Жолсеріктер аттестациядан өтеді
Жолсеріктер аттестациядан өтеді
135
оқылды

2020 жылы теміржол саласындағы қызметкерлерді аттестациялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының корпоративтің мәселелер жөніндегі орынбасары Асылхан Қалдыкөзов мәлім етті.

«Бізде 6 мыңға жуық жолсерік, 1 мыңға тарта билет кассирі қызмет етуде. Жылдың басынан бері 385 адам тәртіптік жазаға тартылды. Соның ішінде 170 адаммен еңбек келісімшарты бұзылды. Бұл тұрғыда билетсіз жолаушы және рәсімделмеген жүк тасымалдағаны үшін қызметкерлерге қатысты шара қолданылды», – деді ол.

А.Қалдыкөзов келесі жылы теміржол қызметкерлерін аттестациялау мен олардың біліктілігін жетілдіру бойынша қосымша жұмыстар жоспарланып отырғанын айтты.

«Бірінші кезекте біз өзіміздің қызметкерлермен жұмыс істеуіміз керек және қызметіне салғырт қарайтындарды бұл салаға жолатпау керек. Яғни, темір саласына теріс көзқарас тудыратын адамдар жолаушыларға қызмет көрсетпеу тиіс», – деді А.Қалдыкозов.