– Асанәлі аға, өзіңіз ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілді. Құтты болсын!
– Ұлттық театр деген мәртебеге бұл ұжым әбден лайық, еңбегі сіңген. Театрдың ғасырға жуық тарихында көптеген спектакль қойылды. Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ерекше қолтаңбасымен көпшіліктің жүрегінен орын алған талай талант иесі осы жерде шыңдалды. Бір сөзбен айтқанда, өнер иелерінің тұтас мектебі қалыптасты. Елдің құрметі, еңбектің бағаланғаны, атақ-абырой бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Соны сезіну керек. – Қазір көптеген тарихи фильм түсіріліп, көрерменге ұсынылып жатыр. Солардың ішінен көңіліңізден шығатындай фильмді айта аласыз ба? Шәкен Айманов ағамыздың бір арманы – «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша фильм түсіру болған екен. Ол арман күйінде қалыпты. Осы жайлы да тоқталсаңыз. – Рас, соңғы жылдары қазақ хандары, батырлары, Томирис туралы фильм түсірілді. «Менің көңіліме қонды, осы өз дәрежесінде шыққан фильм» деп ешқайсысын атай алмаймын. Жалпы, өмір басқа, өнер басқа. Тарихтан өнер жасау керек. Кино – бәрінен бұрын өнер. Түсіріліп жатқан фильмдерде өнер аздау. Атшабыс, атүсті сөйлеу басым. Кинода бір-біріне қарым-қатынас, сыйлау, ұлы тұлға, үлкен-кіші әрқайсысы рөлдерде өз орнында болуы керек. Сол мәселе атүсті жасалады. Сондықтан маған көп жері ұнамайды. Түсіріліп жатқан фильмдер көп болғанымен, бөле-жара «Апыр-ай, мына кейіпкерді шығарыпты-ау» деп ауыз толтырып айтатыны болмай тұр. Қазақ мемлекетін құру Керей мен Жәнібек ханнан басталады. Олардың хандық құруы, сол кездегі қиыншылықтар, барын салып елдің басын қосып, мемлекет құруы – міне, осы деңгейде шығып жатқан фильмді көре алмай отырмын. Мүмкін көрерменнің де деңгейі сол қалыпта ма екен, оларға ұнайтын болар. Ал біз осы жолда жүргеннен кейін осы саланың бақайшығына дейін шағып, көп нәрсені бағдарлап түсінетіндіктен, көңіліміз толмайтыны анық. Мәселен, биыл Абай жылы болғандықтан ұлы тұлға жайлы спектакльдер қойылып, фильмдер түсіріліп жатыр. Үлкен дәрежеде, Абайдың деңгейінде түсірілсе екен деген арманымыз бар. Абайдың әр сөзінің өзі үлкен фильмге арқау. Сөз саптау, ғұламаның ойын, сөздерінің астарын жеткізу жетпей жатыр. Абай сөзінде астар көп. Соның бәрін ашу – біздің актерлік міндетіміз. Сол үшін кәсіби актерміз. Абайдың деңгейінде халыққа жеткізу, «Апыр-ай, осылай екен ғой» деп көрерменнің таңғалуы болуы керек. Бұл жерде актерлерді кінәламаймын, кінә – режиссерлерде. Солар жұмыс істеуі керек. Рас, «Атаманның ақырын» бітірген соң Шәкен Аймановтың үлкен жоспары болды. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша фильм түсіру болатын. Алайда бұл фильмді түсіру біздің маңдайымызға жазбапты. Өкінішке қарай, ол небәрі 56 жасында, талантының нағыз толысқан шағында өмірден озды. «Атаманның ақыры» – Айманов шығармашылығының биік шыңы. Егер ол «Абай жолы» фильмін түсіретін болса, оны да жоғары деңгейде көпшілікке ұсынар еді деп ойлаймын. – Өзіңіз басты рөлдерді сомдаған осы – «Атаманның ақыры» мен «Қыз Жібек» фильміне биыл 50 жыл толды. Кинокартинаның әлі де көрерменнің көңілінен шығып, экраннан түспей келе жатқанының сыры – фильмнің таспаға түсірілген әрбір эпизодына аса сын көзбен қарап, нағыз керек жерлерін таңдап ала білгендігінде сияқты. Ал соңғы кездері түсіріліп жатқан фильмдерде қаймағымен қоса суын да пайдалана беретіндей. Бір қайнауы ішінде, шала дүниелер үлкен экранға шығып кетіп жатқаны көрерменді де қынжылтады. – Бұрын