Шымкентте зейнеткерді зорламақ болған азғынның неліктен арам ойынан айнығаны белгілі болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Айта кетсек, Шымкентте егде жастағы әйелді зорламақ болған ер адамның әрекеті видеоға түсіп қалған. Бұл видео кейін желіде жарияланды. Оқыс оқиға 17 жетоқсанда орын алғаны белгілі болды. Видеодан ер адамның подъезге кірген егде жастағы әйелдің ту сыртынан тап бергенін көруге болады. Оны артынан келіп қылқындырып, талдырып, жерге құлатып, зорламақ болды, арасында есін жиып, қарсылық білдірген әйелді ол бірнеше мәрте жұдырығымен басынан да ұрады. Бірақ қаскөй өз әрекетін соңына жеткізбей орнынан тұрып кетеді. Көп ұзамай азғын ұсталып, ол өз әрекетін былай сипаттап берген:
"...Киімін шештім, қалтасын қарап едім, мың теңге шықты. Шалбарымды шештім. Сол кезде алыстан дабырлаған дауысты естіп, есіктен шығып кеттім", - дейді күдікті.
Тексеріс кезінде белгілі болғандай, күдікті айтқандай мың емес, зейнеткердің 8 мың теңгесін алыпты. Содан кейін ғана есінен танған әйелді шешіндіріп, зорлауға әрекет еткен. Ол есін жиған кезде бірнеше мәрте бетінен ұрғаны да көрініп тұр. Азғын дегеніне жеткен жоқ. Подъезд ішінен дауыс естілген соң ізін суытқан. Қазір зейнеткердің жағдайы жақсы. Ал күдікті уақытша қамау абақтысында отыр.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінде және 120-баптың 1- бөлігінде көрсетілген тонау және зорлауға оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.