Қазақстандағы ең қымбат пәтер жарты миллиард теңге тұратын көрінеді. Мұны Urban Awards ұйымының сарапшылары анықтаған. Ал риэлторлар пікірі басқа: олар мұның тек саудаға қойылған баспаналар арасындағы ең қымбаты екенін ескертеді. Ал жоғары лауазымды шенеуніктердің, қалталы бизнесмендердің сән-салтанатты кең сарайлары бұдан әлдеқайда бағалы, құнды. Бірақ мұндай жылжымайтын мүлік, әрине сатылмайды: қожайыны өткізу үшін емес, өзі тұру үшін жабдықтаған.
2,5 миллион адам үйге мұқтаж
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елімізде баспанаға зәру адамдар саны артуда. Бұған негізгі екі фактор – жылжымайтын мүліктің жоғары бағасы және халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі ықпал етіп отыр. «Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 2,5 миллион адамға жетті. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың 170 мыңнан астамы – табысы аз адамдар. 180 мың адам мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері санатына, ал 50 мың адам жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатады», – деді ведомство. Бұдан бөлек, «Қазтұтынуқадағалау» (Казпотребнадзор) бірлестігі өзі жүргізген зерттеу қорытындысына сүйене отырып, Қазақстанда баспананың қолжетімділік деңгейі бойынша ел өңірлерінің антирейтингін жасап шықты. Ұйымның дерегінше, бәрінен бұрын елордада және Алматыда үй алу қиын, тым қымбат. Екі мегаполисте, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары екені мәлім. Онда неге пәтерге қол жеткізу күрделі? Сарапшылардың түсіндіруінше, оның бірнеше факторы бар: біріншіден, елорда тұрғындары санының өсу серпіні құрылыс қарқынынан жоғары. Екіншіден, әлеуметтік, арзан тұрғын үйді алуға үміткер мемлекеттік қызметшілердің саны көп. Үшіншіден, қаланың астана мәртебесі де негізгі рөл атқарады. Сондай-ақ «Қазтұтынуқадағалау» рейтингі бойынша еліміздің батыс өңірлерінде тұрғын үй тапшы. Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында әрбір оныншы отбасы үй кезегінде тұр. Бұдан әрі антирейтингте солтүстік және орталық өңірлер – Қостанай, Павлодар, Ақмола, СҚО және Қарағандыда орналасқан. Өйткені оларда баспана аз салынады. Онда қалайша бұл облыстар рейтинг басында жоқ? «Мұны демографиялық процестермен түсіндіруге болады. Солтүстік және орталық өңірлерімізде бала туу көрсеткіші төмен. Тұрғындардың көп бөлігі жыл сайын Ресейге тұрақты тұруға көшіп кетуде. Осыған байланысты кезекте тұрғандар, «жетімбұрыш» жағалағандар саны айтарлықтай төмендейді» делінген бірлестік қорытындысында. Оңтүстік өңірлер антирейтинг соңына жайғасты. Сарапшылардың тұжырымдауынша, бұған оңтүстікте отбасылардың көбі ауылдық жерлерде өмір сүретіні себепкер. Азаматтар қарап отырмай, саман мен кірпіштен өз бетінше үй салып алады. Нәтижесінде, оңтүстіктегі ауылдарда бір аулада, бір телімде бірнеше үй салынғанын байқауға болады. Бұған қоса, «Қазтұтынуқадағалау» оңтүстікте әкімдіктің үй кезегіне тұруда әкімшілік кедергілер көптігін алға тартты. Салдарынан нақты қанша адамның үйсіз-күйсіз екенін білу қиын.Медеу ауданы – байлар мекені
Urban Awards сарапшылары нарыққа мониторинг жүргізіп, саудадағы ең қымбат пәтерді анықтады. Олардың мәліметінше, еліміздегі ең құны жоғары тұрғын үй Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында. Ал Қарағанды облысынан басқа өңірлерде құны 150 миллион теңгеден жоғары бірде-бір баспана табылмаған көрінеді. Оларда тіпті құны 50 миллион теңгеден асатын пәтер сирек! Мысалы, Атырауда жаңа тұрғын үйлердегі ең қымбат пәтер үшін – 90 млн, Шымкентте – 59 млн, Оралда – 51 млн, Ақтөбеде – 40 млн, Көкшетауда 31 млн теңге сұралады. Қазақ металлургиясының «астанасы» Қарағанды қаласының