Qazygurtfilm киностудиясының төл туындысы «Балуан Шолақ» көркем фильмі Үндістандағы Халықаралық кинофестивальде жүлде алды.
Осымен 50-ші рет өткен «А» дәрежелі IFFI-2019 кинофестивалінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 300 фильм бақ сынады. Соның ішінде 60-тан астам фильмнің әлемдік тұсауы кесілді. Сценарийін Дулат Исабеков жазған, Нұргелді Садығұлов режиссерлік еткен фильм «Алтын павлинге» ие болды. Сыйлықты Нұргелді Садығұлов пен актер Еркебұлан Дайыров алып қайтты.
Туындының қоюшы режиссері Нұргелді Садығұлов салтанатты кештегі әсерімен бөлісіп, байқаудың маңызын айтып берді.
– Үндістанның Гоа қаласында 50-халықаралық «Алтын павлин» кинофестивалі өтті. Байқауға 300-ден астам кино қатысты. Біз қатысқан бөлімде 60-тан астам кино болды. Бұл негізгі конкурсқа жатпайды. Әлемдік премьера деп белгіленеді. 60 фильмнің ішінде 6 фильм арнайы жүлдеге ие болды. Еркебұлан Дайыров екеумізге «Алтын павлин» сыйлығын табыстады. «Балуан Шолақ» фильмі арқылы елімізді, балуан атамызды таныстырып қайттық. Көпшілік жылы қабылдады, зал лық толды. Осының арқасында басқа кинофестивальдерден де шақыру түсті,– деді режиссер.
Сонымен бірге Нұргелді Серікұлы қазақ киносын Үндістанның жылы қабылдағанын жеткізді. Еліміздің табиғатына тамсанып, ұлттық мәдениетті, өнерді киноға арқау еткенімізге тәнті болыпты.
«Фильмде оларға ең қатты ұнаған дүние – біздің елдің табиғаты. Балуанның ерлігі. Өйткені үндіге өте жақын тақырып екен. Өздерінде де «Балуан Шолаққа» ұқсас елін-жерін қорғаған батырлар бар екен. Олар соған ұқсатты. Драматургиясы ұнады. Қонақүйге тоқтаған бірінші күннен Еркебұланды «Балуан Шолақ» деп елдің бәрі танып, алдынан шығып жатты. Фестиваль ерекше әсер сыйлады. Туындыда Кереку, Жалаңаш, Кеген, Көкшетау, Зеренді, Бурабай, Алматы өңірін түсірдік. Тұмса табиғат шетелдіктерді де тамсандырды. Тіпті «сендерге келіп кино түсірсек бола ма?» деп сұрақ қойды. Елімізде «Ұлттық киноны қорғау» орталығы барын, сол жерде жұмыс істеуге жағдай жасалғанын айтым. «Балуан Шолақтың» Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілгенін, бас продюсері Сәбит Әбдіқалықовтың еңбегін атап өттім», – деді ол.
Әлемдік премьерасы Гоада өткен көркем фильмді «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеарнасы эфирден көрсетті.
Айбике ЖАНАСЫЛ