Қазақ әуені қалықтады
Қазақ әуені қалықтады
191
оқылды

Танымал TURAN этно-фо­­льклорлық ансамблі 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Атаулы датаға орай ел­ор­­да көрерменіне кон­це­рт берді. Кеш Қазақ­стан­ның Мә­дениет және спорт ми­­нис­трлігінің қолдауы­мен өтті.

TURAN – тыңдау­шы­лар­ға Қазақстанның дәстүрлі музы­­калық өнері мен ұлттық музыкалық аспаптар үнін жаңа форматта ұсынатын ерекше ансамбль. Ежелгі музыкалық аспаптар, ұлттық музыканың заманауи нақышта орындалуы, орындау шеберлігінің жоғары деңгейі – ансамбль тыңдау­шы­ла­рын жинады.

Бұл кеште ансамбль өнер сү­йер қауымға нағыз музы­ка­ның мерекесі мен ұмы­тыл­­мас әсер сыйлайды. Кон­церт­тік бағдарлама TURAN фольк­­лорлық-этнографиялық ансамблінің шығармашылық жолының призмасы арқылы ежелгі түркі мәдениетінің даму кезеңдерін көрсетуге тырысты.

Бүгінге дейін ансамбльдің 600-ден астам жеке концерті әлем­нің 70-тен астам елін ара­лап өтті. Оның ішінде Нью-Йорктегі Карнеги Холл, Ва­­­­шинг­­тондағы Кеннеди орта­лы­ғы, Берлиндегі Концерт үйі, Мәскеудегі Кремль сарайы сияқ­ты әйгілі концерттік зал­дарда елді өнерімен тамсан­дыр­ды. Бұл топтың құрамына Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Мақсат Медеу­бек, Ержігіт Алиев, Жанту Дадабаев кіреді.

Қазақ музыкалық аспап­тары­ның мерейі үстем болған кеште «Қазақ елі», «Ер Тұ­ран», «Толғау», «Аққу», «Ша­быт», «Көроғлы» сияқ­ты ха­лық күй­ле­рі мен отан­дық ком­по­зи­тор­лар­дың шы­ғар­малары орын­дал­ды. Ұлт ас­пап­тарының үні елор­да тұр­­ғын­дарына ерек­ше әсер қал­дыр­ды.

Ансамбльмен бірге Qazaqstan Орталық концерт залында өткен кешке Нұр-Сұлтан әкімдігінің Мемлекеттік академиялық фи­­лармониясының симфо­ния­лық оркестрі, Астана му­зы­ка­лық мемлекеттік театры, Қазақ ұлттық хореография ака­­де­мия­сының артистері және ән­ші Меруерт Мүсірәлі қатыс­ты.

Рухани кеш «Қазақ­кон­церттің» ұйымдастыруымен өтті. Шараның ресми серіктесі – Тұңғыш Президент – Елбасы қоры. Әсерлі кештің режиссері – Есләм Нұртазин. Бай мәдени мұрамызды жаңғыртып, төл өнер­ге жан бітірген TURAN ан­самблі алдағы уақытта тың­­дармандарын жаңа туын­ды­лары­мен қуантады.