Дипломаттар туралы заң қабылданады
Дипломаттар туралы заң қабылданады
5,282
оқылды

Мәжіліс жылжабар отырысын өткізуге әзір­ленуде. Ол жиында депутаттар бір­қатар маңыз­ды халықаралық ке­лісімдерді рати­фикация­лайтын жаңа заң жобаларын қа­райды. Осы орайда Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығ­матулиннің төраға­лығымен палатаның бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәр­тібінің жобасы қа­лып­тастырылды.

Алдағы апта басында депутаттар қарауына дипло­матиялық қызмет туралы заң жобасы ұсынылады. Бұл құжатты қабылдау дипломатиялық қызмет органдары жүйесінің қызметін нормативтік реттеуді жетілдіруге, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеу үшін дипло­матиялық қызмет қызметкерінің ынтасын арттыруға, осы органдардың қаржылық тәртібін нығайтуға және олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ратификацияланатын заң жо­балары да талқыға салынбақ. Олардың қатарында бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісім, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама бар. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты, өнер­­кәсіптік қауіпсіздік және ғылым мәселелері бойынша заң жобаларын екінші оқылымда қа­рамақ. Күн тәртібінің жобасына сәйкес, инклюзивті білім беру туралы заң жобасымен жұмысты одан әрі жалғастыру көзделген. Сондай-ақ Палатаның алдағы жалпы отырысында сот-сараптама қызметі мәсе­лелері бойынша заң жобасын жұмысқа алу жосп­арланған.

Елдос СЕНБАЙ