Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесінің көтерілгеніне жеті жыл уақыт өтті. Қазіргі Парламент депутаты Нұрлан Дулатбеков 2012 жылы облыстық ономастикалық комиссияға Майқұдыққа Алаш қайраткерінің атын беру туралы ұсыныс жолдайды. Алайда бұл мәселе халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген деген желеумен жылдан-жылға кері шегеріліп келеді. Жеті жыл – аз уақыт емес. Көмірлі шаһардың тұрғындарына Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметін насихаттап, түсіндіруге жеткілікті уақыт.
Октябрь ауданында 250 мыңнан аса халық тұрады. Басым бөлігі ауылдан көшіп келген жергілікті ұлт. Майқұдық халқы Әлиханның кім екенін түсіндіруге мұқтаж емес. Тек жергілікті билік аудан атын өзгертуден туатын қиындықтан қашқақтайтын секілді. Ондай долбарға негіз де бар.
Биыл Қарағанды қаласында ескірген көше атауларын ауыстыру туралы қоғамдық тыңдау өтпеді. Былтыр жыл соңында қаладағы 17 көшенің атын өзгерту туралы екі рет қоғамдық тыңдау өткізілген болатын. Көше атауларын өзгертуді қолдап 400 адам жиналды. Қарсы болған ешкім жоқ. Ал биыл неге бұл мәселені жоспардан сызып тастағандары беймәлім. Қала әкімі мен оның аталған салаға жауапты орынбасары үшін бұл маңызды мәселе емес сыңайлы.
2014 жылы Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының cол кездегі басшысы болған Өмірзақ Амантайұлы «Биыл ономастика комиссиясында Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру, Новоселов көшесіне Жанқожа батырдың, Ленин көшесіне Әбілқас Сағыновтың, Лободы көшесіне Мәди Бәпиұлының, Волочаевская көшесіне Әсет Болғанбаевтың, Молоков көшесіне Олжабай батырдың, Кривогуз көшесіне Қасым Аманжоловтың, Гоголь көшесі мен Республика даңғылын Абай даңғылы деп атауды сұраған тілектер қаралатын болады» деп газетімізге сұхбат берген еді. Содан бері бұл көшелердің аты өзгерген жоқ, кеңестік атаулар әлі сыңсып тұр.
Октябрь қашан ауысады?
2016 жылы Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Аталды деген аты ғана. Жетім қыздың тойындай, облыс орталығынан шалғай жатқан ауданда ырымы жасалды. Сол тойда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Қарағанды облысында Әлихан Бөкейхан атындағы аудан пайда болады» деп мәлімдеді. Іле-шала Қарағандыда он шақты ғана мүшесі бар «Сарыарқа» атты пікірталас клуб мүшелері жиналып, әкімнің мәлімдемесіне қарсы шықты. Пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев «Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібековтің Ә.Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымыз», – деді. Тұтас халықтың алдында уәде берген әкім 10 адамнан тұратын клубтан қаймығып, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырды.
2017 жылы кеншілердің мәдениет сарайында сол кездегі аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков халыққа есеп берді. Екі сағатқа созылған кездесуде отызға жуық сұрақ қойылды. Оның ішінде тек жалғыз сұраққа Н.Әбдібеков нақты жауап бере алмады. Ол Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі беріліп, ескерткіші ашылады деген уәдесіне қатысты болды. Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Октябрь төңкерісінің қазаққа әкелген зұлматы туралы 18 минут баяндады.
– Кеңес үкіметі құлаған шақта біз Кеңес үкіметін сатып кеттік. Себебі ол кезде ұлттың батыры өз әкесін сатқан Павлик Морозов болды. 70 жыл ішінде Кеңес үкіметі 70 миллион адамды өлтіріпті. Сіз, әкім мырза Октябрь ауданы Әлихан Бөкейханның есімі беріледі деп уәде бердіңіз. «Октябрь» қазаққа не алып келді? Азамат соғысы, қызыл террор, 4 миллион адам көз жұмды, Қазақстанның өзінде 500 мың адам қаза тапты. Ақтар қызылдармен, қызылдар ақтармен соғысты. Ақтар да, қызылдар да қазақтарды еш аяусыз өлтірді. Қазақтың қаншама қайраткерлерін жер аудартып жіберді. Қайтып келгендерін жазалады. 1992-1996 жылдары Москвада 600 көше атауын өзгертті. Орталық Октябрь ауданының аты ауыстырылды. Бірде-бір Москва тұрғыны қарсы болып, көшеге шыққан жоқ. Одан кейін Октябрь алаңының атын өзгертті. Октябрь алаңының атауын өзгерткенде де ешкім қарсы шықпады. Ленинград қаласындағы Октябрь ауданын, Ленин ауданының атауын ауыстырды. Қарағандыдағы Октябрь ауданына қашан Әлихан Бөкейханның есімі беріледі? – деді Айтқожа Фазылов. Облыс әкімі ақсақалдың сұрағын жауапсыз қалдырды.
Ленин көшесіне телміре қараймыз
Облыс көлеміндегі көшелердің 28 пайызы егемендігімізге сай келмейтін қисынсыз атаулар. Бұл, әсіресе Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Саран қалаларында, Осакаров, Абай, Бұқар жырау аудандарында кең көрініс тапқан. Соңғы жылдары ономастика жұмыстарын жүргізуге жарияланған мораторийлерге байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұрды. Ұлттық санақ пен сайлау науқаны кезінде азаматтардың мекенжайындағы мәліметтердің дәлдігіне көз жеткізу үшін уақытша бірнеше мараторий жарияланды.
