Nur Otan-ның Республикалық сайлауалды штабы Маңғыстау облысына келді. Күні бойы билеуші партия өкілдері аймақтағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарымен, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерімен және тағы басқа да азаматтармен кездесті.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» энергетикалық комбинатының ұжымымен кездесуде еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақатты азайту бойынша партия ұсынған шараларды талқылады. Заңнамаға еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін жеңілдету, еңбек заңнамасын бұзатын адамдардың жауапкершілігін қатаңдату бойынша түзетулер енгізу туралы «Nur Otan»-ның бастамасы қолдауға ие болды.
Бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Мысалы, Айболат Шарау Маңғыстау тұрғындарының атынан өңірдің басты экологиялық проблемаларының бірі – «Қошқар Ата» құрамында уран бар қалдықтар қоймасын рекультивациялау қажеттігі мәселесін көтерді. Ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған бұл проблеманың халық денсаулығына қауіп төндіретіні ескеріліп, партия оны міндетті түрде орындалуы тиіс мәселе ретінде аймақтық сайлауалды бағдарламасына енгізді.
Сондай-ақ, «Nur Otan» 25 елді мекеннің 35 мыңға жуық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 18 жаңа мектеп салу арқылы үш ауысымды мектеп проблемасын шешу, өңдеу өнеркәсібінің 14 кәсіпорнын ашу және 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орынын құру және т.б. жоспарлауда.
Осы күні сайлауалды штаб мүшелері атажұртқа оралып, Мұнайлы ауданы Маңғыстау кентіне қоныс тепкен қандастармен де жүздесті.
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, тарихи Отанына оралуға бел буған қандастарға ақпараттық-құқықтық қолдауды күшейту, сонымен бірге оларды оқыту мен әлеуметтік бейімдеу де партия жоспарында бар. Осыған орай көрсетілетін қолдау да жедел әрі оңтайлы бола түседі.
Тұрғындармен бірге бірқатар өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аясында ауылда өте қажет болып отырған 150 орындық көпсалалы аурухана салынады.
Бұдан соң партия өкілдері белгілі сәулетші, қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сайын Назарбектің үйіне арнайы барып, сәлем берді.
Осы орайда, Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек аға буынға қамқорлық таныту әрдайым «Nur Otan»-ның басты назарында болатынын баса айтты.
Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде жалғызбасты және егде тартқан мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсету көзделуде. Әр өңірде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылады.
Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы қарт кісілерді емдеуге маманданған медициналық мамандарды дайындауды ұйымдастыру мәселесін де қолға алады.
«Біз сайлауалды уәделер аясында жыл сайын ынтымақты зейнетақыны индексациялап, оны инфляция деңгейінен 2% жоғары ету мақсатын қойып отырмыз. Зейнетақыны тағайындау мен ресімдеуге қатысты барлық үрдістер проактивті форматқа көше отырып, электронды түрде көрсетілуі тиіс», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Партия баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгін «Nur Otan»-ның үгіт-насихат науқанының 2-ші кезеңі басталған. Бұл ретте билеуші партияның алдағы 5 жылға арналған жоспарлары, сондай-ақ өңірлік праймериз қорытындысы бойынша кандидаттар тізіміне енген аймақтық көшбасшылар туралы егжей-тегжейлі ақпарат қамтылған 2 млн-нан астам үгіт өнімдерін тарату жоспарлануда.
https://www.youtube.com/watch?v=3lYJTrHKU7c&ab_channel=NurOtan