«Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз» – Nur Otan Батыс Қазақстан облысына келді
«Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз» – Nur Otan Батыс Қазақстан облысына келді
263
оқылды

«Nur Otan» партиясы өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Батыс Қазақстан облысына келді.

Өңірдің ұстаздар қауымымен кездесуде алдағы 5 жылда білім саласын дамытудың негізгі басымдықтары талқыланды. «Біздің міндетіміз – мұғалім кәсібінің беделін одан әрі көтеріп, ұстазға құрметті күшейту. Енді педагогтар жалақысы 2 есе өсетін болады. 2025 жылға қарай 800 жаңа білім беру нысанын салу есебінен апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылады. Барлық ауылдық мектептер жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтылады», – деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек. Бұдан соң билеуші партия өкілдері волонтерлармен, студент жастармен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 желтоқсанда өткен «Jas Otan»-ның Съезінде бастау алған «Мен Nur Otan-ға мүше боламын» жастар челленджінің аясында билеуші партия қатарына қазірдің өзінде 6 мыңнан астам жас қазақстандық қосылды. «Елбасының Мемлекеттік бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, «Nur Otan» қоғамда, әсіресе жастар арасында өзара құрмет пен барша азаматтың теңдігі құндылығын дәріптеуді жалғастырады. Біздің бағдарламамызда жастарды жұмыспен қамтуға және олардың өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» Съезінде атап өткендей, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар санын 50%-ке ұлғайту жоспарланып жатыр. Жастар ұйымдарының жобаларын және волонтерлік қозғалысты дамытуды гранттық қаржыландыру 1,5 есе ұлғайтылады», – деді ол. Назарбаев Университетінің үлгісімен 2 өңірлік озық жоғары оқу орны ашылады. Тиімсіз білім ордалары кезең-кезеңмен жабылады. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алу үшін 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шаралары қабылданады. Батыс Қазақстан Осы күні сайлауалды штаб мүшелері Орал трансформатор зауытының жұмысшыларымен кездесуде өңірдің проблемаларын талқылады. Партия 5 жыл ішінде облыста 800 км-ден астам автомобиль жолдарын жөндеу, ауыл тұрғындарының сумен қамтылуын 100%-ға жеткізу міндетін қойып отыр. Өңірде 11 жаңа мектеп және 2 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй салынады. Осы арқылы әлеуметтік мұқтаж азаматтарға 8 мың пәтер берілетін болады. Газ тарифін төмендету бойынша да бірқатар шаралар жоспарланған. Сонымен бірге өңірде мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру зауытын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Партия барлық мүдделі тараптармен бірлесіп Жайық өзенінің тартылуы мәселесі бойынша қажетті шаралардың қолға алынуына қол жеткізетін болады. https://www.youtube.com/watch?v=-ZPyXvBDIcE&ab_channel=NurOtan