Қарағанды ономастикасы қайта жанданып, өзінің тарихи атаулары қалпына келген кезең 1990-2000 жылдар болды. Ұлттық ономастиканың дерек қоры мен ғылыми-тұжырымдамалық және әдістемелік негіздері біршама жетілді. Бұл жылдары Қарағанды облысында бұл саясат өз нәтижесін көрсетіп, бірнеше қала, аудан, кент, ауыл және басқа да білім беру, мәдени ұйым секілді нысанның атауы өзгерді. Мәселен, Мичурин ауданы Абай ауданы, Ульянов ауданы Бұқар жырау ауданы, Совет ауданы Қазыбек би ауданы, Никольский қаласы Сәтбаев қаласы болып қайта өзгертілді.
Қарағанды – Қазақстандағы Абай атындағы көшесі жоқ жалғыз шаһар. Есесіне, Ленин көшесіне зәулім ескерткішін қондырып, жанына Ленинге арнап музей ашып, кинотеатрға «күн көсемінің» атын беріп, кеңестік кезеңді насихаттап отыр. Яғни, мемлекеттік саясат тәуелсіздік құндылықтарын, рухани жаңғыру бағдарламасын насихаттап жатса да, бұл ауқымды әрі маңызды ұлттық бастамалар «Октябрь төңкерісінің көсемі» жылжымаған Қарағандыға еш қатысы жоқ сыңайлы.
Ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы Әлиханға қиянат жасалып отыр деп есептейді.
– Әлихан Бөкейханға өз деңгейінде құрмет жасалмай отыр. Біздің әкімдіктегілер бір-екі қарсылықтан именіп, Алаш қайраткерінің атын беру мәселесін жылдан-жылға кері шегеріп отыр. Өзге ұлттарға жалтақтаудың қажеті жоқ. Біз орыс мемлекетінің тарихы мен әдебиетін Абай арқылы таныдық. Абай бізге бір ғасыр бұрын орысты танытып кетті. Біз сияқты олардың өткеніне құрметпен қарайтын ел жоқ. Ал біз өз тарихымызды, елдігімізді осындағы өзге ұлт өкілдеріне әлі таныта алмай отырмыз. Олар біздің тарихты білмейді. Сол себепті қарсы болып отыр. Өз ардақтыларымызды біз құрметтемесек, басқалар сыйлай ма? Әлиханды террорист деп айтыпты «Сарыарқа» клубында. Оларға тек сондай ақпарат берілген. Жергілікті билік осы уақытқа дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, Әлиханның кім екенін олар қайдан білсін? Әлиханға аудан атын беруді қоғамдық талқылауға салудың өзі ұят мәселе. Оны дауысқа салмай ақ беру керек», – деді Серік Ақсұңқарұлы.
Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Алаш ардақтысының есімін даулап жүргеніне аз уақыт болған жоқ.
– Осы облысты басқарған бірнеше әкімнің қабылдауында он-он бес рет болып, осы мәселені көтердім. Еш нәтиже жоқ. Бұл ауданның бұрынғы аты Сталин болатын. 1964 жылы Октябрьге ауыстырды. Содан бері 45 жыл өтті Октябрьдің атын жамылғанына. Ол тарихи атау емес. Кеңестік кезең қанына сіңіп кеткендер қимай отыр. Мәселен, Спасскіде қуғын-сүргін көргендерге арнап елу-алпыс ұлтқа монумент орнатылған. Оның ішінде қазаққа арналған ескерткіш жоқ. Сол қырғында қазақтың үштен бірі қырылды. Мен осы туралы ішкі саясатқа айтқанмын. Қай жерге қояйық деп сұраған, сол күйі із-түссіз кетті, – дейді белсенді.
– Біз, қазақ халқы Әлиханның қадіріне жеткен жоқпыз. Оның бір көрінісі жер-жерде Әлиханның атымен аталатын елді мекендер мен мекемелер жоқ. Ол әуелі туған жері Қарағандыдан басталуы керек. Сонда бұл біздің Әлиханның алдындағы парызымызды өтегеніміздің көрінісі болар еді. Алашқа мүлтіксіз қызмет еткен Әлиханды бағалап жатса, қазақ халқының, Қарағандының көрегендігі болар еді. Әлихан – достықтың символы. Ол тең құқықтық мемлекет құрғысы келді. Әлихан еш ұлтқа жат емес. Бүкіл адамзаттың бақытын армандаған тұлға, қазақтың ұлт көсемдерінің бірі. Октябрь ауданына Әлиханның есімі берілгені дұрыс деп ойлаймын, қолдаймын, – дейді жазушы Дидар Амантай
Бүгінде облысқа келген жаңа басшының қарқыны қатты. Әлеуметтік желілерде халықпен тікелей байланысқа шығып, мәселенің тамырын дөп басуда. Шалғай аудандарды аралап шықты. Алайда Әлихан мәселесі тағы да назардан тыс қалып барады. Ұлт көсемінің атқарған еңбегі, оны қазіргі және кейінгі ұрпаққа паш ету бір ауданның атауын ауыстыруға қарап қалмағаны белгілі. Алайда қазақ үшін келмеске кеткен қанқұйлы Октябрьден еліне еңбегі сіңген Алаш арысы анағұрлым жақын әрі ардақты екенін еске салғымыз келеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы