Жасанды түсік: күнә ма, әлде қателік пе?
Жасанды түсік: күнә ма, әлде қателік пе?
585
оқылды

Жасанды түсік жасату, әлем елдері үшін өзек­ті. Көптеген елдер де­могра­фияға зиян тигізеді немесе «кі­ші­гірім геноцид» деп танып, абортқа тыйым салып жатыр. Бірақ мұның соңы дауға айналып жат­қанын кө­ріп отырмыз. Әрі­ден тар­қатпай-ақ, жуыр­да болған Польша­дағы нара­зы­лықтарды мы­сал ет­сек те жеткілікті. Ал Қазақ­станда да жасанды түсік мәселесі маңызын жой­май тұр.

Ортақ шешімі бұлыңғыр дүние

Аборт жасатуға қатысты кез келген елде, кез келген қоғамда ортақ көзқарас қалып­таспағаны анық. Қалыптасуы да неғайбыл. Себебі жасанды түсікті жақ­таушылар да, даттаушылар да көп. Ең басты проблеманың арқауы – осы. Ден­саулық сақтау министр­лігінің мә­ліметі бойынша, жүктілікті жа­сан­ды түрде үзу үшін медици­налық көрсет­кіш­терден өзге бірнеше әлеуметтік фактор есеп­ке алы­нады екен. Мысалы, әйелдің жүкті кезін­де жұбайы қайтыс болса, зорлаудан кейін жүкті болса немесе ата-ана құқығы­нан айырылса, әйел босқын мәрте­бесінде көшуге мәжбүр болса, отбасында мүгедек баласы бол­са, заңды түрде некеде тұрмаса нәрестені жасанды жолмен алып тастауға рұқсат бері­леді. Әйтсе де, елімізде жасан­ды түсік жасат­қандарға қатысты статис­тика оңып тұрған жоқ. Жақын аралықты алып қарасақ, 2016 жылы 78,8 мың, 2017 жылы 80,3 мың жасан­ды түсік тір­келіпті. Облыстар арасында Түркіс­тан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлері тізімнің алдына шықса, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары ең жоғары көр­сет­кішке шыққан (8,4-8,2 мың). Ал 2018 жылдан бері бұл статистикалық дерек әлі жүйеленбей келе жатыр. Бір анығы, жыл сайын ресми түрде анық­талған түсік жаса­тудың 30 мыңнан астам дерегі тіркеледі. Бірақ бейресми жасал­ған аборттардың бары анық, олардың саны белгісіз. Сондықтан бұл есеп шынды­ғында бірнеше есе көп болуы мүмкін. Енді медицина тұрғысынан қарасақ, жасанды түсік жасатудың әйел ағза­сына зияны баршылық. Медицина ғылымының кан­дидаты, денсаулық сақтау ісінің үздігі Жұпар Наханова жүктілікті жоспарлаудың бәрінен де маңызды екенін айтып отыр. – Жасанды түсік жасалғанда жүкті әйел­дің гормоналды жүйесі табан асты жүріп келе жатқан жолынан жаңылып қалады. Осы гор­моналды гомеостаз – гормоналды статус­тың бұзылуы әйел­дің түрлі ауруға ұшырау ықти­малдығын ұлғайтады. Оның соңы жатыр мио­­масына айналуы мүмкін. Ал оған мән бермей, миома ұлғая берсе, қатерлі он­коло­гиялық ауруға ұласады. Сон­дық­тан денсау­лығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн. Жүк­­ті­ліктің өзін жоспарлап, аналық мінде­тіне жауап­кершілікпен қараған әйелдің өзі де, ұрпағы да сау болады. Ағзасын тек­серіп, тіпті тісін құрт жеп жатса да, ал­дын ала емдел­гені жөн. Қоғамда қа­зір туабітті сырқат бала­лардың дү­ниеге келуі азаяр емес. Оның басты себебі – ана денсаулығының ақауын­да, – дейді ол. Бір сөзбен айтқанда, ме­дицина аборттың зиянын ашық дә­лел­деген. Ол осы уақытқа дейін талай айтылды. Деген­мен біз жасанды түсік мәселесін заң тұрғы­сынан қара­ғанды жөн санадық. Себебі жоға­рыда жа­санды түсікке тыйым салған кей ел­дерде халықтың жаппай наразылығы болға­нын айтқан едік. Бір қызығы, заңгер маман­дардың өзі бұл мәселеге қатысты біраз кібір­тіктейді. Мәселен, заңгер Талант Рама­занов бұл тұста екі адамның құқығы бір-біріне қарсы шыға келетінін баяндайды. – Заң тұрғысынан бір шешімді дөп басып айта алмаймыз. Бұл жерде ана мен баланың құқығы бір-біріне қарсы шығатындай кө­рінеді. Бір жағынан, жасанды түсік жасатуды шешті ме, ол әйелдің құқығы, өз таңдауы. Екінші жа­ғынан, әлі дүниеге келмеген бала­ның құқығы бар. Күрделі фило­со­фиялық дүние. Заң бәрін шешпейді, адамдардың таны­мын, көзқарасын да есепке алған жөн, – дейді.

Абортты құптайтындар наразылығы

Енді жер жүзіндегі абортқа қатысты шыққан даулардың біріне тоқталсақ. Поль­шада конституциялық три­бунал күзде аборт­қа тыйым салу туралы шешім шығарған болатын. Көп ұзамай қазан айының соңында әр қалада осы шешімге қарсы наразылық акциясы ұйым­дастырылды. Познань қала­сында 10 мыңға жуық адам храм алдына «Като­лик-әйел­дердің де аборт жаса­туына құ­қығы бар» деп жазылған плакат ұстап шыққан. Лодзь қала­сын­дағы акцияға 2 мың адам қатысса, көп жерде наразылық храмдар жанында өткен. Дегенмен осы елде абортқа қарсы шешімді құптаушылар көп. Мысалы, Варшавада жасанды түсікті қолдағандар ұлтшылдармен қақ­ты­ғысқан. Бәрінен бұрын абортты жақтап отырған жұртшылықтың діни сенімге, яғни католик шіркеуінің мүддесіне қарсы шығып отырға­нын аңғардық. Ақырында бұл жағдай елдегі саясатқа да қарсы бағытталды. Осыдан кейін Польшаның конституциялық три­буналы құрсақтағы нәрестенің ке­містігіне қатысты түсік тастау туралы ережені консти­туцияға қайшы деп тапты. Ал сол елдегі заңгерлер мұ­ның абортқа тыйым салғанмен бірдей шешім екенін алға тартқан. Негізі, Польшада 1993 жылдан бері абортқа тек зорланған немесе ананың ден­саулығына қауіп төнгенде ғана рұқсат етіліп келген. Нәтижесінде, әйел­дер тү­сік жасатқысы келсе, өзге елдерге баруға мәж­бүр болған. Шамамен жыл сайын 80-120 мың польшалық әйел өзге елде жасан­ды түсік жасатуға әре­кет еткен. Қорыта айтқанда, даулы мәселенің түйінін кесіп айту мүмкін болмай тұр. Кез келген жүкті әйел абортқа себепсіз бармайтыны белгілі. Сондықтан бұл мәселенің шешімі жоспарсыз жүк­тіліктің алдын алып, болдырмау ғана іспетті.

Мадияр ТӨЛЕУ