Қазақстан – алманың Отаны, алайда сол отандық алманың дәмін тату арманға айналып барады. «Ұста темірге жарымайдының» кері. Базарға барсаң, шетелдің дәмсіз де нәрсіз алмасы қарсы алады. Арасынан қырғыздан жеткен алма көрсек, қуанатын болдық. Себебі қазақ алмасының көзге де, қолға да түсуі қиын. Сөйтсек, бізде өсетін алмаларды шетелдіктер күнібұрын сатып алады екен. Мұны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов астанадағы брифингте айтты. Әкімге сенсек, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері Алматы апортының бір жылдық қорын сатып алған.
«Мен осында келерде бір кәсіпкермен кездестім, ол Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері кәсіпкерлерімен бағаға қатысты дауласып жатты және менің көзімше алмасын қымбат бағаға сатуға келісті. Қазір бұрынғыдай қоймаларда жатып қалатын алма жоқ. Олар толығымен экспортқа шығарылады. Біздің алманың ерекше дәмі мен иісі шетелге танылған», – деді облыс әкімі. «Алма, піс, аузыма түс» деп отырғанда, шетелдіктер алдын ала келісім жасап, апортымызға құда түсіп жатыр.
Ішкі нарықты қамтуға қауқар бар ма?
Ішкі нарықты отандық алмамен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Солардың арқасында ішкі нарықтағы сұраныстың тең жартысы қамтамасыз етіліп отыр. Бірақ бұл тоқмейілсуге себеп емес.
Жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Серік Садықовтың айтуынша, бір адам жылына 15 келі алма тұтынуы тиіс. Ал біз 15 келі емес, 10 келі алма тұтынып жүр екенбіз. Оның басым бөлігі импорт алма. Әрбір қазақстандық жылына тиесілі 15 келі алма тұтынуы үшін елімізде жыл сайын 250-270 мың тонна алма жиналуы керек екен. Бұл көрсеткішке жету үшін алма бақтарын көбейту қажет. Ал оған дейін алманың 40 пайызын жеткізіп отырған Қырғызстан, Өзбекстан, Польша мен Қытайға телміруге тура келеді.
Ал шындығында, Қазақстанның ішкі нарықты отандық алмамен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Мұны С.Садықов айтып отыр. Тек ол үшін алма бақтарының аумағын екі есе көбейту қажет.
– Бүгіндері алма бақтары еліміздің оңтүстік өңірлерінде – Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында өсіріледі. Батыс Қазақстан облысының да алма өсіруге әлеуеті бар. Бұл өңірдегі алма бақтары кеңес дәуірінде танымал болған. Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында да алма өсіруге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі алма өсірушілер сыртқы нарыққа жұмыс істеуге бейім, себебі ол жақта алманы қымбатқа сата алады. Біздің алманың негізгі тұтынушысы Ресейде қазақстандық алма қымбат тұрады. Сондықтан отандық алма өсірушілер бұл нарықтан кетуге құлықсыз.
Айта кетейік, былтыр елімізде бағбандықты дамытудың салалық бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарлама бойынша 2027 жылы бау-бақша аумағы 45 мың гектардан 92 мыңға көбеюі керек.
Алма экспортында 76-шы орындамыз
Әлем нарығына шолу жасаған сарапшылар жыл сайын алма экспортының көлемі 1,5 пайызға өсіп отырғанын айтады. World's Top Exports дерегіне сүйенсек, 2017 жылы алма экспортының 40 пайызы Еуропаға, 25 пайызы Азияға тиесілі болған. Алма экспортында Қытай көшбасшы болып отыр, бұл көршіміз алма экспортынан ғана 1,5 млрд доллар табыс тапқан. АҚШ пен Италия 900 млн доллар табыспен екінші орында тұрса, алғашқы бестікті Франция мен Чили толықтырған. ТМД елдерінің арасында Әзірбайжанның көрсеткіші жоғары. Әзірбайжаннан кейін әлемдік экспортта Беларусь, Украина, Ресей және Өзбекстан тұр, қырғыз ағайын да қара жаяу емес – 52-ші орында. Ал Қазақстан 76-шы орынды қанағат тұтқан.
Бұл саланың проблемасы ретінде өндірістің техникалық жарақтануының төмендігі, қайта өңдеу секторының дамымауы, сақтау орындарының жетіспеуі жиі аталады. Жергілікті нарықта отандық бағбандар импортпен күз бен қыста ғана бәсекелесе алады. Себебі бұл салада біліктілігі жоғары маман жетіспейді. Өсімдіктану магистрлері жоқ. Сондықтан мамандарымызды АҚШ, Италия, Германия мен Жапонияға жіберіп оқытып алу артық болмас еді дейді осы саланың басы-қасында жүргендер.
Алматы облысы бағбаншылар қауымдастығының басшысы Арсен Рысдәулетовтің айтуынша, жыл сайын елімізде алма бағының көлемі артып жатыр. Бірақ оған ауқымды инвестиция мен кәсіби күтім қажет. Сауатты агрономдар жетіспейді. Бұл соңғы жиырма жылда осы саладағы білім бағдарламасының жаңармауымен байланысты.
– Себебі Кеңес Одағы ыдыраған соң жоғары оқу орындары дәстүрлі бақты күтіп-баптау жөнінде білім беруді жалғастыра берді, ал бұл кезде Еуропа мен АҚШ-та қарқынды алма бақтарын дамыту жүріп жатқан болатын. Қарқынды алма бағы көшет отырғызған соң бір жылдан кейін-ақ өнім береді, ал дәстүрлі алма бағы 3-4 жылдан кейін ғана өнім береді, – дейді ол.
Қарқынды алма бағының дәстүрлі алма бағынан өз ерекшелігі бар. Қарқынды алма бағында ағаштардың жанында торлы тіректер түрінде тірек жүйесі орнатылады. Тыңайтқыштар суға қосылып, тамшылатып суару жүйесі арқылы таралады. Қарқынды алма бағының шығыны көп болғанымен, ол жылдам ақталады. Алма бағының бұл түріне инвестицияны еліміздегі мұнай-газ саласы мен банк секторындағы кәсіпкерлер құйып келеді. Соңғы жылдары алма бақтарын қаржыландыруға қытай, үнді және араб инвесторлары қызығушылық танытып отыр екен. Себебі олардың өз елінде сапалы азық-түлік жетіспейді. Мысалы, Қытайда алманың бағасы қымбат, сондықтан ол елдің инвесторлары қазақстандық алма бақтарына қаржы құюға дайын. Ондағы мақсат өздерінің нарығын сапалы алмамен қамтамасыз ету. Бұл біздің елде өскен алманың тағы да өзге елдің нарығына шығатынын білдіреді. Экспортқа өнім шығарған жөн-ақ, алайда сондай экологиялық таза өнімді ішкі нарыққа да молынан шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ алма бизнесіндегілер үшін экспорт тиімді болып тұр.
Алманы сақтаудың амалын білген жөн
Алма бизнесі табысты кәсіп саналады. Сондықтан да есепке жүйрік ел алма өсіруге ден қойған. Мысалы, Еуропада жердің тапшылығынан 1 гектар жерге қарқынды алма бағын өсіріп-ақ табыс тауып отырғандар бар. Біздің елде қарқын алма бағын өсіру үшін 1 гектарға 70 мың долларға дейін қаржы қажет екен. Жұмсалатын қаржы көлемі көшеттерге, инфрақұрылымның құны мен тамшылап суару жүйесі сияқты бірнеше факторға байланысты өзгеруі мүмкін. Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында қарқынды алма бағын қолға алаған SV – Agro ЖШС алманың 13 түрін өсіріп жатыр. Оның басым бөлігі қысқа сақтауға қолайлы күздік алмалар. Келешекте жеміс қоймаларын салу көзделуде. Оның өзі ел тұрғындарын жыл он екі ай экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, шет елге де шығаруға мүмкіндік бермекші. Интенсивті алма бақтарын дамыту жұмыстары көршілес жатқан Меркі ауданында да қарқынды қолға алынған.
Бағбан шаруашылығы саласындағы мамандар 2018 жылды алманың жылы болды деп санайды. Тіпті, алма өсірушілер өнімін қайда өткізерін білмей, басы қатыпты. Осы кезде отандық алма өсірушілердің маркетинг пен логистика саласында білімі жоқ екені білініп қалған. Біз алманы қайда, қалай сақтаймыз деп жүргенде АҚШ-та тоңазытқышта бір жыл сақталса да, бүлінбейтін жаңа алма сұрпы сатылымға шықты. BBC агенттігінің хабарлауынша, жаңа сұрыпты шығаруға 20 жыл жұмсалыпты. Cosmic Crisp деген атау берілген алманы Вашингтон штаты университетінің ғалымдары Honeycrisp және Enterprise гибрид сорттарынан алғаш рет 1997 жылы шығарған екен. Вашингтон штатының фермерлері бұл сұрыпты алдағы 10 жыл бойы өздері ғана өсіруге құқық алған. Алма тоңазытқышта 10-12 ай сақталғанда өзінің түсі мен дәмін баяу жоғалтады.
Әу бастағы мәселеге қайта оралсақ, отандық бағбаншылар ішкі нарықты отандық алмамен қамту үшін не істеуі керек? Біз қашанғы сыртқы нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп, өзіміз импорт алманы тұтынамыз? Арсен Рысдәулетовтің пікірінше, ол үшін халықаралық институттармен серіктес болып, ғылым мен білімді жан-жақты дамыту, студенттер мен ғалымдар үшін тәжірибелік стансаларды құру қажет деп санайды. Сонымен бірге несиені субсидиялау және арзандату арқылы бизнеске, отандық бағбандарға қолдау көрсету маңызды. Бұған қоса, Сиверс алмасының отаны ретінде Қазақстанның маңызын арттыру қажет.