пленкаға түсіретін, қазір сандық технология. Мұнда дубль жоқ. Бар болғанның өзінде көп болса екеу ғана. Сондықтан маңызы төмендеу. Біз, мысалы, «Қыз Жібекті» екі жылдан астам уақыт түсірдік. Қазір бір аптада бір серия түсіре береді. Оның қандай қасиеті болады? Не актердің дайындығы жоқ. Бұрын режиссер актермен репетиция жасайтын. Әбден піскенде ғана түсіруге кірісетін. Қазір актермен жұмыс істейтін режиссер жоқ. Кинорежиссерлердің көбісі бәлду-шалду. «Ұлы дала зары» көркем фильмі «Оскарға» ұсынылып отыр. Бұл фильм маған тіпті ұнаған жоқ. Натурализм. Ең былық, реңсіз, өспейтін халықтың тарихын берген. Ол фильмді көрген шетелдіктер «Сырт әдемілігі, ішкі ойы жоқ бұл қандай халық?» деуі мүмкін. «Қыз Жібек» фильмін шетелдіктердің көргенде таңғалғанына өзім куә болғам. «Бұл қай ғасыр?», «Қазір де жағдайларыңыз осындай ма?» деп сұрақтың астына алған. Оларға ХІІ-ХІІІ ғасыр деп түсіндірдік. «Сол кезде мынадай дәрежеде болу – киім киісі, жүріс-тұрысына қарап бұл халықтың қазір қалай өскені айтпаса да түсінікті» деп жоғары баға берді. Ал енді «Ұлы дала зары» фильмін көргенде өзге елдердің біз туралы пікірі төмен болуы мүмкін. Мұнда өнер жоқ, өмір бар. Халық аш, жалаңаш, мұнда жаман өмір бар. Ондайды қабылдай алмаймын. Біз ғылымда, әдебиетте, өнерде ұлылардың көзін көрдік. Мұхтар Әуезов, Мұқан Төлебаев, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландарды үлгі тұттық. Солардың тәрбиесімен, тәжірибесімен, әңгімесімен өстік. Бізге үлкен деңдейде болмаса, анау-мынау ұнауы өте қиын. Қазақстанның Ғылым академиясы Кеңестер Одағында екінші, үшінші орында тұратын. Барлық салада институттар жұмыс істеді. Қазір сол Ғылым академиясын таратып жіберді. Мен оған қосылмаймын. Өйткені ол халықты тұқырту, халықты төмендету, өсірмеу, өздерінен асырмау. Басшылардың көбі эгоист болады. Ол тек бірінші боп тұру керек. Өйткені үлкен ойлы адамдарға қарағанда надан халықты басқару оңай. Мені осындай ойлар мазалайды. – Қырыққа толмай, Қазақстанның Халық әртісі, көп ұзамай КСРО халық әртісі атағын алдыңыз. Атақ, абырой біреулерді қанаттандырып, шабыт берсе, кейбіреулер мұндай атақ, абыройды көтере алмай қалып, түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Осы бір кезеңнен сіз қалай өттіңіз? – Мен әкесіз жетім өстім. Соғыс жылдары жоқшылықта өстік. Сондықтан менде дандайсу деген жоқ. Қазақтың «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» деген сөзі дәл бізге айтылған. Сол отыз бен қырықтың ортасы актердің нағыз дер шағы. Энергия бар, ақыл-ойдың толысып келе жатқан кезі. Сахна, экран. 31-32 жасымда «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырына» қатар түстім. 37 жасымда «Транссібір экспресіне» түстім. Осы үш фильм менің трилогиям іспетті. Осы үш фильм менің актерлік дәрежемді өсірді. Театр сахналарында да үлкен спектакльдер қойылды. Менің бақытыма Әзірбайжан Мәмбетов кездесті. Өзімнен 4-5 жас үлкен Әзекеңмен табан тіресіп, үзеңгі қағыстырып жұмыс істедік, бірімізден біріміз үйрендік, өстік. Бірімізден біріміз алып-беріп, келісіп-келіспей, айтысып-тартысып жұмыс істедік. Сахнада тартыстық, өмірде дос болдық. Өнерге келгенде «иә» деп бас изей салу болған жоқ. Әбден саралап, талқылап, қайсысы дұрыс деген қорытындыға келсек, сахнаға сол шығады. Өйткені рөлді ойнайтын – мен. «Халықтың алдына шығатын – мен, бұл рөлді осылай ойнағым келеді» деп өз ойымды айтам, ол өз пікірін айтады. Сол екі ортада өнер туады. Өнер үшін бір мәмілеге келеміз. Қазір режиссер мен