Атырауда бір жыл бұрын болған оқиғаға қайта оралу қоғамда дау туғызды. Өткенге қайта оралуды адам қаламайды. Бірақ әділетсіздікке төзуге де болмайды. Балабақшадағы баласына тәрбиеші тарапынан болған қол көтерудің «жылы» жабылуы ата-ананың жанын жегідей жеген соң болған оқиғаға оралудан өзге амал қалмады...
Өткен жылы қараша айында №20 «Алтын балық» балабақшасында тәрбиешінің бүлдіршінге бірнеше рет қол көтергені бақылау камераларына жазылып қалған. Бір жылдан астам уақыт ата-анасы қалалық білім бөлімі, облыстық басқарма, полиция және прокуратураның әрекетін күтті. Нәтиже болмаған соң баланың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы жұртшылық назарын аударуды ұйғарды. Жәбірленуші баланың әкесі Мемлекет басшысына, Бас прокуратураға, Ішкі істер министріне, Білім министріне, Атырау облысы әкіміне, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Аружан Сайынға көпшілік алдында жүгінді. Баланың әкесі Рашид Төкешев әлеуметтік желідегі жазбасында ұлына зорлық-зомбылық көрсету, жәбірлеу және түрлі дене жарақатын салу фактісі балабақшаның бейнебақылау камерасына түскенін, 25 бейнежазба бар екенін баяндап отыр. Сондай-ақ ол баласының ПДБ (психикалық даму бөгелісі) диагнозымен неврологте есепте тұрғанын, тәрбиеші өзін қалай ренжіткенін, оның тәніне соққы қандай дәрежеде болғанын түсіндіре алмайтынын жазған. Ал әлеуметтік желі арқылы тараған бейнежазбада тәрбиешінің бүкіл әрекеті көрініп тұр. Әкесі қалалық білім беру бөліміне, полицияға және Атырау прокуратурасына әлденеше рет жүгінгенін, бірақ әділеттілікке қол жеткізбегенін атап өтті. Сайып келгенде, өткен жылдан бері тергеу ісіне қанағаттанбаған ата-ананың әлеуметтік желідегі үндеуіне орай жуырда арнайы брифинг өтті. Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева балабақшадағы оқиға туралы өзінің қабылдауына келген баланың анасынан білгенін және тәрбиешінің әрекетіне арыз жазғанын айтты.– Осындай дерек бойынша тексеру жүргізу біздің құзырымызға кірмейді. Біз бұл шағымды Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі облыстық департаментке жолдадық. Балабақша меңгерушісі түсініктеме жазып, өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш берді. Тәрбиеші түсініктеме жазудан бас тартты, бізбен оның адвокаты хабарласып, барлығы сотта түсіндірілетінін айтты.Қылмыстық тергеуден басқа Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаменті тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы мекеме басшысының орынбасары Бердібек Таишев тексеру нәтижелері бойынша тәрбиешінің айыппұлмен ғана жазаланғанын хабарлады. Атырау облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамбет Мүтәлиев осы оқиғаға байланысты тәрбиешіге қатысты тергеу әрекеті аяқталып, іс сотқа жіберіліп жатқанын растады.
Балабақша – баланың өз қатарластарымен қарым-қатынасқа түсіп, орта таңдауына, тәрбиешілер тарапынан оқуға ынталы болуына жағдай жасайтын ұжымдық мекеме. Бұл мекемеде дені сау бала да, денсаулығында ақауы бар бала да тәрбие алуға құқылы.
Оның айтуынша, сотқа дейінгі кешенді сараптама жүргізіліп, тергеу амалдары аяқталған. Бүгінгі таңда тергеу амалдарының қорытындысымен жәбірленуші баланың ата-анасы танысуда. Жәбірленуші тарап тергеу қорытындысымен танысқан соң қылмыстық іс сотқа жолданатын болады. Біз балабақшада тәрбиешісінен зәбір көрген баланың анасына бірнеше рет хабарласқанымыздан нәтиже шықпады. Сайып келгенде, баласымен қоса өздері де бірнеше ай бойына күйзелісті өткеріп отырған ата-ананы мазалаушылар аз болмасы анық. Ал кеше түнде Instagram желісіндегі жазбасы өшіріле бергесін Р.Төкешев түнгі уақытта хабарлап, жазбасын әлеуметтік желіде сақтау үшін Instagram stories-не жүктеп отырғанын баяндаған жазба қалдырыпты. Әлеуметте қозғау салған осы оқиғаға қатысты еліміздің барлық өңірлерінен балабақшаларда баланы ұру оқиғасының жиілеп кеткенін жазып, бейнекамераларды бақылауға алу қажеттігін жазуда. Айтарлығы өткен жылы тәрбиешіге жаза қолданарда бала денсаулығына байланысты тәрбиеші не себептен өзіне қол жұмсағанын және тәніне тиген соққыны қандай дәрежеде алғанын айта алмауы қылмыстық істің қозғалуына қолбайлау болуы мүмкін деген болжам да айтылуда. Қалай десек те, ата-ана баланы балабақшаға текке бермейді. Балабақша – баланың өз қатарластарымен қарым-қатынасқа түсіп, орта таңдауына, тәрбиешілер тарапынан оқуға ынталы болуына жағдай жасайтын ұжымдық мекеме. Бұл мекемеде дені сау бала да, денсаулығында ақауы бар бала да тәрбие алуға құқылы. Ал олардың осы құқығын бұзуға ешкімнің заңды да, моральдық тұрғыда да қақы жоқ екенін педагогика мамандары жадыларынан шығарып алған секілді. Жалпы, біздің елімізде науқас балаларды жәбірлеу үрдіске айналып барады. Мұндай оқиғалардың Атырау өңірінде қайталана беруі, осы салада бұл мәселеге ден қойып, бақылауға алатын уақыт келгенін көрсетіп отыр. Әйтпесе, халық бұл жағдайды әлеуметтік желі арқылы жеткізбес еді.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы