заңсыз деп тану туралы бірнеше рет сотқа шағым­данды. «Үй еш рұқсат құжатынсыз, заңсыз салынған. Ол тиісті орган­дардың барлық хатымен расталады. Үй иесі құрылысты өз бетімен рұқсатсыз жүргізген. Азаматтық кодекс­тің 244-бабына сай, өз бетімен салын­ған құрылыс бұзы­луы керек. Бұдан бөлек, біз өткен сот отырысында Решет Қалибектің үйді өз еркімен бұзуына өтініш түсіргенбіз. Бірақ өтінішіміз орындалмады. Ұшақ соғылған үйдің бір қабырғасы мен іргетасы әлі де тұр. Заңға сәйкес, әуежайдың қорғау аймағында 4 шақырымға дейін бірде-бір құ­рылыс болмауы тиіс. Сондықтан ұшақ­тардың қауіпсіздігіне кедергі келтірмес үшін үйді бұзуды талап етеміз», – деді Bek Air компания­сының өкілі. Әйтсе де, таяуда Алматы облысы Талғар аудандық соты Bek Air компаниясының талап-арызын тағы да қараусыз қалдырды. WhatsApp арқылы онлайн тәр­тібінде өткен сотта судья Қарлығаш Есәлинова Талғар ауданында, соның ішінде ұшақ құлаған Гүлдала елді мекенінде жер телімдерін заң­сыз сатты деген күдікке ілінген екі қыл­мыстық топқа қатысты іс тергеліп жатқанын, бұл істерге қатысты процессуалдық шешім қабылданбай, кінәлі тұлғаларды анықтау мүмкін емесін айтты. Сондықтан Bek Air компания­сының талап-арызы негізсіз деп танылған. «Bek Air АҚ-ның азамат Решет Қалибекке, үшінші заңды тұлғалар – Талғар ауданы сәулет және қала құрылыс бөлімі, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімі, Талғар аудандық әділет бөліміне бағыт­тал­ған үйді өз еркімен салып алғаны жөніндегі шешімдерді анықтау туралы талап-арызын қараусыз қалдыруға қаулы етемін. ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы негізінде 1 320 теңге баж салығы Bek Air ком­паниясының есепшотына қай­тарылсын. Қау­лыға келіспеген тараптар 10 жұмыс күні ішінде Алматы облыстық сотына шағым­дануға құқылы», – деді сот қазысы. Биыл 21 ақпанда Bek Air ком­паниясы басшылығы Алматы әуе­жайының маңында заңсыз са­лын­ды делінген үйдің иесі Решет Қалибекті сотқа берген болатын. Компания иесі Нұрлан Жұмасұл­танов Алматы облысы Талғар аудандық сотында әуе компания­сына тиесілі ұшақ соғылған ғи­марат құрылысын заңсыз деп тану жөнінде шағымданған. Көп ұзамай жер иесі Решет Қалибек те әуе компаниясына қарсы арыз беріп, екі ай қаралған талап-арызды сот 7 сәуірде тоқтатты. Байқап отыр­ған­дарыңыздай, бұл жанжал әлі де жалғасып келеді. Апатқа себепкер болды деген нысан бүгінде бұзылған. Мұны үй иесі Решет Қалибек те растайды. «Ұшақ үйге соғылғаннан 3 күннен соң әкімдік қызметкерлері үйді жартылай бұзып, бастаған істерін аяқсыз тастап кетті. Одан кейін адамдар кірпіші мен есік-терезесін ұрлай бастады. Сосын апаттық жағдайда тұрған соң біреуді басып қалмасын деп өзім барып қалғанын бұзып тастадым. Ол жерде қазір үй де, үйдің іргетасы да жоқ. Аздаған құрылыс қалдықтары ғана қалды, олар ешнәрсеге кедергі келтірмей­ді», – деді үй иесі Решет Қалибек. Негізі, тап осы құрылыс ны­саны орналасқан маңда бұл үйден бөлек 14 үй мен коттедж қалашығы бар екен. Решет Қалибектің айтуынша, Гүлдаланы тексерсе, әуежайдың қоршауын жағалай салынған мыңдаған үй бар. Олар­дың 80 пайызының рұқсат құжаты жоқ. Осы сөзге қарағанда, бір жылдан бері «заңсыз үй салып алды» деп айып тағылып келе жатқан Решет Қалибектің шырыл­дайтындай жөні бар. Бұл жерде қағаз ісіне салғырттығымызды да мойындамасқа лаж жоқ. «Талғар ауданында заңсыз жер сатқандардың үстінен 2 қылмыстық іс қозғалған болатын, солардың ісі қалай бітеді, мен солай дүние-мүлкімді қайта қалпына келтіруге әрекеттенемін. Себебі оны таза еңбегіммен алған болатынмын. 14 мың АҚШ долларына жер алдым, 12 млн теңгені үй салуға жұмсадым. Қайтыс болған 12 адамның кінәсін маған артып қоймай, кінәлілер шынайы жазасын алса екен», – дейді Решет Қалибек. Шынында да, құзырлы мекемелердің арнайы рұқсатынсыз ешкім өздігінен баспана тұрғыза алмайды. Негізі, апатты жағдай бола салысымен Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Алматы облысының Талғар ауданында заңсыз жер бер­ген лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Оның «2015-2019 жылдар ара­лығында Талғар ауданының лауа­зымды тұлғалары қызметтік өкілет­тіктерін асыра пайдаланып, әуе­жай­дың санитарлық қорғау аума­ғында жеке қосалқы учаскелері, соның ішінде тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру туралы заңсыз шешім қабылдағаны анықталды» деген сөзін ел ұмыта қойған жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл басында халыққа есеп беру жиынында әуежай маңын­дағы жерлерді қала мен­ші­гіне қайтару мәселесіне тоқталған болатын. Шаһар әкімі: «Бұған дейін «Казкоммерцбанк» кепілге берген 383 гектар жер күрделі несие­лер қорына берілген еді. Енді бұл жер қала әкімдігіне қайтарыл­ады. Біз бұл туралы Елбасына өті­ніш жазғанбыз. Үкімет бізді қол­дады. Жаңа жылға дейін 383 гек­тар жер қайтарылды. Енді 185 гектар жер қалды. Бұл әуежай аумағына тиесілі. Осы мәселе бойынша қазір Үкіметпен келіссөз жүргізіп жа­тырмыз» дей келіп, Талғар ау­дандық әкімдігінің лауа­зым­ды тұл­ғаларының қызметтік өкілет­тілігін асыра пайдаланып, әуе­жайдың санитарлық қорғау айма­ғындағы жеке қосалқы учас­келері, соның ішінде тұрғын үй са­луға жер бергені үшін заңсыз шешімдер қабылдағаны анық­талғанын айтып өткен. Сонымен қатар қала әкімі Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерін заңсыз беру бойынша сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызметтің сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына тоқталған. Осы жайт­тарды саралай келе, «Басты кілти­пан  жер учас­келерін заңсыз берген лауазымды тұлғаларда тұрған жоқ па?» деген ой келеді. Мәселе айдан анық болса, «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жеке тұлға Решет Қалибекке нақақтан жала жабылып отырған жоқ па? Ал бұл жағдайда Bek Air жауапкер ме, әлде жәбірленуші ме? Қалай дегенде де, істің ақ-қарасын анық­тау әлі де болса құзыретті орган­дардың еншісінде.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