актер арасында осындай байланыс, қарым-қатынас жоқ. Кинода да, театрда да мықты режиссер болмай тұр. Режиссер орта болмауы керек, қайта актердан бір бас жоғары тұруы тиіс. – Өзіне берілген рөлге дайындықсыз келуі актерлардың той жағалап, түрлі кештер жүргізіп кеткені шындығына келгенде материалдық жағдайға да байланысты. Егер пәтерін беріп, жалақысы күнделікті сұранысқа сай болса, бар жанын салып өнер көрсетер ме еді?.. – Бұл, әрине тек материалдық жағдайға байланысты. Қазіргі әртістер дедектеп тойға барады, жүгіріп театрға келеді. Сонда сахнаға не қалады? Бізге олай жүруге рұқсат бермейтін. Бүкіл энергия сыртқа кетеді. Той басқарып келеді де, кешке театрда Абылайды, Абайды ойнайды. Оны көрермен қалай қабылдайды? «Ей, мынау кеше тойда жүрген бала ғой» дейді. Актердің бір-ақ беті бар, ол тек сахнадан, экраннан ғана көрінуі керек. Көрермен сол бетті көруге құштар болуы керек. «Ойпырым-ай, сізді тірі кезіңізде де көрдік-ау» деп талайлар айтты. Таяуда бір әнші «Сізді мен алғаш көргенде түнімен ұйықтамадым» деді. Бұл – халықтың актерге деген құрметі. Бізге, тіпті көрермен залына шығып, аралап жүруге рұқсат бермейтін. Актер өз бетін сыйлауы, көрерменге сахнадан көрсетуге сақтауы керек. Той басқару, әне жерден, мына жерден көріне беруді құптамаймын. Кейінгі отыз-қырық жылда кейіпкер тумай келеді. Мысалы, менің атым мен Бекежан қатар жүреді. Кейде, тіпті Бекежан мырза дейді. Мен режиссерге «Ол ғасырда қазақта сүйкімсіз, жағымсыз адамдар болмаған» деп Бекежанды барынша жақсы қырынан көрсетуге тырыстым. Ол да өз кезеңінің батыры. Қызға таласу бар. Демек, оның жүрегі бар. Өлтіру – қызғаныш. Осылайша, жағымсыз кейіпкер бола тұра, ел Бекежанды сүйкімді етіп қабылдады. Францияға фильмді көрсетуге барған сапарымызда бір топ қыз келіп: «Қыз Жібек дұрыс таңдау жасамады» деп өз пікірлерін айтқан. Өзі ойнаған кейіпкерін сондай дәрежеге жеткізу – актердің міндеті. Қазір елдің аузында қалатындай, жүрегінен орын тебетіндей образ болмай тұр. Қазақта тарихи материалдар мол. Абылай бастаған қаншама тарихи тұлғаларымыз бар. Бірақ соны лайықты көрсете алмай келеміз. – Бір кездері өзіңіз де М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрын басқардыңыз. Бірақ сол орынға баруға аса құлшыныс танытпаған екенсіз. Тіпті, бір сұқбатыңызда ұжым басқару, әсіресе шығармашылық ұжым басқару азаптың азабы екенін айтыпсыз. Осы сөзіңізге қарағанда өзіңізге қатты сын көзбен қарайтындайсыз. Қателікке ұрынбау үшін шығармашылық пен менеджерліктің аражігін қалай ажыратуға болады? Кейінгі буынға осы жағынан қандай кеңес айтар едіңіз? – Әзірбайжан Мәмбетов Мұхтар Әуезов атындағы театрды отыз жыл басқарды. Осы уақыт аралығында театрды Кеңестер Одағындағы мықты төрттіктің қатарына қосты. Әзекеңнің Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға барғаны, жарақат алғаны оның қызметтен кетуіне бірден-бір себеп болды. Түртпектей берген соң ақыры арызын жазып, кетуге ыңғайланды. Театрдың директоры қызметіне ұсынғанда көпке дейін барғым келмей, келіспей жүрдім. Мәдениет министрінің орынбасары Әшірбек Сығай «Бір жыл тұра тұрыңызшы» деп сұрады. Әзекең өзін қызметтен жібермейді деп ойлағанын кейін түсіндім. Адамды, талантты қадірлей білу керек. Жасыратыны жоқ, талантты қадірлеу жағынан кемшін тұстарымыз бар. Бізде іштарлық, қызғаныш көп. Мен бірде газетке «Дұшпаның көбейсін!» деген тақырыппен мақала бергем. Сен жарқырап шыға бастаған сайын қасыңдағы досың теріс айналады. Онда қызғаныш туады, сосын ол біртіндеп сенің жауыңа айналады. Дәрежең өскен сайын дұшпаның көбейеді. Соның бәрі қызғаныштан туады. Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық. Не керек, театрға еңбегі сіңген, оны әлемдік деңгейге көтерген Әзекеңді ақыры орнынан алды. Ал менің бекітілген рөлді ойнап, сахнаға шығып жүргеннен басқа ештеңеден хабарым жоқ. Көп ұзамай оны түсіндім, бір жылдан кейін директорлықты басқаға өткізіп құтылдым. Менің түсінігімше, театрда басты тұлға режиссер болуы керек. Кейінгі кезде актерлар директор болып жатыр. Мен соны аса құптамаймын. Жақсы жұмыс істесе, актер сол актерлығымен тарихта қалады. Тарихта қалған бір директорды білмеймін. Актердің мықтысы ғана халықтың алдында болады. Өз өнерімен халықтың көңілінен шықса, ол өзінің міндетін жоғары деңгейде орындаған азамат. – Хабиба Елебекова апамыз 93 жасында «Біржан сал» фильміне түсті. Өзіңіз де «Осы рөлді сомдасам екен» деп жүректің түкпірінде сақтап жүрген арманыңыз бар ма? – Оң жамбасыма келетін рөл жоқ, сондықтан бармаймын. «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» фильмдеріндегідей рөл жоқ. Ұсыныс көп, бірақ шақырды екен деп бара бермеймін. Өз көңілімнен шықпай тұрған рөлге түсіп, көрерменді қалай сендіремін? Ел «Мынау ақша үшін жүр ғой» дейтіні анық. Образ шығармағаннан кейін бәлду-бәлду рөлдің не керегі бар. Осындай рөлге өмірімде бір-ақ рет бардым. Үй салып жатыр ем, ақшам жетіңкіремей тұрғанда бір сериалға шақырып, соған түсуге келісім бердім. Сол фильмді көрсетпесе екен деп тілеп жүрмін. Әрбір рөлге өте талғаммен бару керек, бұл көрермен алдындағы жауапкершілік деп түсінем. Актер үшін көрермен бәрінен биік тұруы керек. – «Асанәлінің әнін» естіген жанның тебіренбеуі мүмкін емес. Ел «Жүректің түбіндегі сағыныш сезімі мен болашаққа деген қуаныш сезімін оятатын ән» деп игі тілектерін білдіріп жатыр. Осы ән туралы айтып берсеңіз. Идея кімдікі? – Бұрын үлкендер арасында достық көп болатын. Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның, Мұхтар Әуезов пен Қалибек Қуанышбаевтардың достығы мығым болатын. Олар аңызға айналған достықтар. Қазір өз қатарластарымыз азайды. Өзіміз еңбек етіп жүрген театрдың ең үлкендері – Сәбит Оразбаев, Есмұқан Обаев және мен. Біз бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсінеміз. Ал Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев – менің іні-достарым. Еліміздің әр өңірінде болып жатқан айтысқа барамыз, шахмат ойнаймыз, кездесіп ой бөлісіп тұрамыз. «Асанәлінің әні» – Алтынбектің бір жыл бойы ойланып, мені «зерттеп» шығарған әні. Сөзі – Жүрсін Ермандікі. Іні-достарымның маған арнап шығарған әні. Ән дайын болғанда мені шақырды, тыңдадым. Аздап репетиция жасап едім, жүрегіме қонды. Қоңыр дауысыммен орындап шықтым. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді деп ойлаймын. Менің жүрегімнен шықты, жылап отырып жаздым... Бұл әнге клип түсіруді жоспарлап жүрміз. Әдемі көріністермен сапалы клип түсірсек, сонда ән сәніне келеді. – «Айқын» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз? – Газет – шығармашылық ұжымның еңбегі. Газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Газеттің «Айқын» деген аты жақсы. Газет елде, әлемде не болып жатқанын жан-жақты қамтуға тырысып жатқанын байқаймын. Оқырмандар белгілі тұлғалардың өмірі, жетістіктері жайлы білгісі келеді. Сол үшін рухани, танымдық дүниелерді көбірек берсеңіздер екен. Оқырмандар газет оқысын, білімін асырсын! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