Өңірлік ынтымақтастықты жетілдіру маңызды
Өңірлік ынтымақтастықты жетілдіру маңызды
314
оқылды

Сыртқы саяси зерттеулер институты 2020 жылғы жұмысын қорытындылады. Жылжабар отырысқа институттың директорлар кеңесін басқаратын Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

Шара аясында ССЗИ басқарма төрағасы Айымдос Бозжігітов Қазақстанды қызықтыратын өзекті проблемалар бойынша биылғы институт жүргізген көлемді және жан-жақты ғылыми-талдау жұмысы туралы хабардар етті. Еліміздің сыртқы саясатының өзекті бағыттарын іске асыру бойынша практикалық ұсынымдарды әзірлеу кезінде басшылыққа үнемі ұсынылатын және назарға алынатын болжамдық-талдау құжаттарының сипаты сөз болды. Аталған құжаттардың ауқымы геосаясат, экономика, энергетика, адам құқықтары, экология, көші-қон, қауіпсіздік салаларын, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қамтыды. Сенат Төрағасының орынбасары институттың жұмысына оң баға беріп, тәжірибелі дипломаттардан, соның ішінде төтенше және өкілетті елшілерден тұратын оның ұжымының жоғары кәсібилігін атап өтті. «Қалыптасып отырған қазіргі жағдайда аумақтық тұтастық пен егемендікті қамтамасыз ету, әсіресе оларды мазмұндық тұрғыдан байыту мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Шекара маңы байланыстары, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, есірткі трафигіне қарсы күрес, адам саудасы желісі бойынша өңірлік ынты­мақтастықты жетілдіру де аса маңызды. Бұл күн тәртібі Мемлекет басшысының АӨСШК-ті Азиядағы қауіпсіздік пен даму жөніндегі толыққанды ұйымға айналдыру жоспары аясында ерекше маңызға ие», – деді А.Шәкіров. Министр М.Тілеуберді жыл қорытындысын шығара келе, институттың жаһандық саясаттағы, әлемдік экономикадағы және халықаралық қауіпсіздіктегі өзекті трендтерді зерттеудегі қызметінің жоғары нәтижелеріне екпін түсірді. Сондай-ақ елдің ұлттық мүдделерін тиімді қорғау үшін әлемдік және өңірлік процестерге жоғары сапалы ғылыми-зерттеу сараптамасын жүргізудің маңызына тоқталды. Кездесу қорытындысында «ССЗИ» АҚ өзін елдің сыртқы саяси бағытын сараптамалық тұрғыда қолдау жөніндегі «ақыл-ой орталығы» ретінде көрсете білді деген ортақ пікір айтылды.

Айхан ШӘРІП