Алматыда бұрын-соңды болмаған оқиға – бір әйел «Әділет» атты халықаралық арбитражды сот құрып, заңсыз «сот төрелігін жүзеге асырды», – деп жазады Liter.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматыда А. есімді азамат «Әділет»халықаралық арбитражды сотымен толық серіктестік құрды. Ол Қазақстан Республикасының атынан әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша шешімдер қабылдаған»,– деп хабарлаған қалалық прокуратурадан.
Сонымен бірге заңсыз сот актілері бойынша азаматтарды жүргізуші куәлігінен айырып, адамдарды тергеу изоляторынан босатуға тырысты.
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәлімдемесіне сәйкес, «Әділет» халықаралық төрелік сотының қызметі таратылды.
«Жалған судьяға қатысты Қылмыстық кодекстің 390-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп толықтырды прокуратурадан. Тергеу мүддесіне орай, басқа мәліметтер ұсынылмаған.