Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары рейстік шағын автобустың жолаушыларына көмектескен.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, түн кезінде Аягөз қаласынан 305 шақырым жердегі «Алматы – Өскемен» тасжолының 805 шақырымында келе жатқан шағын автобус сынып қалған. Рейстік «Газельде» 14 жолаушы болды. Олар бірден «112» қызметіне хабарласқан.
«Оқиға орнына келіп жеткен №22 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жолаушыларды Аягөз қаласына жеткізіп, жергілікті спорт мектебіне орналастырды. Ал шағын автобус Аягөзге арнайы техникамен сүйреп апарылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД тұрғындарға алыс сапарға шыққан кезде Darmen мобильді қосымшасы арқылы жолдардың жай-күйі туралы алдын ала біліп алуға кеңес береді.