«Садақа терминалы» керек

«Садақа терминалы» керек

Осыған дейін садақаны арнайы жәшіктерге салып келсек, енді оны терминал арқылы да беруге болатын болды. Садақа жәшіктерін электронды қондырғылар алмастыратыны туралы биыл көктемде Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі хабарлаған еді. Жаңа терминалдардың жаңалығын жамағат қалай қабылдады? Бұл дұрыс па? Осы сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Бүгінде еліміздің барлық мешіттеріне садақа қабылдайтын терминалдар қою жоспарланып отыр. Бұл қаржылық ашықтықты қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда. Дәл қазір елорданың 12 мешітінде садақа салатын QIWI электронды тер­миналы орнатылды. Облыс орталықтары мен рес­публиканың барлық мешіттерінде аталған терми­­нал­дарды орнату жұмысы біртіндеп жүргізілуде.

Мешіт қызметкерлерінің пікірінше, бұл адам­дар­дың пітір-садақа беруіне ыңғайлы болу үшін жа­салған. Бірақ «жаңа бастама садақаға жиналған қа­ражатты қадағалау үшін қажет» деушілер де көп.

Нұр-сұлтандық Ернұр Алмағанбетов мешітте ондай терминалдың барын білсе де, пітірді жәшік­ке салады. Сосын оны мұқтаж жандарға ғана беруді дұрыс деп есептейді. «Садақаның электронды түрін өз басым қабылдай алмаймын. Оның пайызын бұл терминал бәрібір ұстап қалады. Бұл – бір. Екіншіден, садақа деген нәрсе ол ойыншық емес. Оны адам жанының, малының амандығы үшін, жоққа қайырым етіп береді. Оны өз аяғыңмен жүріп кеп бергеннің, беріп, кері қайтқаныңның да сауабы мол. Осы жағын да ойластыру керек сияқты» дейді ол.

Сәдуақас Ғылмани мешітінің бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлының айтуынша, пітір, зекет, садақаға арналған электронды қондыр­ғы орнату бастамасын мешіт басшылығы қолдағаны­мен, терминалға түскен ақшадан алынатын ко­мис­сия төлеміне діни алқаның кейбір мүшелері қар­сы болыпты.

«Мәселен, біздің мешітке айына 2,5-3 миллион теңге түседі. Сонда біз айына 10 пайызын, яғни 300 мың теңге төлеуіміз керек болды. Сосын ақсақалдар «Біз мұны неге төлеуіміз керек?» деген мәселе көтерді. Мұндай комиссия алынбаса, мешітке тиімді болады» дейді ол.

Ал дінтанушы Елдос Ералы: «Садақаны жәшікке емес, терминалға салу – мешітке түсетін қаржының ашықтығына жамағаттың сенімін күшейту үшін керек. Үлкен қалалардың орталық ме­шіттерінде, әсіресе, Рамазан айларында ха­лық­тан көп көлемде садақа түседі. Күніне не­­месе аптасына берілген қаражат ондаған мил­­лион тең­гені құрайды. Жәшікті ашқан дін қыз­мет­кер­лері тарапынан жемқорлық әре­кет болуы да мүмкін. Бұл, әрине үлкен күнә. Сон­дық­тан терминал болғаны дұрыс. Оның үстіне садақасын жасырын бергісі келетіндер бар. Осын­дай кезде терминалдың көмегі көп. Өйткені элек­тронды садақаны байқатпай беру жеңіл» дейді.

Терминалға салынған қаржының көлемі бірден орталықта көрсетіледі, яғни ол ақшаны қолды қылу мүмкін емес.

Сондай-ақ ол «банк те еңбегіне қарай та­быс табуы керек» екенін айтып, оның терми­нал­ға түскен ақшадан комиссия төлемін алуын қол­­дады. Мұны ол кез келген адамның ком­му­нал­дық қызметке – газға, электрге, телефонға ақы төлегендегі сияқты алынатын төлем деп түсін­діреді.

«Бүгінгі мына алмағайып заманда біз садақаны басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде не болмаса орнымыздан тұра алмай жатып қалған кезде, бір бәле қырсықтан аман қалғанымызда, жолы­мыз ашылмай, ісіміз алға баспағанда бере­міз. Рас, садақа беру – сауапты іс. Бірақ оны бір­де­­ңеден қорқып не болмаса шошынғанда емес, төрт мүшеміз сау кезінде, Алланы ұмытпай, Жаратушы иеміздің ризалығы үшін қаншалықты көп берсек, сауабы да соншалықты көп болмақ. Оны қалай бергенің маңызды емес. Қазір сада­қаны жинап, мұқтаж жандарға жеткізетін мықты қорлар жұмыс істеп отыр. Терминалда да солардың аттары көрсетілген. Олардың елімізде жұмыс істеп келе жатқанына біршама уақыт болған. Сондықтан жұмысбасты адамдар үшін, үнемі асығып жүретін жандар үшін терминал тиімді дер едім. Ең бастысы адамның ниетінде тұр мәселе. Ниетің садақа екенін дәлелдеп, салсаң болды. Сосын оның жеткізілуін тиісті орындар қадағалап, өздері жауап береді» дейді ол.

 

Ақбота ӘЛІМ