Жолайрықтың «жыры»: Жерін не сата алмаған, не көшіп кете алмаған тұрғындарға өтемақы төленді
Жолайрықтың «жыры»: Жерін не сата алмаған, не көшіп кете алмаған тұрғындарға өтемақы төленді
5,233
оқылды

«ҚазАқпараттың» жазуынша, Алматыда жолайрығын салу үшін бұзылатын тұрғын үйде тұратын 117 отбасына өтемақы төленді.

Бірнеше жылға созылған түйткіл қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың араласуынан кейін шешілді. Жол салу үшін бұзылатын тұрғын үй учаскелерінің иелері Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде көмек сұрап, өтініш айтқан. Алматыдағы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрық республикалық бюджет есебінен салынып жатыр. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 29 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңесте жолайрықтарын салу үшін алынатын учаскелерге өтемақы төлеу мәселесін көтерген болатын. 

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетовтің айтуынша, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайрығын салу үшін ондағы жерді сатып алу мәселесі 2017 жылдан бері шешілмей келген. 

Қараша айында республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, 117 учаскенің иелеріне өтемақы төлеу процесі басталды. Бүгінде олардың барлығы тиісті сомасын алды. 

«Осы күнге дейін тұрғындардың жағдайы белгісіз болып келді. Олар бұл жерді не сата алмайды, не кете алмайды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың арқасында мәселе шешімін тапты. Бұзылатын үйлердің иелерімен көшудің қалай жүргізілетінін талқыладық», — деді Алматы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов.