Ресей балуаны – «Әлем барысы»
Ресей балуаны – «Әлем барысы»
192
оқылды

2 желтоқсанда «Балуан Шолақ» спорт сарайында Қазақ күресінен абсолюттік «Әлем барысы» чемпионаты өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай­лас­ты­рылған бәсекеде Ресей балуа­ны топ жарды.

Осымен төртінші рет өткен байрақты бәсекеге әлемнің 30 елінен 33 балуан қатысты. АҚШ, Австралия, Әзірбайжан, Бразилия, Грекия, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Кон­го, Корея, Куба, Қырғыз Рес­пуб­­ликасы, Литва, Моңғолия, Ни­дерланд, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбек­стан, Украина, Эстония мен Жа­­­­пониядан келген саңлақтар өза­ра мықтыны анықтады. «Әлем барысында» еліміздің на­мы­­­сын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әб­діра­зақов (Алматы қаласы), М.Иса­ға­былов (Қызылорда об­лы­сы), Н.Жарылғапов (Маң­ғыс­тау об­­лысы) сияқты балуандар қор­­ға­ды.

Турнир қорытындысы бойын­ша финалда шығысқазақстандық Айбек Нұ­ғы­­маровты жеңген ре­сей­­лік Роман Бобиков «Әлем ба­­ры­сы» атанды. Үшінші орын үшін бел­десуде Мақсат Исағабы­лов өз­­­бек­стандық Мухсин Хис­со­мид­диновті жеңді.

Финалға дейінгі кезеңде Нұ­ғы­­маров Словениядан келген Юре Вусникпен, литвалық Эрик Би­зуновичпен кездесті. Моң­ғо­лияның тумасы, этникалық қазақ Серік Бердімұратпен және қола жүл­дегер Мақсат Исағабыловпен боз­кілемге шықты.

Ал Мақсат Исағабылов болса, эсто­ниялық Мадис Каранмен, ко­рея­лық Чанг Сонбокпен белдесті. Қола медаль үшін болған тартыста кубалық Леодан Эрнар Эрнандес пен өзбекстандық балуаннан айла­сын асыр­ды.

Айта кетерлігі, Айбек Нұғыма­ров әлем көз тіккен турнирдің фи­на­лына төртінші рет шықты. 2017 және 2018 жылдары «Әлем ба­­рысы» атанды. Осылайша, өзі­нің дес бермейтінін, бозкі­лем­нің «кәрі арыстаны» екенін дәлелдеді. Өкінішке қарай, Руслан Әбдіразақов турнирде өзін көрсете алмады. Ол бірінші айналымда моңғолиялық Серік Бердімұраттан жеңілді. Ал Нұрдәулет Жарылғапов грек Тентор Масманидиске жол берді.

Чемпионат Алматы қаласы әкім­дігі қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру іс­те­рі ко­митеті, қазақ күресі феде­­ра­циясы және Qazaqstan Ba­rysy қазақ күресін дамыту және қол­дау қоры ұйымдастырды. Дәстүр бойынша «Әлем барысы» – Роман Бобиковке 10 млн теңге мен алтын белбеу табысталды. Айбек Нұғымаровқа 6 млн теңге мен күміс белбеу бұйырды. Қызылордалық Мақсат Исағабылов 3 млн теңге мен қола белбеуге ие болды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша 1 млн теңгені өзбекстандық Мух­син Хиссомиддинов алды.

Турнирдің ашылу салтана­тын­да Qazaq kuresi ұлттық фе­де­­­рациясының президенті Дәу­рен Абаев пен Олимпиада чем­­пионы Жақ­сылық Үшкемпіров құт­­тық­­тау сөз сөйледі. «Әлем бары­сы­ның» маңызына тоқталып, қа­зақ күресі әлемдік деңгейге кө­те­­рілгені туралы айтты. Ел мен елді мәдениет, өнер мен спорт бай­ланыстыратынын алға тартты. Осы мақсатта «Әлем барысы» жыл сайын ұйымдастырылатынын тіл­ге тиек етті.

– «Әлем барысы» – қазақ кү­ре­­сін насихаттауда өзіндік ор­ны бар турнир. Чемпионат ха­­лықаралық деңгейде өз баға­сын алды. Оған қоса бұл іс-шара ұлт­тық өнеріміз – қазақ күресін Оли­м­пиада ойындарына қосу жо­лын­­­­дағы ауқымды жобалардың біре­гейі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай ұйым­дас­тырылған дүбірлі дода мәдени мұра­мызды дамытуға, қазақ кү­ре­­сін одан ары жетілдіріп, ха­лықа­ра­лық деңгейде насихаттауға, қа­зақ күресінен «Әлем барысын» анықтауға арналады, – деді Дәурен Абаев.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