қақ ортасында тұрғызылған «На Чижевского» тұрғын үй кешені ғана өзінше дараланбақ: девелопер 279,47 шаршы метрлік пәтерді 195,62 миллион теңгеге сатуда. Әзірге өтпеген. Алматыда «Юбилейный» ықшамауданында, Медеуге апаратын Горная көшесінде бой көтеріп жатқан Orchard Residences тұрғын үй кешенінде жалпы ауданы 258,6 шаршы метрді құрайтын пәтердің құны жарты миллиардтай – 491,34 миллион теңге тұратыны белгілі болды. Ақтау қаласының элиталы ауданында – Каспий жағалауында тұрғызылған Aqtau Residence клубтық тұрғын үйінде 303,33 шаршы метрлік пәтер 364 миллион теңгеге бағаланып отыр. Нұр-Сұлтанда Baisanat тұрғын үй кешенінде 325,8 шаршы метрлік пәтер алу 277 миллион теңгеге түспек. Мұндағы бір бөлмелі пәтер бағасының өзі 73,7 миллион теңгеге дейін барады. Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында орын тепкен Akbulak Riviera-да 279,92 шаршы метр болатын 6 бөлмелі пәтерді құрылыс холдингі 266 миллион теңгеге бағалауда. Қазақстандағы ең қымбат пәтерлер рейтингінде бірінші тұғырлар сол бұрынғыдай еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыға тиесілі. Талдау көрсеткендей, салтанатты сарайлардың көбі мегаполистің Медеу ауданында орналасқан.«Баға өскен жоқ, теңге құнсыздануда»
Елордалық риэлтор, жылжымайтын мүлік агенттігінің менеджері Руслан Сейілтаев бұл сомаға таңғалудың өзін әбестік санайды. «Бұған елде ұдайы жүретін девальвация кінәлі. Мысалы, 1997 жылы Мәскеуде көпқабатты, ескі үйдегі екі бөлмелі пәтердің 357 миллион рубльге сатылып жатқанын білдім. Бірақ оған ешкім қайран қалмайтын. Себебі сол кезде талай жыл жүрген жойқын девальвация кесірінен 1 доллар бағамы 5 мың 960 рубльге жеткен болатын. Ал әлгі баспана 60 мың долларға саудаға қойылған. Біздегі жағдай соншалықты масқара болмағанымен, мәз емес», – дейді ол. Сарапшы еліміздегі ең қымбат (491 млн теңге) пәтердің 1 шаршы метрінің құны 1,9 миллион теңге болатынын қаперге салды. «Бұл шамамен 4,5 мың доллардан астам. Бірақ еске түсірсек, 2010-жылдары елордада Триумф, Триумфальный, Хайвилл секілді «элит» санатындағы үйлердің бәрінде шаршы метр құны 4,5 мыңнан басталатын. Қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендеген сайын құрылыс компаниялары да тәбетін басып, бағаны күрт құлдыратты. Бүгінде оңтүстіккореялық компания салған Хайвиллде шаршы метрі үшін 1-1,2 мың долларға пәтер табуға болады», – деді Руслан Сейілтаев. Шетелге саяхаттап шыққан қазақстандықтар елордадағы элиталы пәтердің бағасы Түркия, Мысыр, тіпті Испания секілді елдердегі теңіз жағасындағы екі деңгейлі (қосқабатты) виллалардан қымбат екенін байқап жүр. Нұр-Сұлтандағы үйін сатып, сол елдерге тұрақты тұруға көшіп кеткен қазақстандықтар жетерлік. Мұның сыры неде? Отандастарымызға осындай қызмет көрсетіп жүрген Atabek Еstate компаниясының тең қожайыны Александра Кабакчының түсіндіруінше, бар мәселе тұрғын үй құрылысы ерекшеліктерінде және климатта. «Түркияда арзанқол үйлер жеңіл, қымбат емес материалдардан тез тұрғызылады. Сіздердегідей құрылыс компаниялары ауыр техникаларды көп тартпайды. Оларда Қазақстандағыдай қыста жылыту жүйелері қарастырылмаған. Қабырғалары өте жұқа. Көршіңіз таңға дейін думандатса, соның ортасында отырғандай сезінесіз. Бұған да дайын болу керек. Қазақтар көп қызығатын Аланияда, Стамбұлда жақсы үйлер бар, бірақ олар өте қымбат тұрады. Арзанқол баспанаға қызыққанша, дұрысына, құндысына қол жеткізген жөн», – дейді ол. Әйткенмен, Қазақстанда да азаматтар тұрғын үй сапасы құлдырап бара жатқанына жиі шағымданады. Импорттық құрылыс материалдарына тым тәуелді құрылыс компаниялары долларға шаққандағы бағаның құлдырауын сапаны төмендету арқылы өтейтін болса керек.Елдос СЕНБАЙ