Баспаналы болуды армандамайтын адам жоқ шығар, сірә?! «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп Жиренше шешен айтпақшы, болашақ пәтерінің әр бөлмесі мен жиһазына дейін елестетіп, қиялына ерік беріп, таңды ұйқысыз атырып жүрген жандар қаншама?! Бұл, әсіресе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып, бірнеше жыл бойы қажетті қаражатты жинап, енді баспана кезегін күтіп жүрген жандар үшін өте таныс жағдай.
Батыс Қазақстан облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларының баспана жайлы арманын шындыққа айналдырумен қатар, болашақ пәтерге таңдау жасауда да тамаша мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұдан былай салымшылар арманындағы пәтерді сатып алмас бұрын жаңа тұрғын үй орналасқан ауданнан бастап, болашақ пәтерінің әр бөлмесіне дейін аралап көре алады. Яғни, ТҮҚЖБ АҚ-ның Батыс Қазақстан облысындағы барлық салымшылары жергілікті құрылыс компаниялары ұсынған кез келген тұрғын үйді интерактивті режимде компьютерден немесе ұялы телефоннан тамашалап, таңдау жасай алады.
– Біз бұл жобаны салымшыларымызға мейлінше ыңғайлы жағдай туғызу және олардың уақытын үнемдеу мақсатында қолға алдық. «ТҮҚЖБ» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы құрылыс нысандарын модельдеуге арналған жаңа заманауи 3D форматында «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бойынша құрылыс нысандарын ұсынады. Жаңа 2020 жылдың басында Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 42 мың шаршы метрді (761 пәтер) құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда.
Соның ішінде екі нысан Орал қаласының «Солтүстік-Шығыс» ықшамауданында және төрт нысан шаһардың Зашаған бөлігінде орналасқан. Тұрғын үйдің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін «таза» әрлеу кезінде 140 000 теңгеден басталады. Біздің салымшыларға пәтер сатып алу үшін 20% немесе одан көп мөлшерде алдын ала төлем жасау жеткілікті, несие мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.
Мәселен, егер бір бөлмелі пәтердің ең төменгі құны 5,6 миллион теңгені құраса, онда клиентке 1,1 миллион теңге қаражатты шотқа жинау жеткілікті, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Аида Ипатова.
Аида Бақытжанқызы сонымен қатар салымшылардың қолжетімді шарттармен баспана алу мүмкіндігі тұрақты салымдар жасаған жағдайда едәуір арта түсетінін атап өтті. Өйткені «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй конкурстық негізде ТҚЖБ салымшылары мен ЖАО кезегіндегі азаматтар арасында бөлінеді және салымшылардың депозитке тұрақты түрде қаражат салып отыруы олардың жоғары балл жинауына ықпал етеді. Тағы бір маңызды бонус – салымшылардың жинақтаған салымдарына 20% көлемінде мемлекеттік сыйлықақы қосылады. Ол 200 АЕК немесе 505 000 теңгеден аспайтын сома бойынша есептелінеді. Жыл соңында 76 мыңға жуық облыс тұрғыны мемлекеттік сыйлықақыға ие бола алады. Олардың 18 мыңы ТҮҚЖБ-нен биыл ғана есепшот ашқан жаңа салымшылар.
Орал қаласының тұрғыны Әскербек Баянғалиевтің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанғанына үш жыл болған екен. «Биыл үйлендім. Қазір баспана алудың қамымен жүрмін. Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Батыс Қазақстан облыстық филиалы салымшылармен кездесу ұйымдастырып, құрылыс компанияларының басшыларын арнайы шақырып, қаладағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер туралы жан-жақты ақпарат берді. Әсіресе, үлкен экран арқылы 3D форматында бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерді тура ішінде жүргендей көрдік. Әр пәтерді көрсете отырып, қандай мекенжайда орналасқанын, қандай құрылыс материалынан салынғанын және қандай тиімді шарттармен алуға болатынын да ұғынықты етіп әңгімелеп берді. Бұл салымшылар үшін өте тиімді тәсіл деп ойлаймын. Баспаналы болу туралы арманыма жақындай түскеніме қуаныштымын», – дейді әсерімен бөліскен Әскербек.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болып үлгерген Гүлзада Дүйсенова болса, жақында балаларының атына депозит ашуды жоспарлап жүр екен. Бүгінгі кездесуден мол мағлұмат алғанын, соның ішінде ТҮҚЖБ ұсынған «Өз үйім» бағдарламасы туралы алғаш естігенін айтады. «Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – өз меншігіңде басқа да баспананың болуына рұқсат беріледі. Жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен несие алғаннан кейін төмен мөлшерлемеге, яғни үш жыл мерзімнен кейін жылдық 5 пайызға ауысу мүмкіндігі қызықтырды», – дейді Гүлзада Ибатқызы.
«Өз үйім» бағдарламасы бойынша Орал қаласында 1 бөлмелі пәтердің құны 7 миллион теңгеден, 2 бөлмелі пәтер 12 миллион теңгеден, ал үш бөлмелі пәтер 16 миллион теңгеден басталады.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Орал қаласы